Жапонияда орын алған қатты жерсілкіністерінен кейін құтқарушылар тірі қалған адамдарды құтқаруға жан ұшыра кірісіп кеткен болатын. Үйіндіге айналған бір көп қабатты үйдің астынан жас әйелдің денесін көріп қалады. Ол құлшылық етіп отырғандай тізерлеп, қолдарымен бірнәрсені құшақтап отырғандай әсер қалдырған еді. Үй құлағанда әлгі әйелдің басы мен арқасын қатты зақымдағаны көрініп тұрды.
Құтқарушылардың бірі жанталасып жүріп бір кішкене саңылаудан қолын созып, әйелдің денесін ұстап көрді, өкінішке орай, тастай суық денеге қолы тиген құтқарушы жас келіншектің бақилық болып кеткенін түсінді. Құтқарушылар мәйіттің төңірегін үйінділерден босатып алғанда олардың көз алдарынан керемет бір көрініс ашылды. Жас келіншек өзінің денесімен гүлді көрпеге оралған 3 айлық сәбиін қорғап қалған екен.
Жас ана өз өмірін қия отырып, баласын құтқарып қалғаны белгілі болды. Үй құлаған кезде өз денесімен баласын қорғап қалған екен. Сәбиді қолына алған құтқарушы оның әлі де болса тәп-тәтті ұйқыда жатқанын көрді. Нәрестенің жағдайын тексеруге келген дәрігер көрпені ашып қалғанда, көрпенің ішінде жүрген ұялы телефонды қолына алды. Жанын қиярдың алдында анасының баласына деген жүректі елжіретер соңғы сөздері ұялы телефонға тайға таңба басқандай жазылып қалған еді. “Егер сен тірі қалсаң – есіңде болсын, мен сені жақсы көремін» деген сөздер болатын.
Мейірімге толы ананың соңғы сөздерін оқыған құтқарушылар көз жастарына ие бола алмай ұялы телефонды бірінен біріне беріп жатты...