Алла Тағаланың бізге нәсіп еткенін қанағат тұту – сарқылмас қазына. Бұл мақалада оңтүстік бөлігіндегі шағын қалада өмір сүрген бір әйел мен оның кішкентай ұлы туралы хикаяны айтып бергіміз келеді. Әлгі әйел күйеуінен ерте айырылған жесір жан еді.
Күйеуі қайтыс болғалы бері бір күркедей ғана үйді пана етіп өмір сүріп жатқан болатын. Үй дейтін үйде емес, тек төрт қабырғасы және ағаш есігі бар, алайда төбесі жоқ аядай ғана бір бөлме болатын. Олардың өмірі өте ауыр болатын, бірақ өзері Алла Тағаланың бергеніне разы еді. Алайда жаңбыр жауып, қатты дауыл соққан кездерде олардың күйі мүлдем кетіп қалатын. Баласы төрт жасқа келді. Осы уақыт бойы қатты қуаңшылық салдарынан неше жыл қатарынан жауын-шашын болмаған еді. Бірде кенеттен көк аспанды қара бұлт торлап, қатты нөсер құйып берсін.
Жауыннан қашқан көшедегі адамдардың бәрі үйді-үйлеріне кіріп кетеді, ал жесір әйел мен оның кішкене ұлы нөсер жауынның астында қалады, өйткені жауыннан жасырынатындай баспаналарының төбесі де жоқ. Үрейленген бала анасының құшағына тығыла түсті, бірақ анасының да, өзінің де үсті малмандай су болатын. Анасы жүгіріп барып есікті жұлып алып, оны бір қабырғаға қиғаштай қойып екеуі есіктің астына тығыла кетеді. Бейкүнә әрі бақытты көздерімен анасына күлімдеп қараған ол: «Анашым, қатты жаңбыр жауғанда есігі жоқ кедей адамдар қайтеді екен?» - деп сұрады. Осы сәтте бұл бала өзін дүниедегі ең бай жандай сезініп кетті...