Жүніс молда мешітінде қасиетті Рамазан айында жамағатқа арналған ауызашар ұйымдастырылып, берекелі басқосу өтті. Ауызашар дастарханы басында жиналған қауым бірлік пен бауырмалдықтың маңызын сезініп, рухани әсер алды.
Кеш барысында Бота ұстаз «Оразаның нәзік сырлары» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтты. Ол өз сөзінде оразаның тек аштық пен шөлді сабырмен көтеру ғана емес, адамның ішкі дүниесін тәрбиелейтін, жүректі тазартып, иманды күшейтетін ғибадат екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ораза ұстаудағы ықылас, сабыр, көркем мінез және Аллаға деген шынайы ниеттің маңыздылығына тоқталды.
Жамағат ұстаздың әсерлі насихатын ықыласпен тыңдап, рухани азық алды. Осындай игі шаралар адамдарды жақсылыққа жетелеп, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайта түседі.
Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразаларымызды қабыл етіп, жүректерімізді иманға толтырсын.


19 Март 2026
30 Рамадан 1447

