Құрбан айт қарсаңында Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлы өңірдегі мал сою орындарын арнайы аралап, қасапшылармен кездесу ұйымдастырып, шариғат бойынша мал сою ережелерін түсіндірді.
Қасапшыларға кездесу барысында Құрбан айт кезіндегі малды сою, шариғат жолымен сою бойынша және тазалық сақтау шаралары, арнайы орындардың болуы, сонымен қатар, құрбандыққа шалынатын малға зәбір көрсетілмеу керек екендігі жеткізілді.
Одан бөлек қасапшыларға мал союдың тәртібі, мал сойылатын жердің тазалығы, малды ұрмай соқпай жеткізу, құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылуы, пышақты малға қаратпай қайрау, «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп айту және де тазалық шаралары мен ережелері айтылды.
Қасапшыларға құрбандық шалу айт намазынан бастап айттың үшінші күнінің күн батқан уақытына дейін жалғасатыны, одан ерте немесе кеш сойылған мал құрбандық есебіне жатпайтыны, сынды жайттар айтылды.
Жиын соңында өкіл имам келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Меркі ауданы бойынша айт намазы таңғы сағат 6:30-да оқылатынын жеткізді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі