Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлының бастамасымен алда келе жатқан «Құрбан айт» мейрамына қызу дайындық жүріп жатыр.
Көптен бері жөндеу көрмеген мешітте сенбілік ұйымдастырылып, əрлеу-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Атап айтсақ, мешіттің сыртын жаңа түске бояп, күмбездері сырланды. Сонымен қатар мешіт асханасының ас дайындайтын бөлмесі күрделі жөндеуден өтті. Мешіт ауласына асфальт пен брусчатка төселіп, қоршауы боялды. Мешіттің ішіне және дәретханаға тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Меркі ата» мешітінің жамағаты, әсіресе мешіт ақсақалдары белсенділік танытып, шама-шарқы келгенше ғимараттың жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта мешіттің әлі де көптеген жұмыстары бар. Ауданымыздағы орталық мешіт болғандықтан, жамағатты, халықты өзіне тартып тұратындай, айналасына топырақ төгіліп, көз тартарлық гүлдер егілсе деген ниеттеміз.
Әлі де болса жаңарту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оны жүргізу қаражатқа және қолынан іс келетін азаматтарға тіреліп тұр.
«Көл тамшыдан құралады» дегендей, Алланың үйін қалыпқа келтіруге қаржылай көмектесіп, белсенділік танытсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді ағайын!
Мешіт жөндеуіне қол ұшын беремін деген азаматтар болса, «Меркі ата» орталық мешітіне хабарласуларын сұраймыз.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешіті