Ихсан ілімі: Тәкаппарлықтың зардабы

Ихсан ілімі: Тәкаппарлықтың зардабы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тәкаппарлық арабтың «кибр», «тәкәббур» сөзінен шығады. Қазақша мағынасы менмендік,  менсінбеу, паңдық деп аударуға болады.  Адам бойындағы болатын теріс қасиеттердің ең жаманы,  ең лайықсызы, ол тәкаппарлық. Бұл Жаратушыға да, қоршаған орта, қоғам, жұртқа да мүлде жақпайтын қылық. Алла Тағала мұндай қылыққа қатаң түрде тыйым салған:   

«Жер бетінде алшаң басып жүрме, расында сен жерді тесе де алмайсың, биік таулармен де теңесе алмайсың» (Исра, 37аят).   «Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды» (Нахыл. 23 аят).

Шынында да, Жаратушының жаратқан  пендесі қалайша басқаларға тәкаппарлық танытады, қалайша менмендікпен өзінің түп-негізін ұмытады.  Алланың елшісі (с.а.у) менмендік, тәкаппарлықтың барлық түріне қатаң тыйым салып, ондайлардың Алланың азабына лайық болатындығын қатаң түрде ескерткен.  

Даңдайсу, өзгені менсінбеу, өзін  өзгеден жоғары санау Алланың ашуын тудырады. Тәкаппарлықты «кібір» деп те атайды. Кібір – ширкке алып барады. Яғни, тәкаппарлықтың түбі -  рия. Рия – кіші ширк боп табылады.

Алла елшісі (с.а.у) Құдси хадисте келген хабарда:  «Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын» - деп баян етеді.

Ибн Масғұдтан (р.а) Алла Елшісінің (с.а.у) былай дегені риуаят етілген: «Жүрегінде  мысқалдай тәкаппарлығы бар жан жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір кісі: «Алайда кейбір адам киімінің, аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды ғой», – дегенде ол (с.а.с.): «Шындығында Алла көркем әрі көркемдікті жақсы көреді. Ал, тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау, адамдарды менсінбеу», – деді.(Имам Муслим).

Ақиқатында әрбір мұсылманның ең басты ұстазы – Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у). Қарапайымдылық пен көркем мінезде одан асқан жан болмаған. Ол тақыр жерге отыра салатын. Құлдармен, пақырлармен, кедей-кепшікпен тең дәрежеде әңгімелесетін. Үй жұмыстарында әйелдеріне көмектесетін. Сахабаларына да жәрдем беретін. Пайғамбарымыздың (с.а.у) көркем болмысы одан басқа да сансыз бекзаттық ерекшеліктерге, ізгі қасиеттерге толы болатын. Тәкаппарлықтың ең жаман қасиет екендігі туралы мұсылман ғалымдары, тақуалар, ойшылдар ой толғап, басқаларды осы бір жаман әдеттен сақтандырып кеткен. Суфиян Сәури былай дейді: «Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәның кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді».  

 Кібірдің ең басты жеті себебі бар: Ілім, яғни діни ілімдер, ғибадат, текті болу, сұлулық, күш-қуат, байлық, мансап. Бұл сипаттар, қасиеттер надандардың бойынан табылса, ол тәкаппарлыққа себеп болады. Тәкаппар болу харам болып табылады. Тәкаппарлық Алла Тағаланың  сипаты. Кібір және кибрия сипаты, Оған тән. Адам нәпісін қанша төмен ұстаса, Аллаһу та’аланың дәргейінде қадірі соншалықты жоғарылайды. Өзін құрметті, қадірлі деп санаған адамның, Алла Тағаланың дәргейінде қадірі болмайды. Тәкаппарлықтың зиянын білмейтін адамды ғалым деп атау өтірік болады. Адамның ілімі артқан сайын, Алла Тағаладан қорқуы артады. Күнә жасауға батылы бармайды. Сондықтан да пайғамбарлар «алейһимуссалам» өте қарапайым еді. Алла Тағаладан қатты қорқатын еді. Оларда тәкаппарлық, менмендік сияқты жаман мінездер жоқ еді. Кішілерге, пасықтарға және күнәһарларға да қарсы тәкаппар болмау керек. Тек тәкаппарларға қарсы тәкөрсетсе болады.  Білімді адам жаһилді (наданды) көрген кезде, "бұл адам білмегендіктен күнә істеп жатыр. Мен болсам, біліп тұрып істеймін" деуі керек. Бір ғалымды көргенде, "ол менен көп біледі және ілімінің ақысын беруде. Ықыласпен амал жасайды. Мен мұндай емеспін" деу керек. Өзінен жасы үлкен біреуді көргенде, "ол менен көп ғибадат жасаған" деу керек. Жастарды көргенде, "олардың күнәсі аз, менің күнәларым көп" деу керек. Өзімен жастыларды көргенде, "мен өз күнәларымды білемін, бірақ олардың амалдарын білмеймін. Білініп тұрған қылмысқа жаза беріледі, білінбегеніне емес. Олай болса, оған қарағанда мен жазаға лайықтырақпын" деп, өзін төмен санау қажет. Бір бидғатшыны немесе кәпірді көргенде "адамның халі соңғы демінде белгілі болады. Менің халім не болады екен" деп, оларға да тәкаппарлық етпеу керек. Бірақ, оларды жақсы көрмеу керек. Себебі, оларды сүюдің өзі күпірлік болып саналады. Алла Тағала бізді ондай адамдар қатарынан болудан сақтасын.

Тәкаппарлыққа  тура қарама – қайшы болатын мінез – қарапайымдылық. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у)  амалында өте қарапайым болған және сол қарапайымдылықты үмметіне насихат етіп қалдырған. Бұған қатысты, өсиет сөздерінің бірінде Алла Елшісі (с.а.у) былай деген екен: «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Сендердің басқалардан еш артықшылықтарың жоқ. Алланың рахмет есігі әрқайсыңа да ашық. Кімде-кім, өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Ал кімде-кім, қарапайым болса, Алла оның дәрежесін көтереді. Сонымен қатар, Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына, Алла Тағала жүз еселік дәреже береді»- деп сүйіншілеген. Құрметті бауырларым. Алла Тағала бізді тәкаппарлықтан сақтап, әрдайым тек қарапайым, амалдарымызда шынайы болуымызды нәсіп етсін. 

 Ахат Қайыпбергенұлы,

Талас аудандық «Қажы би» Орталық мешітінің ұстазы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: