Дұға - мұсылманның қаруы

Дұға - мұсылманның қаруы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барлық мақтау Аллаға тән. Оның салауаты мен сәлемі соңғы пайғамбарыз Мұхаммедке, оның сахабаларына, әулетіне және артынан ерген барша мұсылмандарға болсын! 

Жаратушы Алла қасиетті Құранның "Зәрият" сүресінің 56-аятында «Мен адамдар мен жындарды тек Өзіме ғана құлшылық етулері үшін жараттым» - деген.  Демек, пенденің миссиясы өзіне өмір берген, санауға саусақ жетпейтін нығметтер берген Раббысына құлшылық етіп, екі дүниелік қажетін сұрап, дұға етуі.  Ұйықтамайтын һәм қалғымайтын Алла дәйім дұғаны қабыл етеді.  Әрі дұға етіп, жалбарынған құлын жақсы көреді.

Адамзат баласы Құранда баяндалғандай әлсіз жаратылған. Әрбір ісінде, тіпті тыныс алуында Иесіне мұқтаж.  Аллаға дұға ету, жәрдем сұрау оған деген мойынсұнғандықтың бір көрінісі. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бәтеңкеннің бауын байлау керек болса да Алладан көмек сұрауды бұйырған.

Дұға - мұсылманның қаруы. Құлына берген Құдайдың мүмкіндігі. Ыждахатпен, ықыласпен және сүннетке сай болған дұғалар Алла қаласа қабыл болады.  Қабыл болмады деп мұсылман мұңаймауы тиіс. Бәлкім, бәрін білуші Хақ алдымызда келе жатқан бәледен қаққан шығар. 

Асыл дінімізде дұға жасау туралы көптеген сөздер айтылған. Ол Алланың кәләмінде, оның Расулының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде, сахабалардың, ізгілердің сөзінде көрініс тапқан.  Осы жолды берік ұстаған бабаларымыздың нақылында да дұға туралы айтылған.

Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, басқадан сұрағанның екі көзі шығады деген бір ғана мақал қазіргі қоғамдағы түйіткілдерді түйреп отырған жоқ па?  Бүгінгі таңда Аллаға серік қосып пайда да, зиянда бере алмайтын «жалған құдайларға» жалбарынып жүрген жандар аз емес.

Алла Тағала өзінен дұға етіп, сұраған пендесінің қолын бос қайтаруға ұялатыны туралы сүннетке дәлел бар. Тіпті көптеген орындар мен мезеттерде міндетті түрде дұғаның қабыл болатыны жайлы мысалдар жетіп артылады.

Халқымызда достан дұға деген сөз бар. Осы сөз арқылы жер бесікке бөленгенше дұға етіп, адамдардың ризашылығын алған жөн екенін түсінеміз. Бата беру салтымыздың өзі асыл дініміздегі дұғадан бастау алмай ма?

Алла баршамызды дұғасы қабыл болған құлдардан етсін. Әсіресе, Рамазан айында көбірек дұға етуді нәсіп етсін. Ең бастысы Ибраһим пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі болсын) "Бақара" сүресінде айтылған дұғасындай: Қаламыз қауіпсіз (еліміз тыныш), содан соң Аллаға иман келтірген құлдардың ризықтарын молайта гөр демекпіз. Жасаған дұғаларымыз лайым қабыл болсын!

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: