Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Бурыл ауылдық спорт мектебінің ұжымымен кездесіп, «Дін мен дәстүрді білу – жат ағымдардың алдын алуымыз» тақырыбында насихат айтты.
Бақытбек Бауыржанұлы: «Қазіргі таңда елімізде халықтың, соның ішінде жастардың діни сауаттылығы мен танымдық тәрбиесін арттыру маңызды екені көптеп айтылуда. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты екені айқын. Сондықтан, жастардың заманға сай діни білім деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сала. Ал жастар болса, коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден бастау алады. Қазірде ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде, - деді.