Тараз шаһарына арнайы сапармен келген РАНТ мүшесі Дастан Желеуов
158-4 түзету мекемесіне кіріп, сотталған азаматтармен сұқбат құрды. Топтық кездесуде "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы, жат ағыммен жұмыс мәселелері бойынша жауапты маман Жарбол Ақжігіт те болды.
Аталған кездесу барысында РАНТ мүшесі сөзінде өмірде жаза басып, қателікке ұрынбайтын жанның жоқтығын айта келіп, олардың ең жақсысы жасаған қателігін түсініп, сабақ алу екенін шариғат аясында шарықтап берді. Сонымен қатар, еліміздің тыныштықта, халқымыздың береке-бірлікте ғұмыр кешіп, асыл дініміз исламның өркендеп-дамуында айрықша маңызға ие тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жайында айтып өтті. Қолда бар бақытты бағалап, қадірлеу әрбір азаматтың Отан алдындағы перзенттік борышы. Ол үшін әр адам өз кәсібі мен еңбек жолында аянбай тер төгуі керек-ақ. Ел алдындағы ер азаматтардың атқарар міндеттері мен жауапкершіліктерінің дәл осындай жоғары боларын ескерткен Дастан Желеуов жазасын өтеушілерді сенімге селкеу түсірер жат ағымдардан іргені аулақ салуға шақырды.
Маман азаматтардың сауалдарын тыңдап, дәлелді жауаптар берді. Мән-маңызы зор жиынға ұйытқы болған дін өкілдеріне түзеу мекемесінің басшылығы өз тараптарынан ерекше ықылас-ниеттерін білдіріп, алғыс айтты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз хатшысы