Уақыттың қадірі

Уақыттың қадірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Уақыт – Алла Тағаладан адамзатқа берілген бағалы ризық. Жұмақтың кілті болып саналатын ең басты құлшылық – намаздың басты шарты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан, уақытты босқа өткізу адам өміріне жасалған үлкен қиянат. Уақытың – өмірің. Күн мен түннің ауысуы, жыл мезгілдері, көктем мен күз, жаз бен қыстың ауысуы өмірдің де мезгілі бар екенін аңғартады. Кез келген адам уақыт өте келе босқа өткізген уақыты үшін өз ұжданы алдында ұялары сөзсіз. Баға жетпес қымбат уақытымызды немқұрайлылықпен жасайтын түкке тұрғысыз дүниелер үшін жұмсап жатқанымызды жақсы түсінеміз. Бірақ, өкінішке орай, ұзақ сонар уақытты «өлтірудің» ақыры бізді бұл дүниеде болсын, мәңгі дүниеде болсын не нәрсеге әкеліп соғатыны жөнінде бас қатырып жатқанымыз шамалы.

Әрбір шыққан деміміз арқылы өміріміз қысқара түсуде. Бос өткізіп алған уақытымызды, қайтара алмаймыз. Уақыт – Алла Тағаланың бізге берген шексіз нығметі, оны өз игілігімізге жаратамыз не болмаса зая кетіріп, өзімізге масыл етеміз, сол үшін де Алла алдында жауапқа тартыламыз. Алланың жаратқан пендесінің ең құнды байлығы — оның осы дүниедегі өлшеулі ғұмыры. Алланың кімге қанша уақыт ғұмыр бергенін ешкім де білмейді, дей тұрғанмен, осы өмірдің өзі Алла Тағаланың бізге берген ең қымбат сыйы әрі ең үлкен сынағы болып табылады. Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Қиямет күнi төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды: өмiрiн қалай өткiзгендiгi, жастық шағын қалай өткiзгендiгi, мал-дүниесiн қалай тауып, қайда жұмсағандығы, бiлiмiне қалай амал еткендiгi», - делінген. (Тирмизи)

«Адамдардың көбі дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес екі бірдей нығмет – денсаулық пен бос уақыт».

 Аталмыш қос нығмет Алланың бізге берген асыл аманаты. Алайда, өкініштісі, адамдардың көбі ол екеуінің қадірін дер кезінде біле бермейді. Бүгінгі таңда, ұзаққа бармай-ақ айналамызға көз салсақ, кей адамдардың осынау асыл аманатқа қалай көпе-көрінеу қиянат жасап жатқанына еріксіз куә боламыз. Әсілі, қай адамды болмасын құрдымға батыратын аталмыш жаман қылықтар мен әдеттер көбіне-көп жастық шақта қалыптасады. Сөйтіп, ақыр соңында адамдардың көбі жас күнінде үйренген жаман әдеттердің шырмауынан шыға алмай тек жастық шағын ғана емес бүкіл ғұмырын зая қылады. Ардақты пайғамбарымыз осынау қос нығметтің қадірін дер кезінде түсініп, ғибрат алу үшін үмбетіне науқастардың көңілін сұрауды және қабірлерді зиярат етуді өсиет еткен.

Кімде-кім уақытын пайдасыз, түкке тұрғысыз дүниелерге жұмсаса, сол ар-ұжданы алдында азап шегеді, жан тыныштығынан айырылады, себебі, уақыт – Алла тағаланың аманаты. Уақыт – Алланың бізге сеніп тапсырған игілігі, ал біздің міндетіміз Алланың разылығын алу үшін сол уақытты тиімді түрде пайдалану.

Алла Тағала пендесіне парыз еткен намаз арқылы да уақытты тиімді пайдалануға үйреткен. Қасиетті Құран Кәрімде «Расында, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды» деу арқылы берілген уақытты жақсы амалдар жасауға жұмсап, бос өткізіп алмауға бұйырады. Қазіргі кезде адамның назарын өзіне аударып, уақытты босқа өткізуге үндейтін ақпарат алмасуға арналған әлеуметтік желілер күн санап көбеюде. Ғаламтор, теледидар сынды уақыт жегіш құралдарды тек керегінше пайдаланып, көгілдір экранға телміргенше сол уақытымызды отбасымызбен мәміле жасауға, достарымыз, бауырларымызбен бірге Алланы еске алуға жұмсасақ нұр үстіне нұр болар еді. Бір сағат болса да Алланың кәләмін оқуға жұмсасақ осы өмірде де ақыретте де сауабы мол болары сөзсіз.

Егер адам баласы бір заттың бағасының қымбат екенін білсе оны сақтау үшін барын салады. Ал уақыт – баға жетпес қазынамыз, қайтарылмас мүмкіздігіміз. Егер біз уақыттың қадірін толық түсінсек,оны тек Алланы мадақтап, еске алумен ғана өткізетін едік. Әр секундын жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана адам баласы ақыреттік бақытқа қол жеткізе алады. 

Алла Тағала баршамыздың өз уақытымызды тиімді пайдаланып, сол ең құнды байлығымыздың қадірін түсініп, оны дұрыс, жақсы амалдарға пайдалануымызды нәсіп етсін.

Ахат Қайыпбергенұлы,

Талас аудандық «Қажы би» орталық мешітінің ұстазы.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: