- «Кім Аллаға, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (Бақара-62).
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің наиб имамы Қасымалиев Батырбек Жақсымбетұлы мешітке келген жамағатқа иман негіздерінің бірі болған «Ақыретке иман» тақырыбында уағыз айтты.
Уағыз барысында имам: «Ақырет күніне иман ету – иман негіздерінің бірі. Оған сену – парыз. Құранда Аллаға иман етуге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне иман ету де бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік: «Кім Аллаға, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса, оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды»; «Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе, міне, солар – шыншылдар әрі тақуалар». Пайғамбарымызда (с.ғ.с.) ақыретке қатысты көптеген хадис айтып кеткен: «Қиямет күні Алла Тағала аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жасаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды, ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда, дәл алдында жәһәннамнан басқасын көре алмайды. Олай болса, бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңыздар»» - деп атап өтті.
Уағыз барысында «Ақырет күніне» байланысты мәселелер айтылып, келген жамағат өз сұрақтарына тұщымды жауаптар алып, осы мұсылман үмметінің екі дүниесіне бақыт тілеп, қабыр, тозақ және ақырет қиыншылықтарынан бір Алла өзі сақтасын деп дұға жасасып тарқасты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі