Рамазан айына қатысты жиі кездесетін сұрақтар

Рамазан айына қатысты жиі кездесетін сұрақтар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

      Қасиетті рамазан айына аман-есен жеткен, сондай-ақ балиғат жасына толып, әрі ақыл есі бүтін болған  әрбір мұсылман үшін ораза тұту - парыз. Бұл жөнінде  қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер»,- деп баяндалады. Әрі ораза ұстаушының рамазан оразасына  ниет етуде де шарт саналады, бұған дәлел Құран Кәрімде: «Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ықыласпен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары және зекет берулері үшін әмір етілген»,- деп келуі.

   Науқас адамның оразасы қандай болмақ?

   Адам бойындағы науқасы жан шыдатпайтындай ауыртса, ұстаған оразасы салдарынан иммунитеті төмендеп, өлімге алып келетіндеу жағдайда болса ораза ұстамауға негіз бола алады. Ауруынан жазылып, сауығып алған соң қаза күндерінің оразасын өтеп жібереді. Кей жағдайда денсаулығына немесе бойындағы дерттің ауырлығына байланысты ораза ұстауға шамасы жетпейтін жандар, рамазан айының оразасын өтей алмаған жағдайда әр күні үшін фидия өтемін өтейді. Оған қатысты Алла тағала қасиетті Құранда: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса бір міскіннің (бір күн) ішетін тамағын (күнде) беріп тұрсын», - деген.

Фидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Ал пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 500 теңге болып бекітілді. Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді. Ал кей күндері ораза ұстауға шамасы жеткен адам сол күндері ораза ұстап, қалған ұстамаған күндерінің қазасын шамасы келген күндері өтейді. Бұларға фидия өтемі рұқсат емес. Ал енді бұл адамдардың кейбірі жаз мезгілінде күннің ыстық болуына байланысты ораза ұстауға шамасы келмесе, қыс мезгілінде жазғы оразаның қазасын өтейді.

   Ораза кезінде дәрігерге көріну мен ем қабылдау қандай болмақ?

  Ораза тұтқан адамның дәрігерге көрінуі және де талдау (анализ) үшін қан алдыру оразасын бұзбайды. Оған дәлел Ибн Аббастан (р.а.) келген риуаятта «Пайғамбарымыз (с.а.у.) ораза бола тұра хиджама жасатқан еді» - деген. Алайда асқазан жолдарын тексеру (зонд жұту), гинекологиялық тексерулер (вагиналды ультра дыбыстық зерттеу) кезінде медициналық құралдарға арнайы гель, мазь қолданылатындықтан оразаны бұзады. Ауыз ашқаннан кейін ішке дәрі-дәрмек қабылдай беруге болады. Құлақ мен мұрынға арналған  дәрі тамызу оразаны бұзады. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен (тамақпен) байланысы бар. Яғни дәрінің тамаққа өтіп кету қаупі бар. Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың (тамақ) арасында байланыс жоқ.

 Жанна Қадырқұлова

Жастар ресурстық орталығының аға инспекторы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: