Шу ауданына қарасты «Төле би» мешітінде Тәуелсіздік күні қарсаңында қайырымдылық пен жанашырлықты дәріптеген игі шара өтті. Жақсылыққа жұмылған кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіліп, сауапты іс жүзеге асты.
Қайырымдылық науқаны аясында 1 бас қой сойылып, оның еті 4 отбасыға таратылды. Сонымен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік қоржындары көпбалалы отбасыларға сыйлық ретінде үлестірілді. Бұл игі іс тұрғындардың көңіліне үміт ұялатқан, бірлік пен мейірімділікті нығайтқан шара болды.
Аталмыш мешіттің көмекшісі Ибрагим Жалалиев мұқтаж отбасылардың үй-үйін аралап, мешіттің бас имамы Талғат Кәрібайұлының ыстық сәлемін жеткізіп, елдігіміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап қайтты. Сондай-ақ, имамның ел амандығы мен бірлігіне арналған ақ тілектері жеткізілді.
Айта кетейік, аталған қайырымдылық шарасына жалпы 160 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Көмек алған жандар жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.



19 Январь 2026
30 Раджаб 1447

