Құранда: «Сонда қашан малдың жаны шықса, жеңдер де, мұқтаждарға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер. Шүкір етулерің үшін осылайша малды еріктеріңе бердік», – десе, енді бір аятта: «Құрбан шалсын одан өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер», – деген.
Ибн Аббас (р.а) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (с.а.с) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Құрбанның еті үш бөлікке бөлінеді. Бір бөлігін отбасына, екінші бөлігін туыс-туғандарына, жора-жолдастарына, үшінші бөлігін кембағалдарға тарату – мұстахап.
Осы ұлық мейрам барысында, Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлының бастамасымен аудан көлемінде Құрбан айтқа мал байлап, шалуды ниет еткен жамағат үшін арнайы қасапханалар мен қасапшылар қызмет етті.
Меркі ауданында Сарымолдаев ауылдық округіне қарасты, ЖК «Шайхиев» қасапханасы құрбан шалушылар үшін қызмет атқарды. Жалпы Меркі ауданында Құрбан айттың үш күнінде 20 ірі қара, 316 қой мен ешкі құрбандыққа шалынып, ауданда тұратын көп балалы тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі мұқтаж отбасыларға таратылды. Осынау ізгілік шарасы барысында еріктілер жұмылдырылып, автокөлікпен ауыл-ауылға бөліп, 1341 отбасыға құрбан еті үй-үйге жеткізіліп берілді.
Көмек алған отбасылар өз ризалықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі