Мінеки, мұсылман жұртшылығы жыл сайын асыға күтетін Құрбан айт күндеріне де таяп отырмыз. Бұл күндерде Алла разылығы үшін мал шалынып, арнайы ас дастарханы жайылып, Құрбан шалушының өзі де, өзгелер де мәре-сәре қуанышқа кенеледі. Бұл күндердің ұлықтығы сол - мұнда адам баласы өз Жаратушы Иесіне жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. «Құрбан» сөзінің араб тілінде «жақын болу», «жақындау» мағынасында келуі де осыны аңғартпай ма? Олай болса, құрбандық шалуды мал сою, қан шығарудан бұрын тап осы Аллаға жақындау тұрғысынан түсінген абзал.
Шариғат ілімі бойынша Құрбан шалу - Ибраһим пайғамбардан қалған үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз серттеріне мықтылығы мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді. («Хаж» сүресі, 37)» делінген.
Міне, бұл аятта құлшылық ретінде сойылған құрбанның маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде. Құрбан шалынып жатқанда көбірек айтылатын дұғаның бірі «Аллаһумма минкә уә ләке» - (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) болуы тегін емес. Сондықтан бүкіл мал атаулыны толығымен Адам еркіне жығып берген Алла Тағалаға шүкіршілік жасауды осы күндерде әдеттегіден де көбейткен дұрыс. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) "Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұрып, құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!", - деген хадисі құрбан шалу мерзімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді, һәм сараңдық танытып, бұйрықты орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді. Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне ұқыптылықпен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла Тағала назарына ілігуге, Оның разылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Құран Кәрімде Адам (а.с.) атамыздың дәуірінде де құрбандықтың тек Алла разылығын іздейтін ықыласқа қарай қабыл болатыны туралы хабар бар. «Маида» сүресінде: «Оларға Адамның (а.с.) екі ұлының әңгімесін оқып бер: «Сол уақытта екеуі Аллаға жақындауға құрбан шалған еді. Сонда (ол) бірінен қабылданып, ал екіншісінен қабылданбады.» (Құрбаны қабыл болмағаны): «Әлбетте, мен сенді өлтіремін,» - деді. (Екіншісі): «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді,» - деді. «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаспын. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!» делінген («Маида» сүресі, 27-28-аяттар). Раббымыз Құрбандықтың сонау ықылым заманнан келе жатқан құлшылық екендігін және оның қабыл болуы үшін тақуалық керектігін көрсетіп берді. Демек құрбандықты, ең алдымен, тақуалық пен ықыласпен безендіруіміз керек. Оны Алла тағаланың бізді көріп тұрғанын сезе отырып атқаруымыз ләзім.
Дініміздің тарихындағы Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмайылдың бұл ғибадатты атқаруынан алынатын сабақ та ерекше. Бұл оқиғаны ғұламалар қаншалықты көп айтса да, әр есіткенде, әке мен ұлдың әрекеттерінен жаңаша қуат алатынымыз рас. Бұл оқиғада атасы мен баласы қатар сынға түседі. Мұнда жас Исмайылдың Раббысына деген сүйіспеншілігі мен мойынсұнушылығы кімге болса да үлгі боларлық. Оның қасқайып тұрып: "Әкешім, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын орында. Ал мен сабырлылық танытармын. Тәуекел ет", - деуі нені көрсетеді? Әрине, терең тақуалық пен шынайы ықыласты паш етеді. Ал әкесінің де жайшылықта тасты қақ жарып тұрған өткір пышағын бауыр еті баласының мойнына бірнеше рет батыл салуынан Жаратушы пәрменін орындауға деген ынта-жігерді аңғарамыз. Бұдан алынатын сабақ қайсы? Жаратушысы талап еткенде, сынға түскендердің екеуі де ең қымбаттысын қиюға әзір болғандығы нағыз иләһи тәлім емес пе? Осылайша, Ибраһим (а.с.) пайғамбар да, ұлы Исмайыл да сыннан мүдірмей өтіп, Алла Тағаланың разылығына қауышты. Олай болса, біздің де құрбандық шалудағы ойымыз бен мақсатымыз Ұлы Жаратушының ризалығына жету ғана болмағы керек.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына бір хадисінде: «Құрбан күнінде адам баласы қан шығарудан сүйкімді ешбір іспен Ұлы Аллаға жақындай алмайды, қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді, Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланы құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар.» Хадистен «Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланы құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді» деген сүйінші хабар бар.
Алланың елшісінен саңлақ сахабалары білмегендерін сұрап алушы еді. Олар бірде: «Осы құрбандық деген не?» деп сұрады. Сонда Алланың сүйікті құлы: «Бұл Ибраһим бабаларыңыздың сүннеті» деп жауап берді: Сахабалар: «ол амалдан біздің алар сауабымыз қаншалық?» деп сұрақтарын жалғай түсті.
- Оның әрбір қылы үшін бір жақсылық жазылады.
- Ал жүнді мал (қой) болса ше?
- Жүннің әрбір талы үшін де бір жақсылықтан жазылады. Содан соң Пайғамбарымыз екі қошқар алып, бірін өзі үшін, екіншісін үмметін атап шалғандығы хадис кітаптарында келген. Мал бауыздаларда Құран аяттарынан алынған мына бір дұға оқылғаны дұрыс:
قُلْ إِنَّ صَلاَتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ {162} لاَ شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَاْ أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ{163}
«Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббы Алла үшін» де. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Мен бой ұсынушылардың алғашқысымын» де. («Әнғам» сүресі, 162-163 аяттар). Өйткені бұл нағыз ықыласты көрсететін дұға. Шынында да, тек құлшылығы мен тіршілігін ғана емес, өлімін де Алла жолына арнай білу адамның Алла Тағаламен терең байланысын көрсетсе керек.
Кейде құрбан шалуға жағдайы жоқ, яғни нисап мөлшеріндегі малы (85 г. алтынға тең ақшасы) болмаған жандар бұл күндерде Алла разылығынан құр алақан қалады ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұлай топшылау әсте дұрыс болмайды. Жіптерін күрмеуге келтіре алмай жүрген жарлы кісілер үшін шариғатымызда белгіленген жеңілдік бар, ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Осы ниеттегі тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Маған Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды", - деді. Сонда бір кісі тұрып: - Уа, Алланың Елшісі! Менде ел аманат деп табыстаған малдан басқа дүние жоқ, сол малдан қан ағызуға бола ма?", - деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырғаның да жеткілікті. Алла назарында бұл сенің құрбандық шалғаныңмен тең", - деді. Осы хадис Алла Тағаланың рақымы мен разылығы тек қана ықыластыға бұйыратынын анық сездіреді.
Шариғатымызда тұрмысы дұрыс бақуат кісілер сойған малдарынан ет үлестіріп, мұқтаж жандардың да дәмді ас ішіп, қуануына себеп болады. Осылайша тұрмысы жақсы кісілер жағдайы төмендерді шаттандырып, Исламның теңдікті насихаттайтын дін екендігін тағы да бір дәлелдейді. Өйткені дінімізде Алла Тағала: "Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер" деп бұйырып тұрғанда, дәулетті құлдардың сараңдық жасауына рұқсат жоқ («Хаж» сүресі, 22-28-аяттар).
Ойланып көріңізші, бір кісі өзі үнемі ернін майға шылап отырып, көршісіне көз қиырын да салмаса, олардың қарым-қатынасы қандай болады? Бірі екіншісіне бата беріп, жақсы тілек айта ма? Ал өзінде бардан көршісіне де ауыз тигізетін қайырлы байға қаншама дұға жасалады, жақсы тілек айтылады. Бұл да құрбандықтың бір хикметі.
Әр ісімен үмметіне үлгі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін - отбасына, үштен бірін - кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде таратқаны да белгілі. Олай болса, ұзақ уақыт бойы асына ет қоспаған жүдеу отбасыларға құрбан етін жеткізуге тырысу Алла разылығына жетудің бір жолы саналады. Алла Тағаланың кедей құлдарына жайып берген кең дастарханын осы Құрбан айт күндерінде көреміз. Олай болса, мал-дәулет пен бақ берілген кісілер өздерінің Жаратушы Иелері бұйырған ісіне сараңдық жасамауы тиіс. Құрбан айт күндері мұсылмандар арасындағы достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдері беки түседі.
Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып әр жылда айналып келіп отыратын айт намазына дайындық жасайды. Бой дәретін жаңартып, жаңа немесе таза киімдерін киіп, жұпар иіс себініп шығуы сауапты ізгі істерге жатады. Намазға барар жолда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» деп тәкбір айту Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың бізге қалдырған сүннеті.
Мұсылман жамағаты мешітке жиналып, жамағат болып айт намазын оқиды, бақилық жақын-жұрағаттарына Құран бағыштайды, бірін-бірі мерекемен құттықтайды. Жора-жолдас, таныстарының үйлеріне барып жүздесу, сырқат кісілердің көңілдерін сұрау, жағдай келсе сый-сыяпат жасау да сауапты істерге жатады.
Мұсылман баласының ұлық мерекесі Құрбан айт құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын, ағайын! Әмин!
Асылбек Ноғаев