Құрбан (араб тілінде) – «жақындау, Аллаһқа жақындауға себеб болған нәрсе» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «Ғибадат ниетімен белгілі шарттары бар малды бауыздау» деген. Құрбан айт күндерінде (алғашқы үш күнінде) Аллаһ Тағаланың ризашылығын алу ниетімен шалынатын құрбанға «удһийе» делінеді.
Құрбан шалудың пайдалары
а) Аллаһ Тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кеңелтеді. Құрбан шалу да – Аллаһ Тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді:
«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»[1].
Пайғамбарымыз (с.а.у) басқа хадистерінде Аллаһ ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген:
«Сахабалар Расулімізге (с.а.у):
- Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
- Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с) бабаларыңның сүннеті, - деді.
- Одан бізге қандай сауап бар?
- Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
- Қойдың жүнінен ше?
- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады»[2].
Аллаһ разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол –Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».
Шындығында, Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Аллаһ Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Аллаһ Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды:
«Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Аллаһ Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді». (Сәффат, 37/107)
ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с) Аллаһ Тағалаға әміріне мойынұсынып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш ету арқылы, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.
б) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.
в) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың риизашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.
г) Дүние жүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Әр күні кіжінумен өткен көңілі сынық кедей байғұсқа мұсылмандық жанашырлық танытып, қол ұшын беру қандай ғанибет! Аллаһ Тағала ақыретте бәріміздің жүзімізді жарқын қылып, көңілімізді шаттандырсын! Әмин!
Құрбандық шалудың тарихы
Ибраһим (а.с) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Аллаһ Тағалаға жалбарынған-ды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болмасы бар ма?! Зарыға күткен перзенті сондай тәтті, қылықтары да тым сүйкімді. Өзіне қолғабыс етуге жарап, қуанышы мен көзайымына айналған кез еді.
Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді.
Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жеткізген Ибраһим пайғамбар бұл белгіні орындауға бекемденеді. Не де болса нар тәуекел! Аллаһтың берген жаны Аллаһқа аманат.
Баласына мейірлене көз тастады. Көңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Әттең-ай, бала деген мұншалықты ыстық болар ма?! Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз орындалуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы болып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күрмеле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. «Балам, түсімде Аллаһтың әмірімен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?»- дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жүзіне тесіле қараған күйі: «Әкетай, еш тартынба! Хақ Тағаланың бұйрығын не де болса орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет»,- деді қасқая.
Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де қыңқ деместен, кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Аллаһтың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Аллаһтың өзі аян білдірді:
«Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!»
Иә, Аллаһ Тағала сынағаны болмаса Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Аллаһ Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Аллаһ Тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жалғыз тұяғы, асылдың сынығы, құлдығы Исмайыл үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құрбан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қатты жақсы көретін. Ал Аллаһқа деген махаббат балаға деген махабаттан әлдеқайда басым болуы керек еді. Аллаһ соны ұқтырды. Аллаһ жолында, Аллаһтың үкімін орындауда басқа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сынақтардың ең ауыры еді. Бірақ ең мағыналысы да.
Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі
Ханафи мәзхабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу уәжіп.
Уәжіптігінің дәлелдері:
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»[3] –деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у) «Кімді-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» -деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», -деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет жолы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
Құрбан шалу кімдерге уәжіп?
Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек:
1. Мұсылман болу;
2. Ақылды және балиғат жасына толған болу;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
4. Негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Басқа мәзхабтарда құрбан шалу уәжіп емес сүннет болғандықтан, оларда нисап мөлшеріндегі байлыққа ие болу шарт емес. Жағдайы бар әркім-ақ құрбан шала алады. Біздің мәзхабта да нисап мөлшеріндегі байлығы жоқ адамдар да құрбандық шалуына рұқсат.
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша:
«Аллаһтың Елшісі (с.а.у): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес».
Басқа бір хадисте: «Кімді-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», - деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Құрбандыққа шалуға болатын малдар
Тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.
Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Бірігіп құрбан шалу
Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан , ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Құрбандыққа жарамайтын малдар
Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Анық соқыр, таза аурушаң, (жүре алмайтындай күйдегі) таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды»[4], - деген.
Ханафи мәзхабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:
- бір көзі соқыр
- сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде арық
- құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
- тістерінің көбісі түсіп қалған
- емшектерінің басы жұлынып қалған
- бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
Құрбан шалуда өкілдік
Құрбандық малын мүмкіншілігі болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал және сауабы мол. Бірақ басқа біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбанды бауыздайтын адамның мұсылман болғаны абзал. Яһуди немесе Христиандарға да бауыздатуға болады. Өйткені Құранда кітап иелерінің Аллаһ Тағала үшін бауыздағандарынан жеуге болатындығы баяндалған. «Кітап берілгендердің бауыздағандары және басқа да тағамдары сіздерге халал етілді. Сендердің тағамдарың оларға да халал етілді.» (Мәида сүресі, 5/5).
Құрбан шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады. Хз. Әлидің Пайғамбарымыздың орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар.
Құрбан малы қалай шалынады?
Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін сол жағымен жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкруһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын.»[5]
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата сол жағымен жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»[6]. «Күмәнсіз менің намазым және басқа да ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» - деп, кімнің атынан сойылып жатқаны ниет етіледі. Артынша «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деп тәкбір айтып оң қолмен бауыздайды. Құрбан мал шалудың арнайы дұғасын білмеген адамдарға «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар! Құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп ниет етіп, шала берулеріне болады.
Тек қана құрбандық иесінің ғана «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» - деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмилләһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Аллаһтың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмилләһ» деп айтулары керек.
Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкруһ.
Ескерту: құрбан малы сойылатын жердің тазалығына көңіл бөліп, айналысын былғап, шашып кетпеуді қадағалаған жөн. Экологиялық тазалыққа көңіл бөлудің де мұсылмандық әдептілікке жататынын анық.
Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі
Бай болсын, кедей болсын, Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, білім жолындағыларға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей және мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»[7].
Пайғамбарымыздың (с.а.у) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибну Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіледі: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз»[8] деді.
Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Тәшриқ тәкбірі
Құрбан айттың алдындағы күн «Арафа күні» деп аталады. Бұл – Зилхижжаның тоғызыншы күні. Арафа күнінің таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін әр парыз намаздың сәлемін бергеннен кейін «Тәшриқ тәкбірін» айту намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Жеке намаз оқыған адам да, жолаушы да, ер кісі де, әйел кісі де бұл тәкбірді айтуға міндетті.
«Тәшриқ тәкбірі» былай айтылады:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд».
Мағынасы: «Аллаһ Тағала ұлық (2 рет), Аллаһ Тағаладан басқа тәңір жоқ. Аллаһ Тағала ұлық (2 рет), Барлық мадақтар мен мақтаулар тек Аллаһ тағалаға тән».
Құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?
Құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық міндеті мойнынан түспейді.
Көз жұмған кісі үшін құрбан шалуға бола ма?
Қайтыс болған кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын қайтыс болғанға бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде, яки басқа кез келген уақытта Аллаһ Тағала ризалығы үшін құрбандық шалуға болады. Шалған құрбандығының етінен жеуіне рұқсат. Бірақ қайтыс болған кісінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбандықтың етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
«Ақиқа құрбаны» деп қандай құрбанға айтылады?
Жаңа туылған сәбидің басындағы шашына «ақиқа» делінеді. Аллаһ Тағаланың нәсіп еткен перзентіне шүкір ретінде шалынатын малға да «ақиқа» құрбаны делінеді. Ақиқа құрбанын сәбидің туылған күнінен бастап, балиғат жасына толғанға дейін шалуға болады. Бірақ сәбиге жеті күн толғанда шалу – абзал.
Сәбидің туылғанына жеті күн болғанда аты қойылып, шашы алынады. Алынған шаштың салмағында алтын немесе күмісті садақа ретінде бері – сүннет. Құрбанның да сол күні шалынуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у) екі немересі Хз. Хұсайн мен Хз. Хасан үшін ақиқа құрбанын шалғаны риуаят етіледі. Құрбан айтта құрбандыққа жарайтын малдар ақиқа құрбанына да жарайды. Қыз балалар үшін де ақиқа құрбанын шалады. Ақиқа құрбанының иесі шалынған малдың етінен жеуіне және басқаларға садақа ретінде таратуына болады. Ақиқа құрбанын шалар кезде: «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар. Аллаһым, бұл сенің ризалығың үшін шалынған пәленшенің ақиқа құрбаны» - делінеді.
Нәзір құрбаны
Көңілін көптен күпті еткен бір ісі орындалғанда я болмаса былай да бір малды шалам деп мұсылман баласының Аллаһ Тағалаға уәде беріп, сол уәдесінің уақыты келгенде шалатын малы «нәзір құрбаны» деп аталады. Мысалы, ауырып жатқан адам «осы ауруымнан айықсам, бір қойды құрбандыққа шаламын» деп ниет етсе, ауруынан айыққан жағдайда, бір қой шалуы – уәжіп.
Нәзір құрбанына шалынған малдың етінен, шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне, тіпті ата-әжелеріне де жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедейлерге таратылуы тиіс. Шалынған құрбанның бір бөлшегі аталмыш адамдар тарапынан желінген жағдайда сол желінген бөлшектің құнын кедейлерге тарату керек,
[1] Тирмизи, Адахи, 1.
[2] Ибну Мажә, Сәуәбул-адахи, 3118.
[3] Кәусар сүресі, 108/З.
[4] Тирмизи, Адахи, 5.
[5] Муслим, Сайд, 57.
[6] Анғам сүресі, 6/162.
[7] Хаж сүресі, 22/28.
[8] Муслим, Хаж, 348.
«Ислам ғылымхалы» кітабынан