Қордай аудандық мешітінің наиб имамы Нұрбол Солтанбек мешіт жамағатына "Ақырет күніне иман" тақырыбында әсерлі уағыз жүргізді.
Имам ақырет күніне иманның маңыздылығы, ол жайлы шариғатымызда айтылған дәлелді мәселелер, есеп күнінде болатын жағдайларды тілге тиек етті.
Діни уағызды сағынып, ұйып тыңдаған көпшілік көкейкесі сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар ала алды.
"Ақырет күніне иман келтірудің мәні мен маңызы өте зор. Осы себепті құран аяттарында ақырет өмірі жайында кейде ашық аяттар арқылы сипаттаумен, кейде мысалдар беру арқылы көп айтылған. Мен кіммін, қайдан келдім, не үшін келдім және қайда барамын деген тәрізді өмірдегі әрбір пендені мазалайтын сұрақтардың жауабы да бірге жазылған. Ақырет күніне иман келтіріп қана қоймай, сол өмірге азығын да жинаудың қамын жеген Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да: «Қайдан келдім? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?- деген болатын. Олай болса, қайдан келіп қайда баратындығын білетін шынайы мұсылманның келешек жайында, өлгеннен соң не болатындығы жайында уайым-қайғысы болмайды деп кесіп айтпасақ та, Алланың дайындаған жәннатынан үміті болары сөзсіз" - деп түсіндірді имам уағызында.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі