ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫНЫҢ УАҚЫТЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі, ҚМДБ ғұламалар кеңесі және ҚР Алматы қалалық обсерватория орталығының зерттеу нәтижесі бойынша хижраша 1430 жылдың зул-хиджа айының 10-жұлдызы (Құрбан айт), милади бойынша 2009 жылдың қараша айының 27-жұлдызына сәйкес келетіндігін анықтады.
Бұған қатысты Түркия, Ресей ғалымдарының да жауабы бізбен бірдей шықты. Сондықтан, 2009 жылдың 27 қарашасы (хижраша 1430, 10-зул-хиджа) - құрбан айттың бірінші күні.
Ал құрбан айт намазы 27 қараша күні Алматы уақыты бойынша күн найза бойы көтерілгенде, яғни таңғы сағат 8 сағат 30 минутта оқылады. Бұған дәлел Жундуб (р.а.) риуаят еткен мына хадис: «Біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге ораза айт намазын күн екі найза бойындай болғанда оқыдық, ал құрбан айт намазын күн бір найза бойы көтерілгенде оқыдық».
Құрбан айт намазын тездетіп оқуды, ал ораза айт намазын сәл кешіктіріп оқуды ғалымдар мұстахаб санайды (Рисалатус-Сиям лиш-Шейх Мухаммад Саид Тантауи). Құрбан айт намазын сәл ертерек, ал ораза айт намазын кішкене кешірек оқу абзал (Ал-Хуласатул-Аламкирия 1 том, 150 бет).
ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ТУРАЛЫ
Айт намазының үкімі: жұма намаз парыз болған кісілерге айт намазын оқу - уәжіп. Хасан (р.а.) Әбу Ханифаның (р.а.) мына сөзін келтіреді:
«Шынында, жұма намаз парыз болғандарға айт намазын оқу уәжіп». Анастан (р.а.) риуаят етілген мына хадис екі рәкат намазын оқуға негіз болады. Абу Дауд Анас ибн Маликтен (р.а.) риуаят етеді: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) Мәдинеге келгенде қаладағы тұрғындардың ойнап-күлетін екі мейрамы болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Бұл қандай екі күн?- деп сұрады. Олар:
- Иә, Расулуллаһ (с.ғ.с.), бұл біздің Исламнан алдын тойлайтын мейрамдарымыз еді,- деп жауап берді. Содан кейін Пайғамбары-мыз (с.ғ.с.):
- Шынында да, Аллаһ тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, бұл - Ораза айт және де Құрбан айт»,- деді.
Жұма намазындағыдай айт намазының да шарттары бар. Айт намазында құтпа оқу шарт емес, бірақ оқиды. Құтпаны айт намаздың алдында емес, намаздан кейін оқылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кезінде, әділ төрт халифа (р.а.) заманында құтпа айт намазынан кейін оқылды.
Құтпаның айт намаздан кейін оқылуына дәлел: Маруан (р.а.) айт намаздың алдында құтпа оқыды. Сонда жамағаттың арасынан бір кісі тұрып: «Әй, Маруан, сен мінберге шығып құтпа оқыдың, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намаздың алдында құтпа оқымайтын, Ол құтпаны айт намаздан кейін оқитын»,- деді. Сонда Маруан: «Иә, бұл іс қалдырылған»,- деп мойындады.
Айт намазының уақыты шариғат үкімі бойынша күн найза бойы көтерілгенде (3 метр).
Жундуб (р.а.) мына хадисті риуаят етеді: «Біз Пайғам-барымызбен (с.ғ.с.) бірге ораза айт намазын күн екі найза бойындай болғанда оқыдық, ал құрбан айт намазын күн бір найза бойы көтерілгенде оқыдық»,- деді.
Құрбан айт намазына тездетіп баруды, ал ораза айт намазына сәл кешігіп баруды ғалымдар мұстахаб санайды. Құрбан айт намазын сәл ертерек, ал ораза айт намазын кішкене кешірек оқу абзал.
Айт намазының сипаты. Айт намазы екі рәкат. Ол құтпаның алдында, азан-қаматсыз оқылады. Айт намаздары азансыз және қаматсыз оқылады, себебі, ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қазірге дейін келе жатқан жол (Әл-Мабсут Сарахси кітабынан).
Жәбір ибн Самура (р.а.) айтады: «Мен Расулуллаһпен (с.ғ.с.) бірге екі айт намазын бірнеше рет азансыз және қаматсыз оқыдым».
Бірақ, муаззин (азаншы) елді дайындыққа шақырып «Ассалату жамиға» десе болады. Имам екі рәкат намазға ниет етеді. Бірінші ифтитах тәкбірі айтылады, содан кейін сана оқылады және санадан кейін 3 рет «Аллаһу акбар» деп құлақ қағылады, содан соң «Фатиха» сүресімен тағы бір сүре дауыстап оқылады. Екінші рәкатта «Фатиха» сүресіне бір сүре қосып оқылады, содан кейін 3 рет «Аллаһу акбар» деп құлақ қағылады. Риуаят ибн Масъудтан (р.а.). «Аллаһу акбар» дегенде қол көтеру керек және тәкбірлердің арасында үш тасбих мөлшеріндей үзіліс жасалады. «Аллаһу акбар» деп қол көтерілгеннен кейін қолды төмен түсіреді, бірақ қолды байламайды.
Айт намазында екі құтпа оқылады және екі құтпаның арасында жұма намазында отырғандай отырады. Бірінші құтпаның басында «Аллаһу акбар» деп 9 рет, ал екінші құтпаның басында 7 рет айту - мұстахаб (яғни, тәкбір көбейгені зиян емес).
Айт намаздарының алдында немесе соңында сүннет намаздары оқылмайды. Бухари мен Муслим және басқалары ибн Аббастан (р.а.) төмендегі хадисті риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пітір күні шықты», ал басқа риуаятта: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні шығып екі рәкат айт намазын оқыды, оның алдында немесе соңында ешқандай намаз оқымады»,- дейді.
Айт күндері тәкбір айту уәжіп. Өйткені, Аллаһ тағала қасиетті Құранда «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкіршілік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят),- д еген.
Тәкбірдің уақыты айт күні таңертеңнен басталады немесе үйден шығып мешітке бара жатқанда айту сүннет болады және оның уақыты айт намазы біткенге дейін жалғасады. Тәкбір былай айтылады: «Аллаһу акбар» (3 рет) «Лә илаһа иллаллаһу» (1 рет) «уаллаһу акбар, Аллаһу акбар уа лилләһил хамду».
Айт күнінің әдептері бар, олар мыналар: көп зікір айту; жалпы сауапты істермен айналысу; ғұсыл құйыну; әтір себу; жақсы және таза киім кию.
Ораза айт күні таңертең намазға дейін тағам ішу - сүннет, ал құрбан айт күні намазға дейін ас ішпеу - мүстахаб. Айт намазына дейінгі түнде Аллаһқа көп ғибадат ету, дұға жасау, зікір айту - өте сауапты іс.
Айт намазға бара жатқанда бір көшемен барып, басқа жолмен қайту - сүннет. Мешітке айт намазына әйелдер мен балаларды да қатыстыру; бір-біріне зиярат ету, мейраммен құттықтау, әсіресе, туыстарды зиярат етіп, құттықтау - сүннет.
Айт күндерін ерекше атап өтуге тырысу керек.
ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ ҮКІМІ
Һижраның 2-ші жылында парыз болып, оның шариғи үкімі аят, сүннет және ижмағ (ұжымдық қаулы) арқылы негізделеді.
Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқып, құрбан шал» («Кәусар», 2-аят),- деген.
Анас ибн Маликтен (р.а.) имам Муслим риуаят еткен мына хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүйізі бар, әдемі екі қошқарды өз қолымен құрбандыққа шалды. «Бисмиллаһ» деп тәкбір айтты және оның үстіне аяғын қойып бауыздады»,- деген («Фикһ әл-Жазири», 1-кітап).
Құр-бан шалу - әрбір саналы, мұсылман, тұрғылықты, дәулетті кісіге міндет (уәжіп). Құрбандық күні (яғни, одан бір сағат та, бір күн де бұрын емес) өзінің және жас бала-шағаларының атынан шалады. Оны Имам Әбу Ханифа, Имам Зуфар, Имам Хасан және Имам Әбу Юсуфтен жеткен бір риуаятта уәжіп деп көрсетеді.
«Һидаяның шархы» (4 том, 50 бет), «Фатауаи Базазия» (5 кітап, 37 бет) да осылай дейді.
Біздің пәтуа осыларға негізделеді, бірақ оны істемеген дозақы деп айтылмайды. Алайда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатынан мақұрым қалады («Фикһ әл-Жазири», 1 кітап).
ҚҰРБАНДЫҚ КІМДЕРГЕ УӘЖІП
Мына шарттарсыз құрбандық ешкімге уәжіп болмайды:
1. Мұсылман болу;
2. Азат болу;
3. Тұрғын болу;
4. Дәулетті болу;
«Фатауаи Алам-гирия» кітабы, 5-том, 324-бетте мұсылман болу шарт деген. Мұсылман кісінің құрбан айт күні зекет берерлік мөлшерде дәулеті болса, яғни өзінің басты қажетінен артық мал-мүлкі болса, ол кісіге құрбандық шалу - уәжіп.
ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ УАҚЫТЫ
Зул-хиджа айының оныншы күнінің таңы атқаннан бастап, осы айдың 12-ші күні күн батпай шалып үлгеру. Көшушілер, ауылдағылар айтқа жетер-жетпес жерлер үшін үкім, құрбандықтарын айт күні таң атқаннан шалса бола береді, алайда, хадистің талабы бойынша, малды айт намазынан кейін шалған сауаптырақ. Ал қалалық жердің тұрғындары айт намазы оқылмай құрбандық шала алмайды. Ең абзалы, құрбандық айттың ал-ғашқы күні шалынуы. Екінші күні, болмаса үшінші күні шалып үлгеру. Ханафилер: «Құрбандықтың уақыты айт күнінің таңында басталады, содан айттың үшінші күні күн батарға дейін жалғасады»,- дейді («Фикһ әл-Жазири», 1-кітап, 730-бет).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан кейін құрбандық еткен болса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандар-дың сүннетіне дөп келеді»,- деген. Бұл хадисті имам Бухари мен Муслим Баро ибн Азиб деген сахабадан нақыл еткен. Баро айтады: менің нағашым Әбу Бурда айт намазынан бұрын құрбан шалды. Оған Расулуллаһ (с.ғ.с.):
- Бұл жай қойдың еті болып қалды,- деді.
- Иә, Расулаллаһ, менің тағы бір қойым бар,- деді ол.
- Соны шал,- деді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
Кейін Ол (с.ғ.с.) жоғарыдағы малды қайта шалу үкімін қосып айтты.
Малды жақсы бауыздай білсе, құрбандықтың иесінің шалғаны - мұстахаб. Егер ол қолынан келмесе біреуге бауыздатса да болады. Алайда, өзі басында тұруы қажет. Өйткені, Фатима анамызға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тұр, құрбандығыңның қасына бар! Оның алғашқы тамған қанымен сенің барлық күнәң кешіріледі»,- деді (Исхақ, Табарани Хаким және Бәйһақи риуаят еткен. «Һидаяның шархы», 50-бет).
Құрбандықты күндіз шалу - мұстахаб, себепсіз түнде шалу - мәкрүһ. Егер бірер себеппен айт намазы бұзылса немесе кешігіңкіресе, зауалдан соң мал шалу да дұрыс. Егер бір қалада бірнеше жамағат айт намазын оқыса, алғашқы жамағат сол қалада айт намазын оқи сала мал шала берсе болады.
ҚҰРБАНДЫҚҚА НЕ ШАЛЫНАДЫ ЖӘНЕ НЕНІ ШАЛУҒА БОЛМАЙДЫ
Құрбандыққа қой, түйе, қарамал, қодас жарайды. Қарамалдан үш жасары және ұрғашысы, ал қойдан жасқа толғаны және ақталған еркегі абзал («Фатуай Базазия», 5-том, 273-бет).
Қой мен ешкінің бір жастан төмені жарамайды, алайда қой семіз, денелі болса алты айлығы жарай береді. Ешкі малы бір жасқа толмай құрбандыққа ілінбейді («Фикһ әл-Жазири», 718-бет).
Құрбандыққа тағы (жабайы) аңдар жарамайды. Қой бір кісінің ал түйе, қарамал, қодас жеті жанның атынан шалынады.
«Һидаяның шархында» «Бір кісіге бір қой немесе жеті адамға бір қара, не бір түйе шалынады» делінген.
Жабир атты сахаба: «Біз Пайғамбарымызбен бірге бір қараны жеті кісі атынан, түйені де жеті кісі атынан шалдық»,- деген («Һидаяның шархы», 4-том, 51-бет).
Бұл жағдайда әрбірі жетіден бір үлесін бөліп алуы тиіс. Егер бірінің үлесі басқаларынан кем болса, бәрінің де құрбандықтары дұрыс емес. Жеті адам бірігіп құрбан шалуды ниет еткенде ғана жоғарыдағы аталған ірі малдарды шалуға болады. Егер біреу оның етіне серік болатын болса, құрбандық дұрыс болмайды.
Қарамал мен қодастың екі жасқа толмағаны құрбан етілмейді, ал түйенің бес жастан асқандары ғана құрбандыққа жарайды. Бұл пәтуалар «Шархы Базазия» кітабынан алынды (6-том, 273-бет).
Құрбандықтың барлық нұқсандардан таза болғаны абзал. Мынадай малдар да шалына береді:
- тоқал, мүйізсіз туылған мал;
- мүйізінің біразы кетіліп қалған болса (алайда, сынық миға жеткен болса жарамайды).
- ақталған мал абзалырақ;
- жынданған мал жайылуға қабілетті болса;
- үш аяқтап жүріп, төртіншісімен тек тұяғын жерге сүйейтін халі бар мал жарай береді;
- екі көзі немесе бір көзі соқыр мал құрбандыққа жарамайды;
- құрбан шалатын жерге өздігінен жүріп жете алмайтын мал жарамайды;
- арық мал жарамайды;
- құйрығы немесе құлағы кесілген мал жарамайды;
- құлағының, не құйрығының көбі кетілген мал жарамайды;
- егер құлағының үштен екісі сақталып, бір бөлігі кеткен болса, ол жарайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбандыққа мына малдар жарамайды: анық көр, анық байқалып тұрған ақсақ, арық мал» және «көз бен құлақты ерекше қадірлеңдер»,- деген.
Сол себептен, құлақ пен құйрықтың мол бөлігі болмай құрбандық та болмайды («Һидаяның шархы», 4 том, 53- бет).
Тістері сынған мал да жарамайды, көпшілік тістері сақталған болса, ол құрбанға жарайды. Жаратылысында құлағы жоқ мал мен желіндерінің ұшы кесілген малдар да жарамайды («Фикһ әл-Жазири», 1-кітап, 717-бет).
ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ
Құрбан шалушы құрбандығының етінен өзі жей алады және тұрмысы нашарларға да, дәулеттілерге де құрбандық етінен таттыра алады. Құрбандық етін үшке бөлу және оның үштен бірін садақа еткені абзал болады. Бала-шағасына бір бөлігін, қалған бөлігін туыстары мен достарына бергені дұрыс.
Ең абзалы - құрбандығының барлығын садақа етуі.
Өзі мұқтаж болып, бала-шағасы мен өзі үшін сақтап қоюуы да дұрыс болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сендерді құрбандық етін сақтап қоюдан тыйып едім, енді оны жеңдер де, сақтап қойыңдар»,- деген.
Садақаны үштен бірінен кемітпеген абзал, мұстахаб. Себебі: «Барымен қанағат етіп отырғандар мен қайыршыларға дәм таттырыңдар»,- деген аят бар.
Құрбанды нәзір (садақа) ретінде ниет етіп қойса, оны өзі жей алмайды. Ондай мал түгелдей садақаға кетеді. Терісін де садақа етіп жібереді. Малды сойған адамға еттен ақы бермейді, терінің ақшасын да бермейді. Өйткені, Расулуллаһ (с.ғ.с.) хазреті Әлиге: «Құрбандықты шалған адамға ақы берме»,- деген.
ҚҰРБАНДЫҚТЫҢ АБЗАЛДЫҒЫ
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан риуаят еткен бір хадисінде: «Кімнің дәулеті болып, құрбан шалмаса, ол біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын»,- дейді.
Айша (р.а.) анамыздан жеткен тағы бір хадисінде: «Құрбан айт күні адам баласы қан ағызғандай Аллаһ тағалаға сүйкімді амал істеген жоқ. Ол қиямет күні мүйіздерімен, жүндерімен және тұяқтарымен келеді. Сіздердің құрбандықтарыңыз бір жерге құлаудан бұрын оның қаны бір елеулі жерге төгіледі. Сол үшін құрбандықты жан-тәніңізбен таза істеңіз».
ҚАЖЫЛЫҚ РӘСІМДЕРІН ОРЫНДАУ
Қажылықты орындау кезінде миқатқа келгеннен кейін күнделікті киер киімді шешіп, шомылып, дәрет алып, содан соң арнайы ихрам киімін киеді. 2 рәкат намаз оқып, қажылыққа ниет етіп тәлбия оқиды. Тәлбияның айтылуы: «Ләббәик Аллаһумма ләбәик, ләббәика лә шәрика ләкә ләббәик, инә-л-хамда уә ниғмәтә ләкә уә-л-мулк, лә шәрика ләкә». Қажылықта рұқсат етілмеген нәрселерден тыйылу керек. Намаздан кейін тәлбияны көбірек айтуға тырысу керек. Меккеге келе жатқанда, жоғары көтерілгенде, төмен түскенде немесе ұйқысынан оянғанда тәлбия айту керек. Меккеге келгенде әл-Харам мешітіне кіріп, «Байтуллаһты» көргенде «Аллаһу акбар, лә иләһә иллаллаһ» деуі керек. Тәуапты қара тастан бастап жасайды. Қара тасқа жақындаған сайын «Аллаһу акбар, лә иләһә иллаллаһ» дейді, егер тасты сүюге мүмкіндік туса, келіп сүйеді. Мүмкіншілігі болмаса «Аллаһу акбар, лә иләһә иллаллаһ» деп қолын көтеріп ишара жасайды. Содан кейін қара тастың оң жағынан бастап Қағбаны 7 рет айналып тәуап жасай бастайды. Бірінші 3 айналымда тез жүреді. Қара тасқа жақындаған сайын жоғарыда айтылып кеткен іс-әрекеттерді жасайды. Соңғы айналымда тәуапты қара тасқа қарап сәлем берумен аяқтап, 2 рәкат намаз оқиды. Осы тәуап аталады, ол - сүннет. Содан соң Сафа тауына көтеріліп, құбыла жаққа қарап «Аллаһу акбар, лә иләһә иллаллаһ» деп тәкбір айтып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, дұға жасайды. Мұнан кейін Мәруә тауына бет алады, мұнда да Сафа тауында істеген әрекеттерді қайталайды.
Бұл жүріс жеті рет қайталанады. Милейннің қасынан өткенде 7 жүрістің әрбірінде жеңіл жүгіріп өтуі керек. Зул-хиджа айының 8-ші күнінде таң намазын Меккеде оқып, Мина тауына барады, сонда бір күн, бір түн өткізеді. Тоғызыншы күні таң атысымен Минадан Арафат тауына қарай бет алады. Арафат тауына келгенде: «Аллаһу акбар, лә иләһә иллаллаһ» деп тәкбір айтып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып дұға жасайды. Түскі намаз кезінде бесін намазы мен екінті намазын бір азан айтып және әр намазға қамат келтіріп бірге оқиды. Оныншы күні таңсәріден құрбандық шалу басталады. Таң намазын оқып, Мина тауына шайтанға тас атуға барады. Содан соң құрбандық шалады. Мұнан кейін шашын қысқартады немесе алдырып тастайды. Құрбандық күнінде Меккеге барып «Ифаза» тәуап жасайды. Мина тауына қайта келіп сонда қалады. Зул-хиджаның 11-ші күнінде тағы да тас атады, бірақ бірінші «Әл-Хайф» мешітінен бастайды. Онда жеті рет тас атады, әрбір тас атқан сайын: «Аллаһу акбар» деп тәкбір айтады. Екінші «Жамратул Уста» мен «Жәмратул Ақабаһда» да жоғарыда айтылғандай жасайды. Зул-хиджаның 12-ші күні Минада 11-ші күні жасалған әрекеттерді қайталайды. (Тас ататын күндері түнді Минада өткізу керек). Осыдан кейін Меккеге барып, 7 рет Кағбаны айналады, Сафа және Мәруә тауларына барады. Тәуап жасап болған соң, таулардың арасында тез жүрудің, не жүгірудің қажеті жоқ. Бұл тәуап «әл-Уәдаъ» деп аталады, яғни қоштасу тәуабы. Осы тәуаптан кейін екі рәкат намаз оқылады. «Зәмзәм» құдығына барып су ішіледі. Содан соң «әл-Мултазамға» барып, онда Аллаһтан қорқып бой ұсынғандығын көрсетіп, «Байтуллаһпен» қимастықпен қоштасады.
Қажылық үшке бөлінеді: «Әл-Ифрад», «Әл-Қиран», «Аттаматтуъ». Соның ішінде «Аттаматтуъ» қажылығы туралы сөз етейік.
«Миқатта» умраға ниет жасап, 2 рәкат намаз оқиды. Содан соң мына сөздерді айтады: «Аллаһумма инна уриду әл-ъумрата фа иссирһу ли уа тақаббалһа минни». Мұнан кейін жоғарыда атап өткен тәлбияны оқиды. Меккеге келгенде Кағбаны айналып тәуап жасайды. Бірінші үш айналымда тез жүреді, содан соң екі рәкағат намаз оқиды. Осыдан кейін Сафа мен Мәруә тауларының арасында жеті рет жүреді. Шашын қысқартады не алдырып тастайды. Ихрам киімін шешеді. Зул-хиджаның сегізінші күнінде қажылық үшін ихрам киіп, жоғары-да аталған қажылық рәсімдерін орындауы керек. Құрбандыққа қой жеке немесе түйе, не сиырды 7 кісі болып бірігіп шалады. Егер бұл күні құрбандық шалуға мүмкіндік болмаса, онда құрбан айтқа дейін 3 күн және қажылық рәсімдерін орындап болғаннан кейін 7 ораза ұстауы қажет. Ал құрбан айтқа дейін 3 күн ораза ұстамаса, онда құрбандық шалу міндет болады.
ҚАЖЫЛЫҚ ҮКIМI
Аллаһ тағала Құран Кәрiмде:
«Олар ғибадатты, нағыз Аллаһқа шынайы ынтамен бiр беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулерi үшiн әмiр етiлген» («Бәййiна» сүресi, 5-аят),- деп айтады.
Қажылық - Исламның 5-шi парызы. Һижраның VIII жылы парыз етiлген. Ол азат, балиғатқа жеткен, шамасы келетiн кiсiге өмiрiнде бiр рет парыз. «Шама» - тым қиналмай, жанына, малдарына қатер болмай жету деп аударылады.
«Қажылық» сөзiнiң мағынасы - «ниеттену», қайта-қайта ниет ету деген мағынаны бiлдiредi. Қағбаны халық жылда келiп көредi, зиярат етедi, сол үшiн «қажылық» деп айтылған деген де сөз бар. Аллаһ тағала айтады:
«Бiз үйдi (Қағбаны) адамдар үшiн қауiп-қатерсiз және сауап орны етiп қойдық» («Бақара» сүресi, 124-аят),- дейдi.
Бұл аятты ғұламалар: «Жыл сайын қайтып келетiн болғандықтан, олар оған тағы да қайтып келедi, бiрақ өз қажеттерiн соңына дейiн аяқтай алмайды» деген мағынада аударған. Яғни «пенденiң қажетi таусылмайды, келе бередi» деген (Ибн Рушдтың "Мұқаддимат" кiтабы 1-том, 402-бет.)
Демек, шарғи мағынасы мен сөздiк мағынасы шамалас болып шығады. Құран Кәрімде: «Адамдарға Құдай үшiн Қағба үйiн зиярат етулерi парыз етiлдi» («Имран» сүресi, 97-аят),- деген.
Қажылықтың парыз болуының негiзi - Құран аяты, сүннет және ижмағ, яғни ұжымдық қаулымен бекiтiлген. Аят бойынша жоғардағы «Имран» сүресiнің 97-аяты, ал сүннет бойынша «Сахихайн» кiтабында Абдуллаһ ибн Омар Расулымыздан (с.ғ.с.) мына хадистi риуаят еткен: «Ислам бес нәрсеге (негiзге) құрылған». Осы хадисте: «Баруға шамасы келетiн жанның Қағбаны зиярат етуi»,- деп көрсетiлген.
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) Расулымыздан (с.ғ.с.) төмендегi хадистi риуаят етедi: «Аллаһ тағала қажылықты сiздерге парыз еттi».
Сонда Ақрағ ибн Хабис (р.а.): «Жыл сайын ба?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда: «Егер жыл сайын деп айтсам, парыз болып қалар едi. Қажылық өмiрде бiр-ақ рет, одан артығы нәпiл»,- дедi. Бұл хадистi имам Термизиден басқа бес мухаддис имам риуаят еткен. Хадистiң түбiрi имам Муслимде Әбу Һурайрадан риуаят етiлген («Булуғ әл-Марам» кiтабы, 144-бет).
Осыған қарағанда, қажылық - өмiрде бiр рет парыз. Жылда қажылыққа барып, бiрақ рухани тазаруды ниет етпеген адамдардың iс-әрекеттерi - ғибадат емес. Бұл iске шын жүректен ниет болмаса, қажылық толық болмайды. «Хаж» сөзiнiң мағынасы ниет ету деген сөз екенiн ұмытпау керек. Ибн Мунзир (р.а.) айтады: «Ғұламалар бiр мұсылман өмiрiнде бiр рет қажылық етсiн деп ұжымдық қаулы шығарған. Егер бiреу «мен бiрнеше рет қажылық етемiн» деп серт берсе, сертiнде тұруы шарт» (Ибн Мунзирдiң «Әл-Ижмағ» кiтабы, 48-бет).
ҚАЖЫЛЫҚ ПАРЫЗ БОЛУ ШАРТТАРЫ
Қажылық ер мен әйелге өмiрде бiр рет парыз. Оның шарттары мыналар:
- мұсылман болу;
- саналы болу;
- балиғат жасына жету;
- бостандықта болу;
- шамасы келетiн болу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шарифiнде: «Жас бала қажылық етiп, одан соң балиғатқа жетсе, қажылықты қайта жасасын. Бiр бәдәуи, яғни көшпендi кiсi қажылық етiп, Құдай жолына түссе, ол қайта қажылық етсiн. Бiр құл қажылық етiп, кейiннен азаттық алса, ол қайта қажылық жасасын»,- деген (хадис Табарани "Әл-Аусат" кiтабынан).
ҚАЖЫЛЫҚТЫ ОРЫНДАУ ШАРТТАРЫ
Қажылықты орындау мына шарттармен iске асады:
Денсаулық. (Отырып қалған жанға, жүре алмайтын, сырқат, тым кексе адамға, жолаушылыққа жарамайтын кiсiге шарт емес).
Жолға шығуына белгiлi себептер кедергi болған, мысалы, абақтыда отырған немесе елiнiң басшыларынан қорқып қажылық ете алмаған, кiсiлерге де қажылық шарт емес. Жол қауiпсiз болмай қажылық шарт емес.
Әйел кiсi махрам, яғни араларында неке жүрмейтiн жақын адам таппаса, мейлi жас болсын, кәрi болсын, ол әйелге қажылық парыз емес.
Әйел өз ерiнен ажырап немесе талақ алып, ъиддада (күн санап) отырған болса, ъидда уақыты шықпаса, оған да қажылық шарт емес.
Имам Әбу Ханифа мен Имам Ахмад (р.а.) айтулары бойынша: "Әйел кiсi қажылық сапарына ерi немесе махрамы болмаса, шығуға болмайды". Имам Әбу Ханифа әйелдiң қажылығын Мекке мен шыққан жерiнiң арасы 3 күндiк болса, сапарға шықпасын деп шектеген.
«Муатта» кiтабы, 3-том, 979-бет.
Бухаридiң «Сахихы», 1-том, 319-бет.
Муслимнiң «Сахихы», 3-том, 977-бет.
Бұл пәтуәның негiзi имам Мәлiк Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен мына хадис: «Расулымыз (с.ғ.с.) Аллаһқа және ақырет күнiне иман келтiрген әйелге ерi немесе махрамы болмаса, үш күндiк сапарға шығуы халал емес. Тек ерi немесе махрамы бiрге болса ғана дұрыс болады» деген (имам Муслим, 5-том, 200-бет).
Екi шейх - Бухари мен Муслимнен келген тағы бiр риуаятта ибн Омар (р.а.) Расулымыздан (с.ғ.с.) мына хадистi риуаят еткенiн айтады: «Әйел кiсi үш күндiк жолға тек ерiмен немесе махрамымен бiрге шығады».
ҚАЖЫЛЫҚ МЕКЕН-МЕЗГIЛДIК МИҚАТТАРЫ
Қажылықтың екi миқаты - белгiлi уақыт және жерi бар: мезгiлдiк және мекендiк.
1. Мезгiлi - шәууәл айының басынан басталып, құрбан айттың бiрiншi түнiмен аяқталады. Одан бұрын қажылық ету мәкрүһ болып саналады.
2. Мекендiк белгiсi Мекке хал-қына миқат - Мәсжидi Харамның өзi. Оған шамасы келмесе «харам жерлердiң шеңберiнiң iшi». Жан-жақтан келетiндер үшiн миқат өз жолында кездесетiн алғашқы «миқат», егер оның миқаты әлi алда болмаса. Мысалы, Мароккодан келген кiсi Мәдинеден шығатын болса, оған Мәдине жанындағы «Зул-Хулайфа» дейтiн жерде ихрам кигенi абзал болады. Ол «Жихфа» дейтiн жерге келгенше ихрам кимесе де бола бередi. Зул-Хулайфа Мәдине халқы үшiн миқат, Мысыр, Шам, Марокко халқы үшiн миқат - «Жихфа", Иемен халқы үшiн миқат - «Яламлам». Ирақ, Иран халықтары үшiн миқат - Зату-Ирқ дейтiн жер. Нәжд, Бахрейн, Оман халықтары және сол жақтан келген басқа халықтар үшiн миқат «Қарнул-Маназил» деген жер. Мезгiлдiк миқат шәууәл айы тууымен басталып, құрбан айттың бiрiншi түнiмен аяқталады. Яғни екi ай он күн («Шарх сағир» кiтабы, 2-том, 17-бет).
Имам Әбу Ханифа мен Ахмад айтады: «Қажылық уақыты шәууәл айының басы мен зул-хиджаның оныншы күнiнiң соңына дейiн, яғни екi ай он күн» («Лубаб» кiтабы, 1-том, 202-бет). Имам Шафиғийдiң айтуынша: «Қажылық уақыты - екi ай, он түн» («Мажмуғ» кiтабы, 7-том, 145-146 беттер).
Екеуiнiң айырмашылығы мы-нада: «Он түн» десе, құрбандық күнi яғни айттың 1-шi күнi кiрмей қалады, «күн» деп айтса, айттың 1-шi күнi толық енедi («Әл-Мажмуғ» кiтабы, 7-том, 145-146 беттер).
Бұл пiкiрлердiң барлығының негiзi: «Қажылық бiрнеше белгiлi айлар» («Бақара» сүресi, 197-аят),- деген аят болып табылады.
Мекендiк миқат «Муатта» кiтабында Ибн Аббастан келтiрiлген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдине халқына - Зул-Хулайфаны, Шам елiне - «Жихфаны», Недж халқына - «Қарнул маназилдi», Иемендегiлерге - «Яламламды» миқат етiп белгiледi». Бухари мен Муслим былай деп қосқан: «Осы айтылған жерлер соларға, тағы сол жерлерге қажылық пен умраны ниет етiп келгендерге миқат болады. Кiм олардан Меккеге жақынырақ болса, кейiнгi миқатқа шегiнiп бармай, өзi тұрған жерден ихрам киедi. Мекке халқы Меккенiң өзiнен ихрам байлайды» («Муатта», 1-том, 330-бет Сахих Бухари, 2-том, 555-бет).
Муслимнiң сахихында Жабирден (р.а.) риуаят етiлген хадисте: «Ирақтықтар Зату-Ирқтан ихрам байлайды»,- делiнген.
Қазақстан мұсылмандары қажылыққа Мәдине арқылы баратын болса, миқаты Жихфа болады. Сондай-ақ, Жихфа Түрiк, Шам сияқты елдердiң де миқаты деп есептеледi. Қажылықтың миқаты Мекке халқы үшiн Мекке болса да, умраға миқат бола алмайды («Маратиб әл-Ижмағ», 42-бет.)
Қажылық сапары бұл күндерi әуе жолы арқылы болатындықтан, бiздiң елiмiздiң қажылары Меккеге ұшақпен тура ұшулары себептi Жиддаға жетпей, миқаттан аспай ихрам байлаулары қажет. Егер оны айқындау қиын болса, қалайда Жиддаға жетпей немесе оған бiрер аялдама, яки уақыт қалғандай мезгiлде ихрам киiп үлгiру қажет. Өйткенi, миқаттан бұрын ихрамға кiрген кiсiге ешқандай күнә жоқ және оның ихрамы ижмағ негiзiнде дұрыс болып есептеледi. Ибн Мунзир айтады: «Ғұламалар кiм миқаттан бұрын ихрам кисе, ол ихрамдағы кiсi болады деп ұжым қаулысын жасаған» (Ибн Мунзирдiң «Ижмағ» кiтабы, 48-бет).
Бiреу миқаттан асып кетсе, ол ихрам алмай тұрып керi қайтуы қажет. Егер миқаттан асып кетiп, ихрам байлап қойған болса, онда керi қайтпайды («Әл-Мунтақа» 2-том, 205-бет).
Жоғарғы айтылған миқаттардан кiм өтсе де сол жерлерден ихрам байлайды. Егер бiреу оның өзiнен өтпесе, тұрған жерi одан қашықтау болса, соның тұсынан ихрам байлайды. Оған да мүмкiндiгi болмаса, одан бұрынырақ, яғни миқаттан өтпей ихрам байлайды. Ал егер миқаттың арасынан өтсе, олардың қайсысына жақындау жердi миқат ретiнде таңдап ихрам алады.
ҚАЖЫЛЫҚТЫ ОРЫНДАУ ДҰРЫС БОЛУ ШАРТТАРЫ
Мына шарттар толмай қажылықты орындау дұрыс емес:
1. Ихрам байлау: ихрамсыз қажылық парызы орындалмайды. Ихрам дегенiмiз - тәлбия айтумен қажылықты ниет ету. Тәлбия: «Ләббәйк аллоһумма ләббәйк, ләббәйкә лә шарика ләкә ләббәйк, иннал хамда уәнниъмәтә ләкә уәл-мулк. Лә шарика ләкә».
Тәлбия айтып, ихрам киюмен бiрге инемен тiгiлген киiмдер шешiледi. Ерлер ине тимеген киiмдер киедi. Киiмдерi рида (дененiң көкiрек, иiндерiн кiндiкке дейiн бүркейтiн киiм), изар (iш киiм орнына байланатын орам).
2. Арнаулы уақыт: қажылық айлары тумай қажылық ете алмайды. Басқа айларда қажылық дұрыс болмайды. Қажылық айлары: шәууәл, зул-қағда және зул-хиджаның он күнi. Бiреу осы уақыттардан бұрын тәуап етсе, не Сафа не Мәруәға саъи жасаса, (екi шоқының арасында саъи етiп жүрсе) дұрыс емес.
Қаж айларынан бұрын ихрам кию - мәкрүһ, дегенмен солай болса да дұрыс.
3. Арнаулы жерлерге бару: Арафатта тұру, «әл-Харам» мешітін тәуап ету; белгiленген күнi арафатта тұру - уқуфтан (Арафат тауында тұру) қалып қойса, қажы болмайды. Сондай-ақ, уқуфтан кейiнгi зиярат тәуабын өткiзiп алса, қажылық дұрыс болмайды.
ҚАЖЫЛЫҚ РҮКIНДЕРI
Қажылықтың рүкiнi екеу:
Уқуф Арафат (Арафат тауында тұру) зул-хиджаның 9-шы күні талтүс ауғаннан бастап айттың 1-шi күнiнiң таңына дейiн созылады.
Арафадағы уқуфтан соң Қағбаны жетi рет тәуап ету, айналып шығу. Бұл тәуапты «Тауафы зиярат» зиярат ету тәуабы немесе «Тауафы ифаза» деп атайды.
ҚАЖЫЛЫҚ УӘЖIПТЕРI
Қажылықтың уәжiптерi көп: миқатта ихрамға кiру; Минада түнеу; Муздалифада бiр сағат болса да түнеу (ұйықтау). Оның уақыты зул-хиджаның оныншы күнi таң намазынан күн шыққанға дейiн; құрбандық күндерiнде зиярат тәуабын жасау; Сафа мен Мәруәнiң арасында жетi рет жүру. Саъи Сафада басталып, Мәруәда аяқталады.
Мухаммад-Хусейн қажы Алсабеков,
наиб мүфти, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімінің меңгерушісі.