Сахабалардың арасында бұл адам Дәжжал ретінде белгілі болған әрі бәрі оған елестердің көрінетінін айтқанда Пайғамбарымыз (ﷺ) оны білгісі келіп, сынамақ болады. Ибн Омар мен Омар (р.а.) және Алла Елшісі (ﷺ) бірігіп Ибн Сиядқа барғанда, ол балалармен ойнап жүрген және әлі балиғат жасқа толмаған болған. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оның қолынан қағып қалып, былай сұрайды:
- Менің Алланың Елшісі екендігіме куәлік бересің бе?
Ибн Сияд оған қарап: «Сенің оқу, жазу білмейтін Елші екендігіңе куәлік беремін», - дейді де Пайғамбарымызға (ﷺ) былай деп сұрақ қояды: «Ал сен менің Алла Елшісі екендігіме куәлік бересің бе?» Пайғамбарымыз (ﷺ) мұны қабыл алмайды да былай дейді: «Мен Аллаға және Оның елшілеріне иман келтірдім». Сосын одан не көретіндігін сұрайды. «Ақиқат және жалған елестер көремін», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сенде бәрі шатасып кеткен», - дейді де оған былай айтады: «Мен бірнәрсе жасырдым. Не екенін таба аласың ба?» Ол: «Түтін», - дейді де былай айтады: «Сен пешенеңе жазылғаннан асып кете алмайсың» (1).
Сонда Омар (р.а.): «О, Алла Елшісі, оның басын шауып тастайыншы», - дейді. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтады: «Егер бұл нағыз сол болса, сен оны өлтіре алмайсың, ал егер ол болмаса, оны өлтірудің қажеті жоқ» (2).
Ал басқа риуаятта, Алла Елшісі (ﷺ) одан не көресің деп сұрағанда,
Ол: «Судың үстіндегі тақты», - көремін деп жауап береді.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтады: «Бұл тақ Ібілістікі. Тағы не көресің?»
Ол айтады: «Өтірікші мен тақуаны немесе тақуа мен өтірікшіні».
Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сенде бәрі шатасып кеткен», - деп оны жайына қалдырған екен. Сондай-ақ, былай да айтылады (4), бір күні Ибн Сияд пальманың саясында жатқанда, білдірмей оның арт жағынан Алла Елшісі (ﷺ) мен Убей ибн Кааб бармақ болғанда, Ибн Сиядтың анасы оған дауыстап ескертіп қояды. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) былай деген екен: «Егер оның анасы ескертпегенде, оның жайы белгілі болар еді». Бұл риуаяттардан көргеніміздей, Пайғамбарымыз (ﷺ) Ибн Сиядтың Дәжжал немесе Дәжжал емес екендігіне сенімді болмаған. Омар, Жәбир, Әбу Зарр және басқа да сахабалар (р.а.) оны Дәжжал деп санаған.
Бұл пікірге әл-Куртуби мен ән-Науауи де қосылған. Ибн Касир болса бұл Ибн Сияд – заманның соңына таман келетін Дәжжал емес деп санайды.
Кейбір заманауи жазушылар мен кітап басып шығарушылар бұл тарихи тұлғаның растығына күмән келтіре бастаған, бірақ тұжырымдамаларына өздерінің күмәндарынан басқа ешбір дәлел келтіре алмаған.
(1) кәдімгі сиқыршылар мен көріпкелдерден асып ешқайда бармайсың.
(2) әл-Бұхаридің «Сахихы»
(3) Мүслімнің «Сахихы»
(4) Бұхари
asyldin.kz