Тараз қаласы Достық үйінде өткен жиында «Ар Рахман Ар Рахим» мешітінің имамы Амангелді Ембергенов «Ажырасудың алдын алу» тақырыбында сөз сөйледі.
Соңғы жылдары отбасы құндылығы әлсіреп баратындығын және ерлі-зайыптылардың арасында ажырасу көп екендігін алға тартты. Осы мәселенің алдын алу мақсатында отбасын сақтауға арналған арнайы жұмыс жасайтын рухани (мешіт және т.б.) орталықтардың бар екенін, орталыққа келген жұптарға мамандар өз дәрежесінде кеңес беретінін айтты.
"Исламда жанұя түсінігінің үлкен орынға ие екендігі «Неке (үйлену) – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», - деген Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадисінен-ақ байқалады. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің жұбайларымен өте көркем, таза, бақытты ғұмыр кешті. Оның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасындағы әрбір ісінде, сөзінде, көркем мінезінде Раббысы бұйырғандай Алла Тағаланың «Ниса» сүресіндегі: «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген аятына байланған амал болатын" - деп атап өтті имам өз сөзінде.
Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі