#Т.Рысқұлов: Бас имам Тасшолақта жұма намазын өткізді

#Т.Рысқұлов: Бас имам Тасшолақта жұма намазын өткізді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

       Тұрар Рысқұлов ауданының бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы Тасшолақ ауылдық «Тасшолақ» мешітінде жұма намазын өткізді. Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің тапсырмасы бойынша аудан бас имамдары ауыл мешіттерін аралап жұма намаздарын өткізуде. Бас имам «Тасшолақ» мешітінің жамағатына «Ұстазға құрмет – баршаға міндет» атты тақырыпта уағыз-насихат жасады.

   Бас имам уағыз барысында: Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы.

Абай хәкім: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқанындай, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының маңызы өте үлкен. Айталық, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.  Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.

Сол себепті де әр адам өзіне тәлім үйреткен ұстаздары алдында өзін қарыз сезініп, оларды  сыйлап, құрметтеуі тиіс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   хадисінде:

مَنْ لا يَشْكُرُ النَّاسَ لا يَشْكُرُ اللَّهَ

«Адамдарға рахмет айтпаған Аллаға да шүкірлік етпеген болады» ,- деп уағызын қорытындылады.

 Қуаныш Түзелбеков

Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: