Имам Ахмад риуаятындағы хадис – шарифте:
“Көпшілік мұсылмандар жақсы деп санаған iс, Алла тағала алдында да жақсы”,– делiнген. Демек, мұсылмандар бiр iстi жақсы деп санаса, ол iс Алланың құзырында да жақсы іс боп табылмақ.
Үстіміздегі ай Рабиүл әууәл айы. Рабиүл әууәл айы «Мәуліт айы» деп те аталатыны баршаңызға белгілі. Бұл айға есендікте жеткізген Жаратқан Аллаға шүкірлеріміз болсын. Баршаңызға мәуліт айы құтты болсын. Шаңырақтарыңызға жақсылық жақын болсын, бірлік пен берекелеріңіз болсын.
Бүгінгі күні Мәулітті мәселеге айналдырғысы келетіндер табылады. Сондықтан, мұсылмандардың ішінде кейбірі мәулітке қарсы, дегенмен көпшілік әсіресе, үлкендеріміз: «Ата-бабаларымыз мәуліт оқытқан, оқысақ не бопты?»– дейді. Сауап болса, сауап күнә емес қой деп қарайды. Бұл толық жауап болмағанмен, өте орынды айтылған деп санаймын. Осыған қоса, аздап мәуліттің пайда болған кезеңіне ғылыми тұрғыда ізденіс жасап көрелік.
Шын мәнінде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында сахабалардың, олардан кейінгі ұрпақта мәуліт оқыту деген болмады.
«Мәуліт оқу», «оқыту» дегенді көп қолданамыз. Өкінішке орай, мұны әуелдері мәуліт оқыту деген түсініктермен қолданғаны рас. Негізі, бұлай айту дұрыс емес. Демек, мәуліт оқыту деп қолдануға болмайды. Мәуліт болады немесе мәуліт жасайды деуге болады. Осы күнде Мәуліт оқыту дегеннен адамдар оны түсіне береді. Ғибадатты жақсы түсінген адамдар да баршылық. Мәулітте ғибадат емес, ғибрат бар. Мәуліт оқытуды Құран оқытумен теңестіруге болмайды.
Мәуліт дегеніміз не? Мәулiт – араб сөзі, сөздік жағынан алғанда, қазақшасы “туған күн ”– деген мағына бередi. Бұл Аллаһ тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамнан (ғ.с.) Исаға (ғ.с.) дейiнгi барлық пайғамбарлардың соңғысы, әрi сардары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған.
Сондықтан да әр жылы рабиүл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулiтiн мерекелеп, Аллаһ тағала өзiнiң сүйiктi пайғамбары Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына жамағат болып шүкiрлер мен салауаттар айтып, осы айды мереке ететін ғұрыпымыз бар.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың соңғы, әрі ең абзал пайғамбары екені шындық. Сонымен қатар әрі өзін мұсылманмын деп санаған еркек пен әйел, жасы мен кәрісіне, барлығына пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін, сипатын, мінез-құлқын дұрыстап үйренулері – уәжіп. Имам Мүслiм (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Айша анамыздан Сағад ибн Һишам (р.а.):
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с ) әдеп-ақылағы, мінез-құлқы туралы айтыңызшы,– деп сұрады. Айша анамыз оған:
– Сен Құран оқымайсың ба?– дедi.
– Әрине, оқимын,– дейді әлгі сахаба.
Сонда Айша анамыз:
– Олай болса, Расулаллаһтың әдеп-ақылағы, мінез-құлқы Құран едi»,– деп жауап берді» делінген. Жалпы, әдеп-ақылақ, мінез-құлыққа Ислам үлкен үлкен тақырыптар арнаған. Қасиетті Құранның негізгі мақсаттарының бірі – адамды әдеп-ақылаққа, көркем мінезділікке тәрбиелеу. Қасиетті Құранда дәріптелген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойынан табылған ізгі қасиеттер адам бойына өз-өзінен қона қоймайды. Керісінше, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері, сүннеттері, сипаттары, ахылақтары Расулаллаһқа (с.ғ.с.) қатысты әрбір мағлұматтарды және қасиетті Құранды көңіл қоя, оқып түсінумен, ізденумен, үйренумен, әрекет етумен адам бойына қалыптасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы оқымаса, Аллаһ елшісінен қалай өнеге алады? Шариғатты қалайша үйренбек? Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) махаббаты қалай оянбақ? Ал, мұның бәрін мұсылмандар білуі тиіс. Алла тағала қасиетті Құранда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі алуға, ол кісіге бойсынуға әмір еткен.
«Ахзаб» сүресiнің, 20-аятында: «Расында, сендер үшiн, Алладан да, ақирет күнiнен де үмiт еткендер және Алланы көп еске алатын кiсiлер үшiн, Алланың елшiсi (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарда) көркем өнегелер (үлгілі қасиеттер) бар» делінген.
Хадис шарифте: «Сiздердiң ешқайсыларыңыз менi өз балаларынан, ата-анасынан және барлық адамдардан артық көрмейiнше, иман келтiре алмайсыздар (имандарың кәміл болмайды)» деген. Сондықтан, өзін мұсылманын деп санаған әрбір еркек пен әйелге, жас пен кәріге бірдей пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір баянын, мінез-құлқын дұрыс білуі уәжіп.
Бұл өз-өзінен бола бермейді. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттері, сипаттары, ахылақтары ол кісіге қатысты әрбір мағлұматтарды ерекше көңіл қойып, оқумен, ізденумен іске асады. Қазақ тілінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны керемет бейнелеген кітаптар аз емес. Солардан «ибн Хишам», «Адамзаттың асыл тәжі», «Мұхаммед пайғамбар» деген кітаптарды оқу қажет.
Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үлгі тұтуда сахабалар өзінен кейінгі мұсылмандардың баршасына үлгі болды. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің әр сәтін, әрбір әрекетімен шешімін жақсы білген, көзімен көрген. Әуелі мәуліт жырларын жаттаған топтар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні қарсаңында жамағат білсін деген оймен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір тарихынан хабар беретін салауаттар айтылсын деген ұсыныс болды. Кейінгілер сахабалардан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы сұрап біліп отырған. Одан кейінгілер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы кітаптардан оқып, үйренген. Содан үкім шығарып өмір сүрген. Оқыған. Білген нәрсесін басқаларға айтып, дағуат жасаған.
Табаға табиғиндер заманының соңына келгенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаттары, өмірі және тегі сол сияқты мәліметтерге толған («Сияр ан набия») атты кітаптар өмірге келген. Пайғамбарымыздың (сира) ол кітаптарда тегі, туылуы, балалық шағы, ер жетуі, үйленуі, пайғамбар болуы, дене пішімі, мінез-құлқы, сол сияқты, істеген істері барлығы толық тәртіппен жазылып, ондағы әрбір мәліметті кітап жазған адам қайдан алғанын, кімнен естігенін, оған кім куә болғанын зерттеп, мұқият жауапкершілікпен қағазға түсірген. Сол заманда жазылған кітаптар бүгінге дейін жетті. Мысалға, «Ибн Һишам» деген кісінің кітабын айтуға болады.
Мұсылмандар сахабалардан кейінгі дәуірлерде қасиетті Құранның мағынасымен бірге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын да оқып үйренді. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырынан хабардар болған адам Құран Кәрім мен хадис-шәріптерді дұрыс амалға асыруды үйренді. Сөйтіп өткеннен өнеге, өрнек алады. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзіне үлгі етіп өмір сүреді. Осыдан бұрынғылардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббаттары ерекше болған. Сүннеттерін қалдырмай оқыған. Бірақ, заман өткен сайын, дәуір жаңаланып мұсылмандар көбейді. Арабтардан басқа түрлі дін мен пәлсападағы халықтар да Ислам дінін қабылдады. Сонымен қатар, кісілердің өмірі қиындай бастады. Бала-шаға бағу үшін, тіршілік қамы үшін, жақсылап өмір сүру үшін еңбек ету еселей артты. Том-том кітаптарды отырып оқу, ондағы мәліметтерді үйреніп, өз бойына сіңіріп алу әрбір кісіге нәсіп болмай қалды. Осыдан бірте-бірте мұсылмандар жамағаты қарапайым халық ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын, мінез-құлқын, оқып, үйренуден шеттеп қалды. Адамдар бара-бара өз пайғамбарлары туралы мәліметтерден қашықтай бастады.
Әрине, бұл өкінішті жағдай көп ғұламаларды, әкімдерді ойға қалдырды. Кейбіреулер оған шара іздеді. Сол ғасырларда Иракта әмірлік еткен Тарғұлбек атты әмірдің бұйрығы бойынша өз заманының көрнекті ғұламаларының басшысы Әбу Шуама бір ұсыныспен шықты. Ол ұсыныстың мақсаты – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тегі мен өмірбаянын халыққа таныстыру үшін оңтайлы жолды ойлап табу болатын. Ол – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған тарихи кітаптар негізінде өлең мен жазу еді. Сондай қысқа да нұсқа көркем мағыналы өлеңдерді мәуліт айында барынша насихаттау қажет болды. Содан ұсыныс қабылданып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғұмырына арналған дастандар көптеп жазылды. Бұл өлең шумақтарын халықтың жатқа оқуы жақсы үрдіске айналды. Сол өлеңдердің атын халық «Мәуліт» деп атап кетті. Көбіне біз «мәуліт» дегеннен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін түсінеміз. Бірақ, негізінде, бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі туралы айтылатын өлеңге қойылған ат.
Өлеңдетіп айту адамдарға, әсіресе, арабтарға өз әсерін тигізетін ұтымды әдіс болды. Осылайша мәуліт атты өлеңдерді адамдарға оқып бергенде олар аз уақыт ішінде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы туралы түсініктері кеңіп, тереңдей бастады. Әрі мәуліт өлеңдерін жаттап алу оңайға түсті.
Иракта әмір Тарғұлбектің басшылығымен Әбу Шуаманың ұсынысымен мәуліт жиыны өткізілуі өріс алғаннан кейін ол көрші елдерге де жетті. Олар да бұны дұрыс қабылдап, оны амалға асырды. Сөйтіп, бұл ислам әлеміне таралды. Біздің өлкелерге мәуліт деп аталған поэмалардан Жағфар Барзанжи рахматуллаһи әләйһ жазған «Мәуліт ан-наби» поэмаларын оқу әдетке айналған-тын. Қазіргі күнде Қазақстан аумағындағы мешіттерімізде оқылатын мәуліт сол – Барзанжидің мәуліті. Астанадағы ірі мешіттің Садуақас Ғылмани деп аталатыны белгілі. Ол кісі көптеген діни еңбектер жазған ғұлама. КСРО заманында Қазақстанда діннің шырағын өшірмеген кісі, 20 жыл бойы дін исламды қоғап, қази болған. Осы кісінің әлгі Барзанжидің арапша жазған мәулітіне араб тілінде түсінік жазған кітапшасы бар. Неге оны арап тілінде жазғаны белгісіз. Мүмкін, мәуліттің күштілігін араптарға танытпақ болды ма Аллаһ тағлам. Құдай біледі. Дегенмен, бұл еңбек екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Мәуліт өткізудегі негізгі мақсат – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір баянын мұсылмандарға таныстыру. Бірақ, мәуліт оқу рәсімі сияқты болып сақталып, негізгі мақсат шетте қалғанын байқау қиын емес. Арапша Мәуліт оқылып жатқанда тыңдаушы құлақ салса бірінші бөлімінде автор мәуліт жазудағы ниетіні мақсатын, онда қандай тәсіл ұстанған, қағидасын айтады. Кейінгі бөлімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ата-тегі айтылады, кейін ата-аналары туралы, анасының Пайғамбарға (с.ғ.с.) жүкті болуы, әкесінің ерте дүние салуы, Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылуы сол сияқты оқиғаларға тоқталады. Кейін пайғамбарымыздың сипаттары: мысалы, аяқ киіміне өз қолымен жамау салғаны, киімі жыртылса өзі тігіп, жамап алу әдеті, кішіпейілділігіне қатысты қасиеттері баяндалады. Бұл мағынадағы сөздер тек арабша оқыла берсе халыққа түсіндірілмесе, Мәуләт негізгі мақсатына жетпейді. Сондықтан, мақсатты іске асыру үшін мәуліт жиындарында пайғамбарымыз туралы өз тілімізде айтылып, ғибрат халыққа жетсе нұр үстіне нұр.
Көпшілік ислам ғұламалары мәуліттің оқылуын бірауыздан құптаған. Оны көп ұлт өз тілінде жырлап, қанына сіңіріп, салт-дәстүріне айналдырыпта үлгерген. Мысалы, мәуліт түрікшеде өзбекшеде айтылуда. Өзбектің көбі өзбекше жазылған мәулітті, түріктің көбі түрікше жазылған мәулітті жатқа біледі. Жоқ дегенде, кассетаға жазып тыңдайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған мәуліттің ең кемінде төрт шумағын жаттап алған. Қазақша мәуліт жоқ екен деп ойламаңыз. Құдайға шүкір, қазақшасы да бар. Қазақ тілінде мәуліттің бір емес, бірнеше түрі бар. Соның бірі, әйгілі ғұлама Садуақас қажы Ғылмани хазреті жазған «Мәуліт» кітабы. Онда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан бастап, дүние салғанға дейінгі өмірі төрт шумақ өлеңге сыйған. Осы қазақ тіліндегі мәуліт кітабы жайдан-жай жазылған жоқ. Ол өзбекке немесе түрікке арнап жазылған жоқ, оны Садуақас Ғылмани хазрет сіз бен бізге арнап қазақша жазды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы шумақтарды жаттап алсын деп жазды. Алла ол кісіге разы болсын, сіздер мен біздерге тауфиқ пен ғинаят берсін.
Құран Кәрімде Аллаһ тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында:
«Пайғамбарға (с.ғ.с.) Аллаһ рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар» – деген.
Сондықтан да әр жылы айтізбесінің рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн мерекелеп, Аллаһ тағала бізді өзiнiң сүйiктi пайғамбары хазреті Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi етiп жаратқанына шүкір айтып, сүйiктi хабибiне жамағат болып салауаттар айтуымыз аса құптарлық. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтудың сауабы мол. Мәуліт жиынында салауат айтылғаны өте жақсы. Мәулітті салауат мағынасында түсіну де орынды. Мәуліт жиындарының арқасында ел пайғамбарымызды жақыннан тани түсіп, махаббаттары арта берсе, нұр үстіне нұр.
Қазiргi таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерiнде аталып өтiледi. Мысалы, Египетте, Түркияда, Пәкістанда, Үндістанда және көптеген араб елдерінде ғылыми жиындар өткізіледі.
Мәулiттiң атап өтілуіне кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берді. Имам Науауи: “Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер – осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы”,– деген.
Жүнайд Бағдади: «Кiмде-кiм Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды,– деген.
Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм»,– деген.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ