Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылында "Ел үлесі пәтерге" жобасы бойынша көпбалалы 2 отбасыға жаңа баспананың кілті табыс етілді. Айтулы іс-шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, ауданның бас имамы Қуаныш Досымжанұлы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы және ауданға жанашыр азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында облыс бас имамы мен ақсақалдар алқасының төрағасы және "Жан жылуы" қайырымдылық қорының мүшелері ақ жаулықты апаларға сөз кезегі берілді. Бірінші баспана 9 бала тәрбиелеп отырған алтын медаль иегері атанған әпкемізге берілсе, екіншісі асыраушысы жоқ 4 балалы жалғызбасты анаға сыйға тартылды. Қайырымдылық жоба ауыл тұрғындарының және ауыл жанашырларының демеушілігімен, мұрындық болуымен салынғанын тілге тиек ете кетейік.
Мұндай игілікке разы болған тұрғындар имамдарға, демеушілерге алғысын айтып, 2 шаңырақтың қуанышын бірге бөлісті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешітінің баспасөз қызметі