АДАМЗАТТЫҢ ҮШ СЫНАҒЫ
Ибраһим пайғамбардың (а.с.) көңіліне ыстық, жүрегіне қымбат үш нәрсесі бар еді: малы, жаны және баласы. Аллаһ Тағала оны осы үшеуімен де сынап көрді.
Хазіреті Ибраһим Аллаһтың зікірі үшін малын түгел қиды. Сосын Нәмрудпен белдесіп, отқа тасталған кезінде Аллаһтың тағдырына ризашылық білдіріп жанын да қиды. Сосын Аллаһтың әмірімен баласын құрбандыққа шалу керек болған кезде кідірмей оған да мойынсұнды.
Осылайша ол Аллаһпен дос болу мәртебесіне қол жеткізді. Халилуллаһ деген атына лайық болды.
Ибраһим пайғамбардың (а.с.) сүрінбей өтуімен нәтижеленген бұл сынақтар негізінде бүкіл адамзаттың басынан кешіп жатқан сынақ.
Жанымызға ыстық малымызды Аллаһ жолында жұмсай білу, бізге аманат етіп берілген жанымызды ажал келмей тұрғанда Жаратушы Иесіне толығымен бет бұрғызу және бала-шағамыздың бізді Аллаһтан алыстатуына жол бермеу жолындағы сындар – нәпсімізді және шайтанды жеңіп, мәңгілік азаттыққа қол жеткізуіміз үшін Аллаһтың бізге берген сыйлары. Құрбан құлшылығының астарлы терең мағыналары Жаратушы Иеміздің бізден жай ғана құрбандық қаламайтынын білдіруде және бізге кәміл адам болу жолының белгілерін көрсетуде.
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ӘМІРГЕ ҚҰЛДЫҒЫ
Хазіреті Ибраһим (а.с.) Хажар анамыз бенен Исмаилды (а.с.) қазіргі Меккенің орнына тастағаннан соң Сара анамыздың жанына қайтып оралды. Оларды анда-санда зиярат етіп тұрды.
Бір күні Ибраһим (а.с.) Меккеде болған кезінде бір түс көреді. Түсінде аятта айтылатынындай, өз ұлы Исмаилды құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл түс оны қатты ойландырып, толғандырады. Бірақ дәл сол түсті үш күн қатарынан көреді. Ол күндер қажылық маусымының таруия, арафа және айттың бірінші күндері болатын.
Кейбір деректерде Ибраһим пайғамбардың (а.с.)
«Аллаһ маған бір ұл берсе оны Өзіне құрбан етер едім» деген сөзі үшін сынаққа алынғандығы айтылады.
Ибарһим (а.с.) Аллаһтан келген әмірге құлдық деп, Хажар анаға ұлы Исмаилды жуындырып, иіс май себуін бұйырады. Оны бір досына апаратынын айтады. Хазіреті Исмаилге өзімен бірге бір жіп, бір пышақ ала жүруін ескертеді де:
– Ұлым, Аллаһ ризалығы үшін құрбан шалуға барамыз, - дейді.
Екеуі Минаға қарай бет алады. Сонда шайтан адам кейпіне кіріп, Хажар ананың қасына барып оған:
– Ибраһим балаңды қайда алып кеткенін білемісің? - деді.
Ол ойында ештеңе жоқ:
– Бір досына алып кетті, - деп жауап береді.
Шайтан:
– Жоқ, ол оны бауыздауға алып кетті, - деді.
Хажар ана:
– Ол баласын қатты жақсы көреді» деп жауап қайырады.
Шайтан қоймай:
– Аллаһ солай әмір етіпті, сондықтан оны бауыздамақшы, - дегенде, Хажар анамыз кәміл иманымен:
– Егер Аллаһ жәллә жәләлуһ әмір еткен болса, біздің міндетіміз тек мойынсу, тәуекел ету, - деп жауап береді.
Хажар анамызды алдай алмайтынына көзі жеткен шайтан, бала Исмаилдың жанына барады. Дәл сол сұрақтарын оған да қоя бастайды:
– Әкең сені қайда алып барады, білесің бе?
– Раббысының әмірін орындауға алып барады, - деді Исмаил.
Шайтан:
– Сен өзің де біліп келе жатырсың, ол сені бауыздауға апара жатыр» - деп азғырды.
Сонда Исмаил (а.с.):
– Ары жүр, малғұн шайтан! Біз Раббымыздың әмірін қуана-қуана орындаймыз - деп, шайтанды қуалады, оған тас лақтырды.
Шайтан Исмаилды да алдай алмады. Енді соңғы үміті Ибраһим пайғамбарда еді.
– Ей, шал! Балаңды қайда апарасың? Шайтан сені түсіңде алдады. Ол түстерің шайтаннан болатын, - деп, азғырды.
Ибраһим (а.с.):
– Нағыз шайтан сенсің! Кет мына жерден! - деп қуалайды. Қолына жеті-жеті тастан алып отырып, үш жерде шайтанға тас лақтырады.
Міне, қажылықтағы қияметке дейін жалғасатын шайтанға тас лақтырудың басы осылай басталған еді. Бұл уақиға олардың тәуекел және мойынсұнуларының бір нышаны ретінде үмметке үлгі болып нәсілден нәсілге жалғасып келуде.
Ибраһим (а.с.) Исмаилды құрбан етуге апара жатқанда көктегі періштелер сондай толқыған еді. Таң қалысып, бір-біріне:
– Субханаллаһ, бір пайғамбар бір пайғамбарды құрбан етуге апара жатыр!, - деді.
Ибраһим (а.с.) ұлына істің мән жайын ашып түсіндіреді.
– Ұлым, қарашы. Сені түсімде құрбан етіп жатқанымды көрдім, - дейді.
Исмаил (а.с.):
– Әке, бұл Аллаһтың саған әмірі деп ойлайсың ба?, - деп сұрайды.
Ибраһим (а.с.):
– Иә, - деп жауап береді.
Сонда Исмаил (а.с.):
– Әке! Сен өзіңе бұйырылған істі орында! Ал мені уайымдама. Мен сабырлылардан боламын, көресің, - деп тәуекел етеді.
Өз жанын мүдірмей Аллаһқа қия білді. Ол кездері Исмаил (а.с.) әлі бала, жеті немесе он үш жас шамасында болатын.
Деректерде айтылғандай Жәбірәил періште үш жерде қатты толқып, қорқыныштан кеудесі тарылған екен. Солардың бірі осы Ибраһим пайғамбардың шын мәнінде бауыздамақшы болып өткір пышағын баласының кеңірдегіне тақаған кезі екен. Сонда Аллаһ Тағала пышақтың дүзін кеспейтін қылады. Міне, ол екеуі өз тәуекелдерін дәлелдеген еді. Аллаһтан оларға сый ретінде жәннаттан қошқар жіберіліп, соны құрбан етуге бұйрық келеді.
Осылайша маңдайынан суық тер шыққан әке мен бала қуаныштары қойындарына сыймай үлкен шүкіршілікпен тәкбір айтып тұрып сол қошқарды бауыздайды.
ҚҰРБАННЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ
Жоғарыдағы ақиқаттарды ескере отырып, құрбанның негізгі мақсаты сол оқиғаларды еске алу, ондағы Иләһи хикметтен нәсіп ала білу және Аллаһқа толық мойынсұна отырып, құлдық жасауды терең түйсіну.
Жаратушы Иеміз Құранда былай бұйырмады ма?:
«Аллаһқа ешуақытта (құрбандарыңның) еті, қаны бармақ емес. Аллаһқа баратын тек сендердің тақуалықтарың». (Хажж сүресі 37-аят)
Бұл ақиқатқа байланысты Мәулана Жәләлуддин Руми мынадай өсиет айтады:
«Ешкінің көлеңкесін құрбан етуге тырыспағын!»
Яғни бұл, құрбанның негізгі мақсатын ұмытып тек қана сыртқы көрінісін ғана орындап әуре болмай-ақ қояйық деген сөз.
Адам атамыздың қос ұлы Абыл мен Қабылдың құрбандарының ғибраты да мол мысал болып табылады.
Абыл құрбандығының ең жақсысын таңдап ықыласпен ұсынған болса, Қабыл егінінің нашарының өзін әрең қиып құрбан қылған болатын.
Нәтижеде Абылдың құрбаны қабыл болып, Қабылдың құрбаны кері қайтарылды.
Өз құлшылығымызға осы оқиғалардың ақиқатының айнасынан қарап, Жаратушы Иеміздің бізге берген нығметтеріне шүкірлік ретінде немізді қия алатынымызды және қаншалықты таза көңілмен қия алатынымызды салмақтауымыз керек.
ҚҰРБАН ПИДА ЕТУ ДЕГЕН СӨЗ
Құрбанның сырлары мен хикметтерінің басқа бір аты пида ету. Нығметтерді Аллаһ жолында шын көңілден бере салу, қия салу. Негізінде әр адамның ақыретте табатыны тек осы дүниеде қия білгенінің мөлшеріндей ғана болмақ. Отаны үшін ұлдарын құрбандыққа берген халықтар әрқашан да аты мен затын сақтап қалған. Бірақ шын мақсатта, шын құрбан бере білу керек. Ал егер шын құрбан емес, ешкінің көлеңкесі құрбан етілетін болса, онда қанның иісі мен өліктердің үйіндісі ғана артады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда құрбан болу жоқ болу немесе ұтылу емес, керісінше ол табыстардың ең ұлығы. Адам өзін Аллаһқа және пайғамбарына құрбан етуге даяр болғанда мәңгілік бар болуға жолдама алған болады. Ол сол сәттен пәнилік шекарасының сыртына қадам басады. Аллаһтың сүйікті құлдарының тізіміне жазылады.
Мәулана Жәләлуддин Руми осыған меңзеп мынадай өсиеттер айтады:
«Бүкіл жануарды адам үшін, бүкіл адамдарды бір ақыл үшін құрбан ете салуға тұрады. Яғни жаратылғандардың абыройлысы болғаны үшін адамға жануарлар құрбан, адамдардың ішіндегі таңдаулысы пайғамбарларға бүкіл адамдар құрбан болсын».
«Осылай құрбан болғандар ой мен қайғының ауыр жүгінен құтылады, жарықтыққа қол жеткізеді. Өздерін Хақ жолында пида етіп, жалған дүниеден құтылады».
«Олар, барлық адам қорқатын, үркіп қашатын өлімге қарап, күлімдей алады. Ешкім олардың көңілін жаралай алмайды. Себебі, олардың тек қабығына ғана зиян бере алады, ішіндегі інжу-маржанына емес».
«Сегіз жәннаттың ою-өрнегі жарқылдаған сайын, олардың көңіл тақтасына шағылысады, сонда көрініс береді. Аллаһтың шынайылық мекеніне орналасып, мәңгіге ие болғандардың, Аллаһтың көңілінен орын алғандардың мекені ғарыштан да, күрсүден де ұлық».
«Сондықтан да мен, шындықты көретін көз іздеген Хақ шырағы Хазіреті Мұхаммедтің жолына құрбанмын».
ҚҰРБАНДЫҚ – АЗАТТЫҚ
Кім болса да өзіне ең жақындарды басқалардан артық бағалайды, көзінің қарасындай қорғайды. Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) шапағаты да өзіне қаттырақ жақындағандарға, оның жолына құрбан болғандарға артығырақ болады. Аллаһ Тағаланың өзі де Өзіне құрбан болған, мүмин құлдарын басқалардан артық сүйеді, қымбатқа бағалайды.
Хазіреті Мәулананың айтқанындай:
«Ондай адам, Хазіреті Исмаил сияқты тамағын бауыздауға ұсынады, Аллаһ жолында құрбан болуға дайын болады. Бірақ Аллаһ ол тамақты бауыздатпайды».
«Сондықтан да шейіттер, Аллаһ жолында жандарын пида еткендері үшін тірі. Сен отқа табынатындар құсап денеге қарама!».
Өздерін Хаққа құрбан еткен құлдар, Қамар сүресінің 54-55 аяттарында айтылғанындай Аллаһқа жақын болудың соңсыз нығметіне жеткен адамдар:
«Күдіксіз тақуалар пейіштердегі өзен жағасында. Құдіретті Иенің құзырындағы шынайылық жұртында болады».
Олай болса барлық құлшылығымыздан бір мойынсұну, құрбан болудың ықыласы сезіліп тұруы керек. Әсіресе намаздан…
НАМАЗ ЖӘНЕ ҚҰРБАН
Хазіреті пайғамбар (с.а.с.) құлшылықтардың ішіндегі ең ауқымдысы намазға ерекше көңіл бөлген, әрі оның Хақ Тағалаға қабыл болу керектігін меңзеп былай деген:
«Намаз Аллаһтан қорқатын құлдардың құрбаны» (Қузағи, Муснәд І, 181)
Осы хадис төңірегінде ой толғаған Мәулана құрбандық намазын оқи білген құлдар жайында:
«Олар тәкбір алып намазды бастағанда бұл дүниені сол сәттерге құрбан қылып, жандары биіктерге ұша жөнеледі», дейді.
Сосын шынайы намаз оқығысы келетін әр адамға былай үн қатады:
«Сен де олардың артынан ілескің келсе қиямға тұрып михраптағы тіректей жүзіңді Аллаһқа бұр. Егер білсең, намазға бастарда Аллаһу әкбар деп айтудың мағынасы мынау: «Ей, Аллаһым! Сенің құзырыңда құрбан болдым. Қолдарымызды құлақ тұсына көтергенде дүниелік барлық нәрсені артқа қарай лақтырып, Саған жүзімізді бұрдық!».
«Құрбан шаларда Аллаһу әкбар демеуші ме едік. Міне намазда да нәпсімізді сол сәттерге құрбан етіп тұрып сол сөзді айтамыз».
«Ол сәттерде денеміз Исмаил, жанымыз Халил Ибраһимның (а.с.) орнында. Жан еркелеген денені нәпсінің билігінен азат ету үшін тәкбір алған кезде, дене нәпсілік әуестерінен азат болып намазға кіреді. Бисмилләһир-Рахманир-Рахим деумен құрбан болып кете барады» .
«Ей, ақыл иелері. Намаздағы Хақпен бірге болуды түсіну ақыл алатын нәрсе емес. Мұны түсіну үшін ақыл Хаққа құрбан болып, көңіл әлеміміз тірілуі керек».
ҚҰРБАНДЫҚ ЖӘНЕ НӘПСІНІ ТӘРБИЕЛЕУ
Құрбандық нәпсі тәрбиелеуден бастау алатын көңіл тәрбиесі, сезім тәрбиесі деуге болады. Жунайд атты ойшыл былай дейді:
«Нәпсілеріңді құрбан етіңдер. Біле білсеңдер нәпсі біз бен Аллаһтың арасында тұратын қалың перде. Өмір нәпсіні өлтірумен басталады».
Шибли атты ойшыл да мынандай пікір айтады:
«Нәпсі өлмей, рух тірілмейді. Хаққа ғашықтар рухтың өмірін нәпсінің өлімінен табады».
ХАҚҚА ҚҰРБАН БОЛҒАН ҚҰРАНҒА АЙНАЛАДЫ
Кім не нәрсеге құрбан болса, соның ерекшеліктерімен безенеді.
Тамшы өзін дарияға құрбан етсе ол да дарияның бір бөлігі болады. Аллаһтың ұлылығымен салыстырғанда қысыр ақылға ие адам өзін соңсыз ақылға, яғни Аллаһтың еркіне құрбан етсе таңқаларлық сипаттарға ие болады.
Сондықтан да Хазіреті Мәулана былай дейді:
«Ақылыңды Хазіреті Мұстафаның жолына құрбан ет те: «Аллаһ маған жетеді!», де».
«Ақылыңды Достың жолына құрбан ет! Өйткені ақылдардың бәрі Дос бар жерге бұрылған. Себебі рухтардың да, ақылдардың да барар жері Хақ. Сондықтан да ақылды Хақтың жолына құрбан ет!».
«Ақылы барлар ақылдарын Достың мекеніне, соның қолына тапсырып жібереді!».
«Бұл дүниеде қалған ақыл болса, сүйіспеншіліктен хабарсыз, сүймейтін, сүюге лайық емес ақымақ ақыл!».
«Құранның мағынасын Құранның алдында құрбан болып, менмендігінен алыстап, Хақ алдында кішірейген, рухы кәдімгі Құранға айналған адамнан сұра».
ХАҚ ҒАШЫҚТАРЫНЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫ
Жомарттықтың түрлері болады. Байлардың жомарттығы малмен, ғашықтардікі жанмен болады. Жомарттықтың сыйы да оның түріне қарай болады.
Нан бергендерге нан берілсе, жан бергендерге жан ұсынылады. Халық арасындағы «жан қарызы» деген сөз содан шыққан. Жан беру ғашықтықтың ең биік шыңы. Фузули ақын қандай керемет айтқан:
Жаныңды Жаратушыңа беру ғашықтықтың кемелдігі,
Жан бермеген мойындасын, кемел емес екендігін.
Адамдар әдетте бір нәрседен берген кезде ол азаяды деп ойлайды. Дұрыс. Есепке салсақ бесеудің үшеуін берсек екеуі қалады, яғни азаяды. Бұл дүниелік беру, жұмсау мәселесінде осылай болады, берсең азаяды.
Алайда бергенің Аллаһ жолына болса математикалық өлшемдер астан-кестен болады. Керісінше, берген сайын көбейеді. Бұл Жаратушы Иенің құдіреті мен кеңшілігі.
Хазіреті Мәулана бұл ақиқатты былай түсіндіреді:
«Мына шынар ағаштың жапырақтары түссе, Аллаһ оған жапырақсыз тіршілік ету күшін береді».
«Аллаһ жолында таратып, жомарттықтан қолыңда ештемең қалмаса, Аллаһтың қамқорлығы сенің аяқ астында қалуыңа жол бере ме?!».
«Егін еккеннің қамбасы күзге дейін бос қалады. Бірақ оның пайдасын егін жинайтын кезде көреді».
«Ал бидай егілмей, орнына қолданылмай, қамбада сақталса, құртқа, тышқанға жем болады. Босқа кетеді».
«Бізге қорқынышты боп көрінетін, жан берудің бергі көрінісі, сыртқы пішіні. Ал оның ішкі жағы тірілу, тіршілік ету. Былай қарағанда жоқ болу. Ал шындығында мәңгілік өмір».
Аллаһым! Көңілдерімізді Хазіреті Ибраһим, Хазіреті Исмаилдердің тәуекелімен, құрбанның берекетімен безендіргейсің. Әмин!
Осман Нұри Топбаш