#БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

#БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Уақыт өткен сайын хақ дініміз Исламның діңгегі нығайып, аудан аумағында имандылық үйлері қатарға қосылып, жамағатқа қызмет көрсетуде. Өткен сенбіде Қостөбе ауылында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгімен жаңа келбетке енген мешіттің құрылысы аяқталып, әсем мешіт халық игілігіне қайта берілді. Имандылық пен ізігілікке шақыратын Алла үйінің құрылысын жеке кәсіпкер Қайрат Байғараев өз демеушілігімен жүргізді.

200 орынды мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Рамиз Азизов, ауыл тұрғындары қатысты.  

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы дініміз бір, дәстүрді сақтай білген халық екендігімізге және Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлттық кодты сақтауға қатысты ой қозғап, ауыл тұрғындарын мешіттің ашылуымен құттықтай отырып, мешіт құрылысымен айналысқан атпал азаматқа ризашылық сезімін білдірді.

Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев барша жиылғандарды құттықтап, өз лебізін білдірді. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, бұл мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», - деген бас имам мешітке ең үлкен сыйлық - қасиетті Құран Кәрімді тарту етті.

Өкіл имам жиналған бұқара халыққа мешіт салудың сауабы мен имандылық иірімдері турасында насихат айтты. Қонақтар да кезегімен сөз алып, өңіріміздегі рухани жетістіктерге ризашылық білдіріп, игі тілектерін жеткізді.

Ал, қуанышында шек жоқ тұрғындар атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыр Зулуфов сөз алып, жамағаттың ізгі тілегін орындаған Қайрат Байғараевтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Бұдан соң ғибадат үйінің лентасын облыстық "Һибатулла" мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыр Зулуфов пен ауыл қариясы Айтай Баймушев салтанатты түрде қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Мешітте уағыз айтылып, алғашқы намаз оқылды. Ел ағалары мен имамдар аталы сөз, әсерлі уағыз айтып, халықты бірлікте, ынтымақта болып, осындай игі істерді көптеп жасауға шақырды. Ауыл көркін ашқан мешіттің ашылу салтанатына жиылған көпшілікке ас беріліп, құран оқылды.

Мешіт - жамағатымен көрікті. Мешіттер адамзатты ізгілік пен рухани тұтастыққа бағыттайтын орын. Тұғырлы тәуелсіздік пен тұрақтылық арқасында елімізде мешіттер саны артып келеді. Діннің мақсаты – елді ұйыту, ұйыстыру екенін ескерсек, Қостөбе ауылындағы бұл имандылық үйі ауылдың ауызбіршілігі мен жамағаттың бауырмалдығы үшін қызмет ететін болады.

Байзақ аудандық мешітінің баспасөз қызметі 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: