Жоқтың қадірі (көзге жас алдыратын әңгіме)

Жоқтың қадірі (көзге жас алдыратын әңгіме)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Біздің балалық шағымызда "бар" деген сөз жоқ еді, "жоқ" бар еді. Нені қаласақ та, "жоқ" деген жауапты еститін едік. Жоқтық заманында өсіп жетілдік. Не қаласақ та жоқ. Мысалы, әкемізге "шалбар алып бер" дер едім. Ол: "жоқ", дейді. Ойыншық алып бер деймін. "Өзің жасап ал" дейтін еді. Лай, батпақтан ойыншықтар жасар едім. Әкемнің ескі костюмінің шынтағын кесіп, ішіне жүн толтырып, доп қылып ойнар едім. Қарындасым да қуыршақтарды өзі жасап алар еді. Сол үшін де біздің дәуірімізде қандай да бір нәрсенің қадірін білу деген нәрсе бар еді.

Бір күні әкем:

-Сендерге шалбар алып келейін бе?

Білесіз бе, бұл сөзді есіту біз үшін қандай қуанышты сөз еді? Біз үш ағалы-інілі қатты қуанудамыз.

-Жақсы болды ия? Ауыл басшысының (председатель) баласы киетін шалбарды біз де киетін болдық...

      Мен үшінші сыныпта оқитын едім. Інім біріншіде. Кейінгісі алты жаста. Біздердің арман қиялдарымыз асқақ еді. Үмітіміз әлгі автобуста болды. Әкем сол автобуспен қаладан оралуы керек. Ауылымызда электр жоқ, теледидар жоқ. Төрткүл дүниеден хабарымыз жоқ. Анам, атамның ескі гүлді тонын бұзып бізге шалбар тігіп беретін еді...

  Інім айтты:

-Саған қандай түсінен алып келер екен?

-Қара.

-Менікі көк түс болса ғой.

-Неге? - дедім.

-Сен гүлді тонмен мектепке барасың ғой. Ал мен болсам, шалбарда мектепке барамын.

Кейін айтты:

-Әкеміз қаладан аяқ-киім де алып келер ме екен?

Мен:

-Қара гәлөш алып келеді, - дедім.

Бір кезде алыстан шаңдатып келе жатқан автобустың да қарасы көрінді. Біздің үмітіміз, бар күткеніміз де осы автобус еді. Әкем көрінді...

Базарлықтар ашыла бастады. Маған бір қара шалбар. Ақ жағалы қара көйлек және бір резина гәлөш шығарды. Менен кейінгі ініме де маған не бұйырылса, солар бұйырды. Дәлме-дәл... Үміттене күткен ең кіші інім де базарлықтарды ашуда. Бірақ оған ештеңе жоқ еді. Ол бір кезде әкеме телміре қарап, үңілді.

-Маған ше?

-Балам, саған келесі жолы барғанда әкеп беремін.

  Інімнің түрі өзгеріп, жылап жіберді. Бөлмеден шығып кетті. Сол кезде әкемнің көздерінің жасаурап тұрғанын анық байқап қалдым. Кешкі аста дастархан маңайына жиналдық. Бәрі жым-жырт. Үнсіз. Ешбіріміз сөйлей алмай тұрмыз. Тек інімнің дауысы естіледі. Терең күрсініп, арасында өксіп жылап қояды..

Таңертеңгісін ертелетіп мектебіме аттандым.

-Қандай әдемі!

-Өте жарасымды!

-Бір рет киіп көрсем бола ма? - дейді ең кіші інім.

- Жоқ. Кір қыласың, - деп қоям. Екінші күні тағы жалынды. Бермедім. Үшінші күні де сұрады.

-Болмайды.

-Саған өте керемет жарасады. Аяқ-киіміңмен бірге кигенде, тіпті тамаша!

Маған да жарасатын шығар.

-Саған ұзындау болады.

-Балағын қайырып аламын.

-Жоқ. Кір қыласың.

-Кілемнің үстінде тұрып киемін. Айнаға бір қарап алсам болды.

-Мейлі, жарайды. Ертең жұма. Мектептен келген соң, бес минутқа киіп көресің. Кіші інім қуанып кетті. Кешқұрым қатар-қатар болып жатырмыз. Інім мені түртіп:

-Ұйықтамадың ба? Мен ұйықтай алар емеспін. Азаңда шалбарыңды киіп көрсем деп едім. Таңертең мектепке кетейін деп жатқанымда ол да ұйқысынан тұрған еді.

-Бүгін ертерек кел, жарай ма? Мен сені есіктің алдында күтіп тұрамын. Мен сабағыма кеттім...

Үшінші сабақ болып жатқан еді. Есік ашылып, мектеп директоры кіріп келді. Мұғалімнің қасына келіп, құлағына бірдемелер айтып сыбырлағандай болды. Неге екенін қайдам, мұғалімнің түрі өзгеріп сала берді. Маған қарап:

-Сен үйіңе бара аласың ба? Әкең сені шақыртып жатыр екен, - деді.

Мен ішімнен өзімше: "Інім қоймай, әкемді көндірген болса керек, шалбарды кию үшін. Сабақ біткенше сабыры жетпегені ма?" - деп қоям.

Заттарымды жинастырып, мектептен шықтым. Көшенің басына да жеттім. Үйіміздің маңайы адамдарға толы. Інім де есік алдында күтіп тұрам деген еді, көрінбейді. Іште анамның аянышты жылаған дауысын естідім.

-Ұлымды беріңдер маған! Балам! Қошақаным!

Анығына жетіп білсем, ауылымызда бір кісі жаңа алған тракторымен үйіміздің алдынан өтіп бара жатып, інімді байқамай қалыпты. Інім трактордың астында қалып кетіп, жан тапсырыпты..

Сене алар емеспін... Мен ініме шалбарымды бере тұрам деген күн, оның жан тапсырған күні болған екен..

 Қазіргі таңда ұрпақтарымыз кезінде біздер таба алмаған нәрселерді лезде-ақ телефондарынан тауып ала алады. Кейбір қауым жоқшылықтармен сыналатын болса, кейбірі баршылықтармен де сыналары сөзсіз.

Сондықтан өсіріп отырған ұл-қыздарымызға әр нәрсенің қадіріне жете білуді үйретуді ең алдыңғы кезекке қойып, мақсат еткеніміз жөн. Олардың асқазандарын ғана толтырып қоймай, оларға рухани азық бола алатын көптеген құндылықтарды да бойларына сіңіре білгеніміз абзал. Өйткені, бүгінгі ұрпақ-еліміздің ертеңгі болашағы.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: