Пітір садақасы қалай беріледі?

Пітір садақасы қалай беріледі?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пітір сөзі араб тілінде - «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы шариғатқа енгізілді. Басқа садақалар мал-мүліктің көлеміне қарай берілсе, бұл садақа кісі басына қарай беріледі. Алла Тағала Құранда: «(Садақа беріп) өзін тазартқан әрі Раббысының есімін еске алып, намаз оқыған адам, сөзсіз, мұратына жетті», – деген. («Ағла» сүресі, 14-15 аяттар).  Касир ибн Абдулладан, әкесі, атасынан жеткізген хадисте: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы аят жайлы сұрағанда, ол: «Бұл аят пітір садақа жайында түсірілген», – деп жауап берген» (Ибн Хузәймә).

Адамның табиғатына тән бір мінез бар. Ол эгойзм, яғни өзімшілдік. Өз қажеттілігін өзгелердің қажеттілігінен артық көру. Бұны арысы Пайғамбарларды мойындамаумен, бергісі тарихта өз қамын ойлаумен шектелген. «Сен тимесен мен тиме» дегендей, қоғамда болып жатқан әлеуметтік жағдайға бей-жай қарау, мұқтаждарға елеусіз мәміле жасау осы біздің өзімшілдігімізден туындайды. Алла ораза арқылы осыны бізге сезіндіреді. Қолындағы бар асына аузы жетпей, кешке дейін аш құрсақ жүрген адам өзінің өзімшілдігінен сәл болса да арылады. Ораза ұстап, аш жүрген кісі кедейліктен аш-жалаңаш жүрген кісінің мұқтаждығын түсіне алады. Жүрегінде мейірім мен махаббат орнайды. Жетімнің басын сипайтын, жесірдің жағдайына қарайласатын сезім бойда жинала береді. Сол үшін біздің шариғатымызда оразамен садақалар қатар жүреді. Оның ішінде көбінше ораза кезінде берілетін зекет, жай садақалар, арнайы ораза садақасы болып есептелетін пітір садақалар кеңінен беріледі. Намаздың кемшілігін сәһу саждесі жойғаны сияқты, оразаның кемшлігін пітір садақасы жояды. Кісі оразасын үш жағдаймен ұстай алмаса, яғни өмірден өтумен, созылмалы ауру себебімен, қартаюмен ол кісілерде ораза алтернативі ретінде фидия садақасын қолданылады. Яғни әрбір күніне биылғы есеп бойынша 3000 теңге көлемінде ас ауқат не қаржылай жоқ-жітік, міскіндерге көмектеседі. Мұның бәрі әлбетте Аллаға адалдыққа негізделген дүниелер. Алламен жолығуды үміт еткен, әрбір Рамазанды өзінің құт-берекесі деп сезінген жанға бұл тақырыптар түсінікті болады. Бәрін бара көреміз деп жүрген кісілерг бұны түсінуі неғайбыл. Бұл оларға жұмбақ іс болып қалады.

Шариғатымызда адамның өлген не туған күні тойланбайды. Мерекенің барлығы Аллаға адалдық үшін жасалған ғибадаттарға негізделеді. Отыз күн ораза ұстап, түні намазда, күндізді нәпсі тәрбилеумен өткізген кісі үшін осы ғибадаттар соңы мерекеге айналады. Айт күні елмен көрісіп, дастархан жайып, пейілін кеңге салады. Құлшылықтарын көрікті қылып, өткізуге тырысса да кем кеткен жерін пітр садақасын берумен толықтырады. Пітір садақаны бүкіл Рамазан айы бойы берсе де, айтқа жақын берсе де болады. Былайша айтқанда өзі де қуанады елді де қуандырады. Осы сияқты құрбан айт мерекесі де қажылық рәсіміне негізделеді. Ол жерде де мал шалынып жоқ-жітіктерге көмектесіледі.

Хош  делік. Бұл садақаны кімдерге беру міндет?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 200 мың теңге деп бекітілді.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, әлбетте сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

 Алмас  Кенжемолдаев

Тараз қаласы "Фирдаус" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: