Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) туылған күнін – қасиетті мәулітті мереке ретінде атап өтудің дінімізде үкімі қандай? Кейде мәуліт мерекесінің «бидғат», яғни, дінімізге кейіннен қосылған қате, тіпті күнә амал екендігі айтылып жатады. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіздер.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі ислам әлемінде IV-V һижри ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. Қазіргі таңда бұл мерекені бір-екі мемлекеттен тыс барлық ислам әлемі ерекше атап өтеді. Мерекеде Аллаһ Тағаланың кәламы – қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы барынша қыр-сырымен насихатталып, үмметінің Аллаһ Елшісіне (с.а.у.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейтіле түседі.