13 бөлім. Қияметтің тағы бір оқиғасы - Дәжжал

13 бөлім. Қияметтің тағы бір оқиғасы - Дәжжал

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

13 бөлім. Қиямет күнінің екінші үлкен белгісі: Дәжжал. Ол туралы хадистер

Араб тілінде «дәжжал» сөзі «өтірікші» деген мағынаны білдіреді, алайда сөз болғалы отырған нақты тұлға турасында жалқы есім түрінде қолданылмақ. Оның өтірікші деп аталуының себебі – ол өзінің имансыздығын жасыра отырып, адамдарға әртүрлі кереметтерді көрсету арқылы, ақиқатты өтірікпен алмастыратын болады. Хадистерде ол толықтай сипатталған – сипатына қарап, оны иман келтіргендер бірден білетін  болады, өйткені Алла Елшісі (ﷺ) өз үмбетіндегі мүміндердің біреуі де оған алданып қалмауы үшін, Дәжжалдың белгілері мен қасиеттерін айтып кеткен. Сонымен, оның түр-сипаты келесідей болмақ: аласа бойлы, қызыл тәнді, қисық аяқты, шашы бұйра келген жас жігіт. Ол кең маңдайлы, кең кеуделі, оның оң көзі болмайды, ал сол көзіне шор біткен болады. Ал оның маңдайында бірігіп не болмаса бөлек жазылған («Каф фа ра») сөзі болады, оны әрбір мұсылман баласы оқи алатын болады. Ол тұқымсыз болады. Ол туралы жалпылай айта отырып, оның келуін білдіретін әрі оның сипаттары көрсетілген бірнеше хадистерді келтірмекпіз.

Ибн Омар (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) Дәжжалды сипаттай отырып былай айтқанын жеткізген: «Қызыл тәнді, бұйра шашты, бір көзді, көзінің өзі солып қалған жүзім сияқты толық адам. Ол – Хузадан шыққан Ибн Катанға ұқсас адам болады» (1).

Бұл жерде айтылып отырған адам Абдул -Узза ибн Катан ибн Амра әл-Хуза, ол сахаба болмаған әрі жәһилиет дәуірінде өлген. «Менің оған ұқсауым маған зиян келтіре ме?» - деп оның сұрауына Алла Елшісінің (ﷺ) берген жауабы келтірілген қосымша хадис – әлсіз (2). 

Ибн Омар (ﷺ) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

«Шынында, Алла Тағала жалғыз көзді емес (3), ал Дәжжалдың оң көзі жоқ, сол көзінің өзі солған жүзім сияқты (4)».

Ал Науас ибн Самаан (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) Дәжжалдың сипатын айтып: «Бұйра басты, солып қалған көзі бар жас жігіт. Мен оны Абдул-Узза ибн Катанға теңер едім», - дегенін келтірген (5).

Убада ибн ас-Самит (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын жеткізген:

«Дәжжал – аласа бойлы, бұйра басты әрі көзсіз адам» (6).

Абу Хурайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:

«Дәжжалға (Мәсх әд-Дәләл) келер болсақ, ол жалғыз көзді, кең маңдайлы, кең кеуделі әрі бойында қисықтығы болады» (7).

Әнас (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін жеткізген:

«Оның екі көзінің ортасында «Кәпір» (дінсіз) деген жазу болады» (8).

Ал басқа риуаятта: «Әрбір мұсылман оқи алатын «Каф фа ра» сөзі болады» (9).

 

(1) - Бұхари

(2) – Ахмадтың «Муснадына» жазған Ахмад Шакирдің ескертпесін (15/30-31) қараңыз әрі «Фатх әл-Бари» (13/101)

(3) – Алла Тағалаға дене тән емес, дене мүшелерімен де сипатталмаған, сондықтан дене мүшесі ретінде Алланың көзі болуы мүмкін емес. Кейбір антропоморфистер бұл хадисті жалған түсіндіріп әрі оны негізге ала отырып, Алланың екі көзі бар деп тұжырымдайды. Осылайша, олар Алла Тағаланы адамға теңейді, егер біз адам жалғыз көзді емес десек, онда Оның да екі көзі бар, бірақ Аллаға түр-сипат тән емес.  

(4) - Бұхари

(5) - Мүслім

(6) – Әбу Дәуд

(7) – Ахмадтың «Муснады»

(8) - Бұхари

(9)  - Мүслім

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: