Мүслім (р.а.) біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген:«Жұмаққа бірінші болып кіретіндердің жүзі жаңа туған айдай болып жарқырайтын болады, ал одан кейінгілердің жүздері аспан төріндегі ең жарық жұлдыздың шашатын нұрындай болып жарқырайды».
Қамшының сабындай осынау баянсыз өмірдегі әрбір секундтің, сағаттың, күн мен түннің қайтарылымы жоқ әрі олар біздің өмірімізді қысқартып отырады. Имансыз болып бұл жалғаннан өту деген қандай сұмдық, неткен өкініш десеңізші! Ағайындар, жүрегімізде бар иманымызды сақтап, Алла Тағаланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылып, жақсы амалдар жасаумен жүрсек, Алланың қалауымен, Тозақ отынан құтылармыз...
Бұл жалғанды жалпағынан басып, өлімнің ауылы бізден көш алыс дейтін пенде жоқ бұл фәниде. Өлім - әрбір жан иесі кірер есік болып табылады. Біздің қабірлеріміз қазылып жатса да әлі де болса тәубемізге келе алмай жүргеніміз қаншама десеңізші! Әттең, қабіріміз қазылып болмай, тәубемізге келіп алғаннан артық бақыт бар ма екен?.. Күндердің күнінде сән-салтанаты жарасқан көздің жауын алардай керемет үлкен сарайларымызды тар да қараңғы, ылғалды да суық қабірге айырбастар сәт те туар. Міне, сол қабіріміз Жұмақтың бір бау-бақшасындай не болмаса Тозақтың бір шұңқырындай болары сөзсіз. Біле білген жанға келешек үйіміздің қандай болары өз қолымызда екені айдан анық. Бірде әлдебір адамның былай айтқанын естіген едім: «Өзімді Тозақ отына жанып жатқандай әрі Тозақ мекендеушілері қоректенетін жемістерді жеп, қайнап тұрған суды ішіп, Тозақтың шынжырына шалынып келе жатқандай сезініп кеттім. «Нені қалайсың?» - деп өзімнен сұрап, сол сұраққа өзім: «Қайтадан бұл дүниеге қайтсам ғой, бәлкім жақсы амалдар жасар ма едім», - деп жауап беретін сияқтымын. Сол сәтте менің жаным: «Сен қазір қауіпсіздіктесің, жаса жақсы амалдарыңды», - дегендей болды.
Қарап тұрсақ, өмір деген көзді ашып-жұмғандай зыр етіп өте шығады екен. Жанымыз тәніміздін шықпай тұрып, Тозақтың азабын көрмей тұрып, Алла Тағаланың разылығына бөленіп, Жаратушының сүйген құлдарынан болуға әрекет етіп, жақсы амалдар жасап қалуға тырысайық, ағайын. Тек Алланың мейірімінің арқасында ғана Жұмақтық болатынымызды әсте естен шығармайықшы...