Әдеттегідей биыл да әлемнің көптеген елдері хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мәулітін атап өту үстінде, оған көптеген салауаттар айтады. Бұл дәстүр Қазақ елінде де кеңінен таралған.
Мәуліт – араб сөзі, қазақ тілінде “туған күн ” деген мағына береді. Бұл Алла тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан (ғ.с.) басталған пайғамбарлардың соңғысы, әрі сардары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етіп қойылған сөз.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала “Ахзаб” сүресінің 56-аятында:
“Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар”, – деген.
Сондықтан да әр жылы айтізбесінің рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулітін мерекелеп, Алла тағала бізді өзінің сүйікті пайғамбары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына алғысымызды білдіріп, сүйікті хабибіне жамағат болып салауаттар айтамыз.
Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танығандай тануымыз баршамызға лазым. Өйткені, Анас ибн Малик айтқан хадисте:
“Кім де кім мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иманның кемелдігіне жете алмайсыңдар”, – деген.
Ол Құрайыш қауымынан, Бани Һашим әулетінен еді. Туған жері қазіргі Сауд Арабиясындағы дініміз үшін ең қасиетті де құрметті, адамзаттың тұңғыш атасы Адамата (ғ.с.) мен Хауаана жер бетіне түскеннен соң ұзақ жылдардан кейін сағыныса жолығып мекендеген, Алла тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдулла, бабасы Абдулмутталиб, арғы атасы Һашим, оның әкесі Абдуманап-ты. Анасы Уаһбаның қызы Әмина Заһра руынан-тын.
Оның ата-бабаларына, сонау Адам атадан (ғ.с.) туған әке-шешесіне дейін тектілігіне нұқсан келмеген, Жаратушының қорғауында болған. Имам Термизи жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла Ибраһим ұлдарынан Исмайылды, Исмайыл ұлдарынан Кинананы, Кинанадан Құрайышты, Құрайыштан Бәни Һашимды, ал Бәни Һашимнан мені таңдады” – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келер кезі жақындағанда, оның жоғары мәртебелілігіне куә болатын ғажайып белгілер бола бастады. Ұзаққа созылған құрғақшылық пен жұттан кейін жер қайта гүлденді. Адамдар Алланың пайғамбары (с.ғ.с.) туатын уақыт келгенін сөз ете бастады. Осы қуанышты оқиғаны күтудің өзі қалалар мен далаға, көшпенділер мен отырықшы тұрғындарына әуелгі үндеу іспетті еді.
Базбір дінтанушылар Уаһба қызы Әмина Алланың Елшісін (с.ғ.с.) ережеп (раджаб) айының бірінші жұлдызы, жұма күні көтергенін жеткізген.
Әмина анамызға құрсағындағы нәресте жаратылыстың ең көркемі, барша әлемнің мырзасы, есімі Мұхаммед және жоғары мәртебеге ие болатыны түсінде аян етіледі.
Аяғы ауыр кезінде құрсағындағы нәрестенің құрметіне құстардың қоршап жүретінін байқаған. Ал құдыққа су алуға барғанында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне су өзі жоғары көтерілетін. Мұны ол жұбайы Абдуллаға айтқанда, ол – “мұның барлығы олардың келешекте дүниеге келетін сәбиінің құрметіне” деген. Ал бір күні түсінде жарқыраған жұлдыздармен безендірілген ғажайып талды көреді. Олардың ішінде ерекше жарқыраған әдемілігі, әсемділігі басым бір жұлдыз тізесіне келіп түседі.
Әмина анамыз аяғы ауыр кезінде басқа әйелдерге берілетін ауырлықты сезбеген. Анамыздың айтуы бойынша бір күні оған бір адам келіп: “Аяғың ауыр екенін сезесің бе?” – деп сұрағанда ол: “Білмеймін”, – деп жауап берген. Сол кезде ол: “Сен жүрегіңнің астында (құрсағыңда) осы үмметтің келешек Мырзасы, әрі Алла тағаланың Пайғамбарын көтеріп жүрсің”, – деп айтқан. Осы қуанышты хабарды әкелген періште болатын. Ол күн дүйсенбі еді, содан бастап Әмина анамыз жүкті екеніне күмән келтірмеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келер шағы жақындағанда Әмина анамыз тағы да сол адамның бейнесін көреді. Ол: “Мен Алладан, ешкімге де, ешнәрсеге де мұқтаж емес (бейқажет) Жалғыз жаратушыдан оны (Мұхаммедті) әрбір көре алмаушылардың жамандығынан қорғай көр”, – деп үйретті.
Имам әл-Байһақи Құранның тәржіманы Абдулла ибн Аббастан (р.ғ.) жеткізуі бойынша, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) піл жылы туған. Піл жылы деп аталуының да ғажайып қиссасы бар. Арабтарда жыл санауды әйгілі бір оқиғалармен белгілейтін әдет қалыптасқан-ды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туатын жылы Йеменнің билеушісі Абраһа Меккедегі Адам атаның уақытында бой көтерген қасиетті көне Кағбаны қиратуды қалады. Ол арабтарды қасиетті көне орыннан айыру үшін Йеменде “Құляйс” шіркеуін салдырған еді. Бірақ жүректері Кағбаға байланған арабтарға ол әсер етпеді. Сол үшін Абраһа Кағбаны мүлде жоқ қылу мақсатында пілдер бастаған үлкен әскермен жорыққа шықты. Мекке аумағына жеткенде сол кездегі Құрайыш тайпасының басшысы Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталибтің түйелеріне кез болады да, оларды басып алады. Содан кейін Меккеге өкілін жіберіп, Абдулмутталибпен кездесіп, меккеліктерді өлтіру үшін емес, тек Кағбаны бұзу үшін келгендіктерін жеткізуді бұйырады. Абдулмутталиб олармен соғыспайтынын айтады. Абраһаның өкілі Абдулмутталибпен бірге оралады. Абраһа оны құрметпен қарсы алады. Абдулмутталиб оған аудармашы арқылы өзінің екі жүз түйесін қайтаруды талап етеді. Сонда Абраһа:
– Мен сенің ата-бабаң қастерлеген, қасиет тұтқан үйлеріңді (Кағбаны) бұзуға келдім, ал сен болсаң қайдағы екі жүз түйеңді сұрап тұрсың! – деді.
Оған Абдулмутталиб:
– Мен түйелерімнің иесімін, ал мына қасиетті үйдің Құдайы бар, ол оны өзі қорғайтынына күмәнім жоқ, – деп жауап берді.
Абраһа түйелерін қайтарып берді. Абдулмутталиб Меккеге келіп, ондағы халықты қаладан дереу алып шығып, тауға көтеріліп кетті.
Сөйтіп Абраһа Меккеге кірмекші болғанда ғажайып оқиға басталды. Кағбаға бет алған әскердің алдындағы үлкен піл кенет табан тіреп жүрмей қояды. Ұрып та, итеріп те жүргізе алмайды. Бірақ оны басқа жаққа, Йеменге немесе шығысқа қарай бұрса шапшаң жүре бастайды, ал бетін қайтадан Кағбаға қарай бұрса табан тіреп қалады. Сол уақытта Алланың қалауымен теңіз жақтан оларға бір топ Абабил құстары ұшып келеді. Әр құс бұршақтың көлеміндей үш тастан арқалаған-ды: екі тас аяғында, біреуі тұмсығында. Ол тастардың әрқайсысы Абраһаның әскеріндегі белгілі бір жауынгердің басына түсуі жазылған болатын. Тас жауынгердің басына тиген кезде денесінен тікелей тесіп өтетін. Абраһаның өзі де бұл оқиғадан кейін қатты ауруға шалдыққан. Оның дене мүшелері шіріп, соңында көкірегі тесіліп қорлықпен өледі.
Дінтанушы ғалымдардың басым көпшілігінің айтуынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл оқиғадан бір ай кейін туды. Ол (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін 20-шы сәуірде, ай күнтізбесі бойынша рабиғ әл-аууәл айының 12 -сі, дүйсенбі күні дүниеге келген. Имам Муслимнің риуаятында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі нәпіл ораза туралы сұрағанда Ол: “Дүйсенбі күні туылып, дүйсенбі күні оған Құранның бірінші аяты түсірілгенін” баян еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті Мекке қаласындағы Суқ ал-лайл аумағында дүниеге келді. Кейінірек Һарун ар-Рашидтің анасы ол жерге мешіт тұрғызған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ата-анадан жалғыз еді. Өйткені әкесі перзенті тумай-ақ 30 жас шамасында дүние салған, анадан да бар жоғы 6 жасында-ақ айрылған-ды.
Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина бала туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, құрсақ ауруын, қан келуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туғанда өте пәктік, тазалықпен, сүннеттеліп, кіндігі кесіліп, денесі майланып, үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келіні нұрлы бір перзент көргендігін естіп, атасы Абдумутталиб аса қуанып, оған Мұхаммед деп ат қойды, Абдулламның көзі деп артықша көңіл бөлді. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) туған соң атасы Абдулмутталиб үлкен той жасайды. Құрайыш руының ұлықтарын шақырады. Сүйікті немересіне қандай ат қойдың дегенде: “Мұхаммед” деп ат қойдым”, – дейді.
Олар: “Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатыңыз не?”, – деп сұрайды.
Сонда Абдулмутталиб: “Мен немеремді көкте Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін ”, – деп жауап береді.
Мұхаммед сөзінің түбірі “хамд” “мақтау”, “ризашылық білдіру” дегенді білдіреді. Осы сөзден “хамида” мақтады, мадақтады, “Мұхаммад”, “Махмуд”– мақтаулы, “Ахмад” ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтіп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Мұхаммед, Ахмад, Махмуд”, яғни үш аты бар.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туғанына атасы басқалардан артық сүйінді. Жастай көз жұмған баласы Абдулланың артында қалған жалғыз ұлы Мұхаммед деп көп сүйіп өтті.
Бірақ Алла тағала алдыңғы пайғамбарларға келтірген “Інжіл”, “Таурат” секілді кітаптарда айтылған уәделі сөздерін ақиқатқа шығару мақсатында Мұхаммед деген есімді оларға таңдатты.
Иса (ғ.с.) “Інжілде” өзінен кейін “Фарақлит” атты соңғы пайғамбар келетіндігін хабарлаған. Яһуди тіліндегі Фарақлит арабшадағы Мұхаммед, Ахмад деген есімдермен мағыналас. Осыны Құран кәрімдегі “Саф” сүресінің 6-аяты да растайды:
“Ей, Исрайыл ұрпақтары! Сендерге мені Алла жіберген, өзімнен бұрын келген Тауратты растаушы, өзімнен соң “Ахмад” атты пайғамбар келетіні туралы қуанышты хабар әкелуші пайғамбармын”, – деген.
Демек атасы Абдулмутталибтің немересіне Мұхаммед деп ат қоюы жайдан-жай емес, Алла тағала оның жүрегіне салғандығынан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған күні оның құрметіне Алла тағала әдеттен тыс бірнеше керемет оқиға (мұғжизаларын) көрсетті. Ол заманда әлемді дінсіздік жайлап, өткен пайғамбарлардың көрсетіп кеткен хақ дінінен адамдар адасқан еді.
Мысалы, ескі Иранның орталығында мәжусилердің (отқа табынушылар) мың жылдан бері сөнбей жанып тұрған оттары сөніп қалады, “Мадаин” қаласындағы патша сарайының 14 балконы құлайды. Ирандағы Сауа көлі бір түнде құрғап кетеді. Құрғап қалған Самауа өзені суға толып тасиды. Кағба жанында 360 пұт бар болатын. Арабтардың әр руы өз атынан Кағбаға жеке пұт қоюы әдет-ғұрыпқа айналған еді. Осы пұттардың барлығы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған шақта Құдайдың құдыретімен жерге құлап быт-шыт болды. Осы сияқты мұғжизалар жайлы діни кітаптарда кеңінен баяндалған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 6 жасында Мадинаға сапар шегіп, қайтып келе жатқанда анасы Әмина қайтыс болады. Сегіз жасқа келгенде атасы Абдулмутталиб көз жұмады. Сөйтіп ол жетім қалып, көкесі Абу Талибтің қолында өседі.
Түндердің ең ұлықтарының бірі – осы Мәуліт түні. Себебі бұл түн болмағанда, хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл түні дүниеге келмегенде, арш-күрсі, лаухул-махфуз, жәннат-дозақ, аспан мен жер, адам мен жын, яғни ешнәрсе жаратылмас еді. Себебі, пайғамбарлық хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) дүние жаратылмастан бұрын берілген-ді.
Хадис-қудусидің бірінде Алла тағала:
“Ей, Мұхаммед! Сен болмағанда мына әлемді жаратпаған болар едім”, делінсе, хадис шәріпте:
Сахабалар: “Ей, Алланың елшісі! Пайғамбарлық саған қашан берілді?” – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Адам (с.ғ.с.) рух пен дененің арасында болған кезде…”, – деп жауап берді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жаратылыстың ең ардақтысы екені жайлы мынандай риуаят бар:
“Адам жұмақта қателескен кезде басын көтеріп, Уа, есімі ұлы Раббым! Мұхаммедтің хаққы үшін мені кешір” деді. Алла тағала оған: “Мұхаммед деген не? Мұхаммед деген кім?” деп уахи етті. Адам пайғамбар: Уа Раббым! Сен мені жаратып болғаннан кейін басымды көтеріп Аршыңа қарап едім, онда “Лә иләһа иллалла Мұхаммадур-русулалла” деп жазылған екен. Сонда мен өзіңнің есіміңнің жанында жазылып тұрған есімнің жаратылыстың ең ардақтысы екенін білдім. Алла тағала: “Иә, (ол жаратылыстың ардақтысы), Мен сені кештім. Ол сенің ұрпағыңнан шығатын ақырғы пайғамбар. Оның үмметі сенің ұрпағыңның ақырғы үмметі. Ол болмағанда сені де жаратпас едім.”
Бұл күні туған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне барлық нәрселер жаратылып, жоқтан бар болды. Себебі, ол Алланың сүйіктісі еді. Ол Хабибулла еді, ол Расулулла еді, ол Мұхаммед, ол Ахмад еді. Ол пайғамбарлардың сардары еді. Ол адам мен жындардың пайғамбары еді. Ол нұр, сираджи-мунир еді. Ол Мұстафа – таңдаулы еді. Ол әлемдердің рахметі еді.
Ол түні Қағбаның қабырғаларынан:
“Сүйінші! Бұл түні әлемнің күні туды. Ол біздерді пұттардан, мүшриктердің зұлымдығынан құтқарады. Оның үмбеті бізді жалаң аяқ тәуеп етіп, Құдайдың разылығына жетеді”, – деген үн естіледі.
Қасиетті Құран кәрімнің “Әнбия” сүресі, 107-аятында:
“(Ей, Мұхаммед) Сені Біз жер жүзіне тек рақым етіп қана жібердік”, – дейді.
Иә, Алла тағала Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.) әлемдерге өз мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген күн – Алла тағаланың бүкіл әлемге рахым-мейірімі молынан түскен күн. Бүкіл әлем бұл оқиғаны күткен еді. Алла тағала құлдарын есіркеп, қараңғылық, надандық батпағынан жарыққа шығару үшін сүйікті пайғамбарын жіберді.
Бұл түні әлем өзгеше хал кешті. Көріпкел, балгерлердің тілі күрмелді. Таулар, тастар және ағаштар сәжде етті. Мұны көрген мүшриктер таң қалып: “Бүгінгі түн не болып кетті?” – десті.
Бұл түні Алланың сүйіктісі, көкте Ахмед, жерде Мұхаммед (с.ғ.с.) деп аталған ұлық адам дүниені нұрландырды.
Сәби дүниеге келгеннен кейін Әмина анамыз оны өзі өсірді. Біраз уақыт өткеннен кейін Сағд тайпасындағы Халима Абдуллақызына емізуге берді. Бәдәуи тайпалардың әйелдері Меккедегі дәулеттілердің сәбилеріне сүт ана болып жалдану арабтардағы әдеттегі іс еді. Халима анамыз Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қолына ұстаған мезеттен бастап оның қарапайым бала еместігін бірден аңғарған. Нәресте Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Халиманың еншісіне бұйыруының өзі бір ғажаб оқиға.
Сол жылы құрғақшылық болып, Сағд тайпасының өмірі қиындай түсті дейді тарихшылар. Халима анамыз да бала емізуге жалданып, табыс табу мақсатында басқа әйелдермен бірге, күйеуі екеуі Меккеге жолға шығады. Астындағы кәрі есегі мен арық, әлжуаз түйесі жол үстінде шаршап, керуеннен көш қалып қояды. Ол екеуі Меккеге кіргенде сүт аналарға ұсынылған меккелік нәрестелердің бәрі таратылып, жетім болғаны үшін Мұхаммед (с.ғ.с.) қалған екен. Күйеуімен ақылдасқан Халима жетімнің әдемілігіне таң қалып, оны тәрбиесіне алуды ұйғарады. Күйеуі әл-Харис ибн Рифаға әйелін қолдап, баланы емізгені үшін ақы алмасақ та ол бізге жақсылық әкелер деп Алладан үміт етеді. Осындай игі әрекетімен Халима анамыз құрметке ие болды. Халиманың сүті аз болатын, өз ұлына да жетпейтін. Мұхаммедті (с.ғ.с.) Халиманың бірінші емізгенде-ақ сүті көбейіп, тіпті екі бала да тоятынын байқаған. Келесі күні жолға шыққанда Халима мінген кәрі есек жүрісін жылдамдатып, керуенді басып озады. Олар Мұхаммедті (с.ғ.с.) тәрбиесіне алғалы бері отбасына береке кірді. Күйеуі түйені сауғанда бүкіл отбасына жететіндей көп сүт шығатын болды. Құрғақшылық болуына қарамастан, қойлары жайылымнан басқалардай емес, тойып қайтатын болды. Оны байқаған көршілері қойларын Харистің қойы жайылған жерге жайдыратын.
Мұхаммед (с.ғ.с.) екі жасқа толғанда, анасына қайтару мерзімі келді. Бірақ Халима баланы әлі де болса өзіне қалдырғысы келіп, Әмина анамыздан рұқсат сұрайды. Ол біраз уақыт қалдыруға рұқсатын береді. Арада екі жыл өтеді. Бір күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) емшектес інісі екеуі үй жанында қой бағып жүргендерінде, кенет аппақ киімді екі адам (олар адам бейнесіндегі періштелер еді) Мұхаммедті (с.ғ.с.) жерге жатқызып кеудесін ашады. Оны көрген сүттес інісі шошып, айқай салып, ата-анасына келіп айтады. Үрей басқан олар оқиға болған жерге келсе, Мұхаммедтің реңі қашып сұп-сұр болып тұр екен. Әкесі оны құшағына қысып, не болғанын сұрайды. Ол екі адамның келіп, оны жерге жатқызып, кеудесін жарғанын, одан кейін не болғанын білмейтіндігін айтады.
Хадистердің бірінде кішкентай Мұхаммед (с.ғ.с.) пен оның емшектес інісі балалармен ойнап жүрген кезде Жәбірейіл періште (ғ.с.) келіп Мұхаммедтің (с.ғ.с.) кеудесін ашып, жүрегін алып ұйыған қанды төгіп тастайды. Егер де мұны жүректен алып тастамасам, оны шайтан қолдануы мүмкін деген. Содан соң Жебірейіл жүректі алтын тостаққа салып, зәмзәм суымен жуып орнына қояды. Мұны көрген балалар Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлді екен деп қорқыныштан ата-аналарына қашқан. Әнас ибн Мәлик бұл туралы айтқанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесінен тыртық белгіні көргенін жеткізген.
Бұл оқиғадан соң Халима қатты уайымдап, баланы тез арада өз анасына қайтаруды ұйғарады. Әмина анамыз баланы мезгілден ерте қайтып алып келгендеріне таңданды. Оны неге ерте қайтардыңдар деген сұрағына олар жауап қайтармайды. Бірақ Әминаның қайталаған сұрағына Халима Мұхаммедпен (с.ғ.с.) болған оқиғаны айтуға мәжбүр болды.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаратылысы мен мінезі жөнінен адамдардың ең кәмілі еді. Имам әл-Бұхари мен имам Мүслим хадистерінде: “Алланың Елшісі адамдар арасында ең әдемі әрі көркем мінезді болғандығын” айтқан.
Ол орта бойлы, екі алақаны мен екі жауырынының (екі иығының) арасы кең, толық та, арық та емес, орташа денелі еді. Көздері қара, кірпіктері өте ұзын болатын. Бұрылса, бүкіл денесімен бұрылатын. Саусақтары да салалы еді. Екі алақаны етті, сүйегі ірі, кеуделі, күшті қайратты еді. Терісі жібектен де жұмсақ-ты. Қастары иілген жаңа туған айдай, қалың, бір-біріне қосылмайтын. Екі қасының ортасында бір тамыры болатын, ренжігенде қозғалып тұрар еді. Қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын. Екі жауырынының ортасында пайғамбарлық мөрі бар-ды. Мүбарак тістері маржандай тізілген әрі аппақ-ты. Сөйлегенде алдыңғы тістерінен жарқырап нұр шашырап тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті еді. Терлегенде де одан әдемі иіс шығатын. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбарак қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол өзге сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Анас ибн Мәлик Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаштары иығына түсіп тұратынын айтқан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте сезімтал, алыстағыны еститін, адамның көзі жетпейтін жердегіні көретін еді. Қимылы орташа болатын. Жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқандай көрінетін. Бірақ жанында бара жатқандар тез жүрсе де ілесе алмай қалып қоятын. Имам Термизи және Ахмад Әбу Һурайраның: “Мен өмірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүзінен әдемі жүзді көрген емеспін. Оның келбеті күннің өзі сияқты. Одан жылдам адымдап жүретін адамды көрген емеспін. Жер оған қарама қарсы келе жатқандай көрінетін. Жүргенде біз оған әзер ілесетінбіз”, – деп айтқанын жеткізген. Ол бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөйлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді, әрі кішіпейіл, айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиятын. Қарағанда көз қырымен қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.
Туған-туыстарын құрмет тұтатын, үй-іші, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, қызметкерлеріне де соны ішкізіп, соны кидіретін.
Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді еді. Уәдесіне берік-ті. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де әдемі, көркем жібектей еді, адамдардың ең кәмілі, теңдесі жоқ еді.
Алла тағала ол туралы Құран Кәрімнің “Қалам” сүресі, 4-аятта:
“Шын мәнінде, сен ұлы ахлақтың (мінез-құлықтың) иесісің” – деген.
Мұсылман шығысы жұртында жыл сайын айтізбесі бойынша 12 рабиғ әл-аууәлда хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан деген мәселеге келейік.
Мысырда Пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезде тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс (909-1171жж.) дейді. Мәуліт сол кезеңде ресми мейрам етілді, алайда халық арасында кең көлемде таралмады. Сунниттік бұлақ көздері бойынша осыдан сегіз ғасыр бұрын мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-Дин Көкбөрі патша, соңынан Салах ад-Дин әл-Айюбидің қолдауымен алғаш рет жоғарғы Месопoтамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы аталып өткен.
Осы іс-шараны “Аһл сунна уәл-жамағаның” көптеген ғұламалары жақсы деп санап, қолдау көрсеткен. Олардың ішінде хафиз ас-Суюти, Ибн Хажар әл-Асқалани және оның шәкірті Хафиз Сахауий бар. Мысалы: әл-Хафиз әс-Сахауий “Пәтуалар” деген кітабында жазған. Ал имам ибн Касир “әл-Бидая уа ан-Ниһая” (Басталу мен аяқталу) атты еңбегінде, Мұзаффардың жыл сайын “Раббиғәл-әууәл” айында Мәулітті атап өтуді қалыптастырғаны туралы айтқан. Оның айтуынша патша өте жомарт әрі әділ болған. Сондай-ақ Андалустік (Испания) Абул-Хаттаб бен Дихия “Ат-Тануир фи маулид әл-Башир ән-Назир” “Қуантушы әрі ескертуші Пайғамбарымыздың нұрлы мәуліті” атты еңбегін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітіне арнап, оны Мұзаффар патшаға оқып беріп сыйға тартады. Патша Бин Дихияны бұл еңбегі үшін мың алтын динармен марапаттайды. Ол осы кітапты мұсылмандар арасына таратуға жарлық береді.
Бұл мереке ХVІ – XVІІ ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекітілген.
Бұл мейрамды ижма (ғұламалар кеңесі) “бидағат хасана” – жақсы бидғат деп бекіткен.
Бидғат – араб тілінде жаңалық деген мағынаны білдіреді. Шариғат көзқарасында Құран және сүннетте аталмаған, ескерілмеген жәйтті айтады. Ол жөнінде атақты Ислам дін танушысы ибн әл-Араби (ХІІ-XІІІ ғ): “Бидғат – жаңалық деп аталғаны үшін кемсітілуі тиіс емес. Оның тек сүннетке қарсы келіп, адасуға жетелейтіні тәрк етіледі”, – деген.
Негізінде бидғат екіге бөлінеді:
1. Жаман бидғат. Яғни, адасуға жетелейтін жаңалықтар. Олар Құран мен сүннетке қарсы келетіні.
2. Жақсы бидғат. Тура жолдан тайдырмайтын жаңалықтар. Олар Құран мен сүннетке қарсы келмейді.
Бидғаттың екіге бөлінуі имам Бухаридің “Сахих әл-Бухари” және имам Муслимнің “Сахих әл-Муслим” атты кітаптарындағы хадистерде баян етілген.
Атақты ислам ғұламасы имам шейх Әбу Мұхаммед ибн Абдус-Сәләм “әл-Қауағид” “Қағидалар” атты кітабында: “Шариғатта бидғаттар: уәжіб, тыйым салынған, мандуб (жақсы саналған), мәкруһ (мақұлданбаған) және мубах (рұқсат етілген) деп бірнеше топқа бөлінген”, – деп жазды.
Ал Ханафи мазһабымыздағы беделді имам Мұхаммед Әмин ибн Ғабидин (1784-1836) “Раддулл-Мухтар” “Таңдаулы жауаптар” атты кітабында: “Жаңалықты қолдану уәжіп болатын жағдайлар болады. Мысалы: Исламға нұқсан келтіретін түрлі идеологиялық ағымдарға қарсы (солардың тәсілінде) жауап беру үшін нақты дәлелдер келтіру, Құран мен хадисті түсіну мақсатында араб тілі грамматикасын үйрену. Істелуі жақсы саналатын бидғаттар. Мысалы: мектеп, институт және т.б. бұрын (пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде) істелмеген ізгі амалдар. Мәкруһ саналатын бидғаттар. Мысалы: мешіттерді шектен тыс, ерекше әшекейлеу. Рұқсат етілетін бидғаттар. Мысалы: тағамдануда, сусындануда көп ләззәттану және киім киюде әр түрлі киімдер кию”, – деп бидғаттың бірнеше түрге бөлінетінін жазған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) зайыбы Айша анамыз (Алла тағала оған разы болсын) айтады: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Егер де біреу біздің дінімізге сәйкес келмейтін жаңалық енгізсе, ол жаңалық тәрк етіледі”, – деген сөзі бар. Бұл жерде дінімізге “сай келмейтін” жаңалық дегенді шариғатқа қарсы келген болса ол тәрк етілуін, ал шариғатқа сай келетін жаңалық қабылданатынын меңзейді деп түсінген дұрыс. Осы мағынада Жарир ибн Абдулладан имам “Сахих әл-Муслим” кітабының білім бабында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Кім Исламға жақсы жол салса (жол түзсе), ол үшін оған да және соған амал еткендердің де сауабы оған жазылады, олардың ешқайсының сауаптары кемімейді. Кім Исламға жаман жол салса, ол үшін оған да және оған ергендерге де күнә жазылады, бірақ ешқайсысының күнәлары кемімейді”, – деген хадисті дәләл ретінде келтіреді.
Имам әл-Байһақи “Манақиб әш-Шафиғийя” “Шафиғий ғұламаларының өмір деректері” атты кітабында Имам әш-Шафиғидің сөзін сенімді санад (ғұламалар тізбегі) арқылы келесі сөздерді жеткізді:
– “Барлық жаңалықтар (бидғаттар) екі түрге бөлінеді. Бірінші; Құран, сүннет, асарға (сахабалардың тұжырымы немесе олар жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері және іс-әрекеттері) және ижмаға қарсы келетіндері. Екінші; жоғарыда аталғандарға қарсы келмейтіндері. Мұндай жаңалықтар айыпталмайды (кемсітілмейді)”.
Демек, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін атап өту шариғатымызда мақұлданған жақсы іске жатады. Мәулітті тіпті сүннет деп атауға болады. Өйткені, “сүннет” деген сөздің мағынасы – жол түзу, жол салу дегенді білдіреді. Сондықтан жоғарыда айтылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Исламға жақсы жаңалық енгізіп жол түзген болса, енгізуші де, оған ергендер де сауапқа кенеледі” деген сөзі нақты дәлел болмақ.
Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Марокконың ортағасырлық тарихшысы әл-Ифрани: “Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да Пайғамбардың (с.ғ.с.) ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады”, деп жазды. Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі кейінірек маулидийа дастандарының шығуына себеп болған.
Алайда Пайғамбарға (с.ғ.с.) жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, Каъб бин Зухайр (?-662) атты ақын оған “Банат Суад” атты поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да Пайғамбарға (с.ғ.с.) өз жырларын бағыштаған.
Маулудийа поэмаларында хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмірі жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні – мәулітті жыл сайын тойлап отыру дәстүрі өмірге осылай келген.
Мәуліттің тойлануына ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи: “Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер – заманымыздың ең жақсы жаңалығы”, – дейді.
Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алла тағаланың алдында да жақсы. Себебі, хадисте:
“Мұсылмандар жақсы деп санаған іс, Алла тағала алдында да жақсы”, – делінген имам Ахмад риуаятында.
Жүнайд Бағдади:
“Кім де кім Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды”, – деген.
Хасан Әл-Басри (р.а.):
“Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін оқытуға жұмсар едім”, – деген.
Жалалад-Дин ас-Суйути (р.а.):
“Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіт адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рахметі жауады және нұрға бөленеді. Себебі періштелер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқыған адамға салауат айтып тұрады” және де “Біздің елде де мұсылмандар әз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген ыстық махаббаттарын, сағыныштарын, құрметтерін паш етіп, мәулітті тойлап келеді. Біздің өлкеде әл-Барзанжи (1250-1317 һ., 1834-1899 ж.) имам назымдаған мәуліті (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тууы, өмірбаяны жайлы өлең) араб тілінде оқылады, – дейді.
Қазақ елінде мәуліт ана тілімізде де оқылған. Бірқатар ақындар мен дін қайраткерлерінің қазақ тілінде жазылған мәуліт жырлары бар. Мұхаммед Хайдар Дулати “Тарих-и Рашидидің” алғы сөзінде Пайғамбарымызға арнап “Мұхаммед (с.ғ.с.) мүміндер көзінің нұры, жаратылыстың гүлзары, екі жаһанның тәжі”, деп мадақ сөз жазыпты.
Қазір мәуліт Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен бүкіл елімізде тойлануда. 2000 жылдан бастап ол белсендірек өткізілуде. Мәуліт әуелі мешіттерде оқылады. Сонан соң көпшіліктің қатысуымен аудандық, облыстық, республикалық деңгейде атап өтіледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мәуліт Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында өткізіліп келсе, 2007 жылы Алматыдағы Республика сарайында тойланды. Онда мәуліт поэмаларынан басқа түрлі діни әндер де орындалады, яғни мәуліт жалпы халықтық мереке дәрежесіне көтерілді.
Биылғы мәуліт тойына да Қазақстанда тұратын көп ұлт өкілдері – мұсылман бауырларымыз белсене қатысуда. Ислам халықты ұлтына, нәсіліне, тегіне, тіліне бөлмейді, алаламайды. Қазақстан – ортақ үйіміз. Олай болса, Алла тағала бізге діни бірлік, имандылық, салауаттылық, татулық берсін. Отбастарына қуаныш, береке, бірлік тілеймін. Мәуліт біздің басымызды осылай тек қана қуанышта қоса берсін.
Айрандай ұйып отырған халқымыздың ынтымағын Алла тағала ұзағынан сүйіндірсін. Жаратушымыз халықтарымызға амандық, жерімізге тыныштық берсін. Пайғамбарымыз өсиет еткендей, тазалық пен имандылықты ту етейік. Лайым береке, бірлік биігінен көріне берейік. Әумин!
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
“Егемен Қазақстан” Республикалық газеті, 2008-04-02