Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты №8 жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында аудан халқы жыл басы Наурыз мерекесін атап өтті. Салтанатты шараның шымылдығы театрландырылған қойылыммен басталды. Бұл қойылымда ақ әжелер Наурыз мерекесін паш етсе, жас өнерпаз бишілер сазды-хореографиялық композицияларымен көпшілікті тәнті етті.
Шара барысында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов және Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы сөз алып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, ақсақалдар батасын берді.
Наурыз – бірлік пен татулықтың мерекесі. Бұл күні барша жұрт өкпе-ренішті ұмытып, бір дастархан басында табысады. Бір-біріне ырыс-несібе тілеп, ақ пейілдерін арнайды. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады дейді. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы болған Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер мен молшылық әкелсін – деп ізгі тілегін арнады аудан әкімі.
Наурыз мерекесі аясында елімізге танымал эстрада жұлдыздары Наркенже Серікбаева және Меломен тобы мен ауданымыздың өнерпаз жігіттері мен қыздары өз өнерлерін ортаға салды. Аудандық мәдениет үйінің өнерлі қыздары құлпыртқан биі де думанға айрықша көрік берді. Стадионды ән мен жырға бөлеген өнерпаздарды тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдады.