Баспасөз орталығында Рамазан айына арналған брифинг өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77», «Taraz 24» арналарының, ZHAMYLNews ақпараттық порталының тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында Құрбан айтының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар ұлық мерекеде атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.
Бас имам Бейбіт Мырзагелдиев өз сөзінде: «Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.
Биыл арапа - 8 шілде, ал 9 шілде айттың бірінші күні. Айт намазы Тараз қаласы бойынша 6:30- да оқылады.
Бұл жылы құрбандық шалу – дәстүрлі түрде, қасапқаналар арқылы жүзеге аспақ. Осы мақсатта Таразда 2 қасапхана мен бірнеше қасапшылар жұмыс жасайды. Аллаға шүкір пандемия сынды сынақты күндер артта қалды. Сондықтан бұл жылы тікелей қасапхана арқылы құрбандық шалуға басымдық беріледі. qurban2022.kz сайты да жұмысын жасап тұр. Ал етті мұқтаж отбасылар тіркелу арқылы ала алады. Ет тікелей қасапханада таратылады, оны тарату үшін мешіттерден құрылған еріктілер тобы көмек көрсетпек.
Мешітте айт намазынан соң дәстүрлі киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар: қошқар палуан, арқан тартыс, қол күрес, ләңгі сынды ойындар ойнатылады. Ақ дастархан жайылып, үлкен дәрежеде атап өтпекпіз. Ал айттың 2-3 күндері әйелдер жамағатына арналған мерекелік шаралар өтеді» - деп атап өтті.
Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Тілшілер өз сауалдарын қойып, керекті мәліметтерін түртіп алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі