Нәпіл болсын, уәжіп болсын барлық һәди құрбандары Харам аумағында шалынады. Құрбан айттың үшінші күнінің ақшамына дейін шалынатын құрбандардың - Минада, басқа күндерде шалынатын құрбандардың - Меккеде шалынуы абзал.
Имам Әбу Ханифа бойынша, тәматтуғ және қиран құрбандарының құрбан айттың үшінші күні ақшамға дейін шалынуы - уәжіп, ал Имам Әбу Юсуп және Имам Мұхаммед бойынша, сүннет. Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, үзір себептерінен тыс осы күндерде шалынбай қалған тәматтуғ және қиран құрбандарының орнына кейін басқа уақытта екі құрбан шалынады. Біреуі қаза ретінде, ал, екіншісі жаза ретінде.
Тәматтуғ, қиран және нәпіл құрбандарының етінен барлық адамдардың жеулеріне болады. Ал жаза және ихсар, нәзір құрбандарының етінен тек қана кедейлер жейді. Иелеріне және өзінің қол астындағы қарауға міндетті адамдарына, жалпы байларға жеуге болмай- ды.
Құрбан шалуға жағдайы келмейтіндер не істейді?
Тәматтуғ немесе қиран қажылығын орындағандар мойындарына уәжіп болған шүкір құрбанын шалуға мүмкіншіліктері болмаған жағдайда 10 күн ораза ұстайды. Он күннің үш күні қажылық уақытында, жеті күні қажылық айларынан кейін. Қажылық айларында ұсталатын үш күн ораза ихрамға кіргеннен кейін құрбан айттың алғашқы күніне дейін ұсталуы тиіс. Тәматтуғ қажылығында бұл үш күнді умра ихрамынан кейін, қажылық ихрамына кірмес бұрын ұстауға болады.
Үш күн ораза ұстағаннан кейін, ихрамнан (шаш алдырып яки қысқартып) шықпай тұрып, құрбан шалу күндерінде уәжіп құрбанды шалуға мүмкіншілік туып жатса, міндетті түрде құрбан шалады. Егер құрбан шалу күндерінен кейін құрбан шалуға мүмкіншілік туып жатса, құрбан шалу шарт емес.
Құрбанның орнына ұсталатын қажылықтағы үш күнді, қажылықтан кейін ұсталатын жеті күн оразаны араларына күн салмай бірінен кейін бірін ұстау - абзал. Бірақ араларына күн салып, үзіп-үзіп ұстауға да болады. Қажылық айларынан кейін ұсталатын жеті күнді Мекке- де ұстауға болады. Бірақ отандарына кайтқаннан кейін ұстау - абзал.