#Шу: Қорағаты ауылдық округінде жастар тәрбиесіне арналған тағылымды кездесу өтті

#Шу: Қорағаты ауылдық округінде жастар тәрбиесіне арналған тағылымды кездесу өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі заман мен уақыт талабына сай аудан мен ауыл көлемінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән берілуде. Осы бағытта Қорағаты ауылдық округінде тағылымды кездесу ұйымдастырылып, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудің маңызы кеңінен сөз болды.

Қорағаты ауылдық округі Мойынқұм ауылдық кітапханасының кітапханашысы Аман Мадина Ибрагимқызының бастамасымен өткен басқосуға ауыл әкімі аппаратының бас маманы Дәулеталиев Серік, ақсақалдар төрағасы Жексенбиев Тәңірберген, «Жиенбет Жексенбай» мешітінің имамы Бердибеков Шүкірәліжәне жоғары сынып оқушылары қатысты.

«Салт-дәстүр және тәрбие» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған Серік мырза мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған қамқорлық пен мол мүмкіндіктерге тоқталды. Ол жастарды осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, алаңсыз білім алуға, сондай-ақ мектеп пен үйден тыс ортада кездесетін әдепсіз әрекеттерге қарсы бірлесе күресуге шақырды.

Кездесу барысында ауылдың ақсақалы Тәңірберген Жексенбиев те өз ойын ортаға салып:
«Тәрбие – тал бесіктен басталады. Әрбір жас Отанын, отбасын, туған шаңырағын қастерлеуі тиіс. Осы қасиеттер адам бойында тектілікті қалыптастырады», – деп жастарға өнегелі өсиет айтты.

Өз кезегінде ауыл имамы Шүкірәлі Бердибеков Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезді кемелдендіруді басты миссия еткенін атап өтіп, тәрбие мен тәртіптің адам өміріндегі маңызын кеңінен түсіндірді. Ол білімнің тек оқып-тоқу ғана емес, терең таным екенін айтып, Құран аяттарында адамды табиғатқа, өз болмысына зер салуға шақыратын үн бар екенін жеткізді.

Бүгінгі ғылым жетістіктері арқылы ғаламның шексіздігі мен оның мінсіз тәртібін, адам ағзасындағы күрделі жүйелерді танып-біліп отырғанымыз да – Ұлы Жаратушының құдіретін мойындататын дәлел екені айтылды. Ғалымдар да әлемдегі тәртіпті көре отырып, оны орнатушы күштің бар екенін мойындайтыны сөз болды.

Тағылымды кездесуде қатысушылар өзара ой бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар беріп, игі бастамаға қолдау білдірген ұйымдастырушылар мен әкімдік өкілдеріне алғыс айтты. Мұндай рухани шаралар жас буынның саналы, тәртіпті әрі елжанды болып қалыптасуына өз үлесін қоса бермек.

Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: