Мемлекет басшысының бастамасымен «Еңбек адамының» мәртебесін көтеру, маңдай термен келген табыстың қадірін ұғындыру – маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осыған орай, «Жиенбет Жексенбай» мешітінде муфтияттың тапсырмасымен «Адал еңбек – рухани байлықтың негізі» атты семинар-кездесу ұйымдастырылды.
Шара барысында имам Бердібеков Шүкірәлі адал еңбектің — адамның рухын тазартып, қоғамды кемелдікке бастайтын басты құндылық екенін атап өтті.
«Шариғат пен салтымыз бірін-бірі толықтырып тұратын ұғымдар. Нені насихаттасаң, сол көбейеді дейді дана халқымыз. Сол себепті еңбекқорлықты дәріптеу – біздің имани міндетіміз», — деді имам.
Семинардың басты кейіпкерлері — ауылдың көпбалалы, үлгілі отбасы иелері, Марат пен Нұрханым болды. Олар өздерінің табандылығы мен маңдай тер еңбегі арқылы отбасының ғана емес, ауыл жастарының да үлгісіне айналған.
«Жаманды білмей, жақсының қадірін білмейсің», — деген аталы сөзді арқау еткен имам: Марат пен Нұрханым — адал еңбегімен бала-шағасын бағып, оқытып, тәрбиелеп отырған өнегелі жандар. Олар өз істерімен шынайы мұсылманшылықтың да, отансүйгіштіктің де үлгісін көрсетіп келеді», — деп атап өтті.
Салақтық пен еріншектік, жалқаулық пен немқұрайдылық – қоғамды азғындыққа итермелейтін дерт екенін де ерекше айтты. Ал адал еңбек, ізгі ниет, жауапкершілік – рухани байлықтың бастауы, өмірдің мәні.
«Құдайға шүкір, ауылда Марат пен Нұрханым сияқты еңбекқор, елге үлгі жандар аз емес. Солардың әрқайсысы — қоғамдағы тұрақтылықтың, берекенің, рухани байлықтың тірегі.» - дейді дін маманы.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.



08 Ноябрь 2025
17 Джумада-авваль 1447

