БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ОРДА

БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ ТОҒЫСҚАН ОРДА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаңа ислам институтының бағыт-бағдары

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ел аумағындағы діни ахуалды тұрақтандыру, діни білім беру ісін дамыту, ұлттық руханиятты нығайту сынды маңызды міндеттерді жүйелі жүзеге асырып келе жатқан республикалық бірлестік. Соңғы жылдары басқарманың бастамасымен елімізде бірқатар игі жобалар жүзеге асырылып, соның ішінде діни білім беру саласына баса назар аударылуда. Соның айқын дәлелі – 2022 жылы елорда төрінде ашылған «Хусамуддин әс-Сығанақи» атындағы ислам институты.

Бұл оқу орнының ашылуы – еліміздегі діни кадр даярлау ісінің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Институт – тек діни білім беретін оқу орны ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі дінімізді насихаттайтын рухани орталық. Осы орайда біз аталмыш білім ордасының құрылу мақсаты, ішкі құрылымы және білім беру жүйесімен танысу үшін бірнеше сала мамандарымен сұқбаттасқан едік.

I БӨЛІМ: ИНСТИТУТТЫҢ ҚҰРЫЛУ МАҚСАТЫ МЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ РӨЛІ

Хасан Аманқұлов,
ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі:

— Еліміздегі діни білім беру жүйесін жаңғырту бағытында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің тікелей бастамасымен 2022 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Хусамуддин әс-Сығанақи» атындағы ислам институты ашылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – отандық діни мамандарды өз елімізде, бірізді жүйемен даярлау.

Бүгінде мешіттер мен медресе-колледждерде қызмет етіп жүрген мамандардың түрлі оқу орындарында білім алғанын байқауға болады. Олар дінтану, исламтану, теология мамандықтары бойынша білім алған. Сондай-ақ олардың кейбірі - діни білімді өз елімізде оқыған болса, енді бірі - шетелде білім алып қайтқан. Әр оқу орнының білім беру бағдарламасының әрқилы болуы белгілі.

Осы білім берудегі әркелкілікті жою және бірізділік қалыптастыру мақсатында ҚМДБ бірыңғай оқу бағдарламасына негізделген кадр даярлайтын арнайы институт құру жұмысын қолға алды.

Институттың негізі – отандық діни кадрларды шетелге жібермей, өз елімізде дайындау, араб тілін жетік меңгеру, шариғат ғылымдарын жүйелі оқыту. Бұл бастама халықаралық тәжірибеде де кеңінен қолданылып жүр. Мысалы, Түркияда – «Хасеки», Өзбекстанда – «Имам Бұхари» атындағы ислам институты, Мароккода – Мұхаммед VI атындағы имамдардың білімін жетілдіру орталығы осы бағытта жұмыс істейді.

Бүгінде Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты – еліміздің діни кадрлар даярлау жүйесінде негізгі орынға ие болуға бет алған білім ошағы. Оқу орнында қазіргі таңда ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледждер мен жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер, сондай-ақ мешіттерде қызмет атқарып жүрген имамдар білімдерін жетілдіруде.




II БӨЛІМ: ОҚУ ҮДЕРІСІ, ІШКІ ҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ШӘКІРТКЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ

Бағдат Маханұлы,
Институт директоры:

— Институт құрылымы екі негізгі бағытқа бөлінеді: Ислам ілімдері және Құран ижазасы. Бұл бағыттардың әрқайсысының оқу бағдарламасы, қабылдау тәртібі, мақсат-міндеті нақты белгіленген.

«Ислам ілімдері» бағыты бойынша оқу мерзімі – 3 жыл. Бірінші жылы араб тіліне терең бойлау курсы өткізіледі. Өйткені оқу бағдарламасы толықтай араб тіліндегі классикалық кітаптарға негізделген. Бұл бағытта Құран, хадис, тәпсір, ақида, фиқһ, усул секілді негізгі шариғат пәндері оқытылады. Араб тілін меңгерудің төрт бағыты – сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу – арнайы жүйе бойынша үйретіледі. Әр деңгейде шәкірттер аралық емтихандар тапсырып, келесі кезеңге өтеді.

«Құран ижазасы» бағыты – Құранды толық жаттаған, қабілеті жоғары қариларға арналған бір жылдық бағдарлама. Бұл бөлімде шәкірттер Құранды бірнеше мәрте мұғалім алдында тапсырады. Әріптердің дұрыс дыбысталуы, тәжуид ережелерін меңгеруі басты назарда ұсталады. Соңында ижаза куәлігі беріледі. Бұл – Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жалғасып келе жатқан қырағат тізбегіне қосылу құқығын білдіреді.

Институт шәкірттері тек білім алып қана қоймай, рухани тәрбие мен тәжірибелік машықтанудан өтеді. ҚМДБ-ның түрлі бөлімдерімен бірлескен шараларға қатысып, насихат, ұйымдастырушылық қабілеттерін жетілдіреді.

Әлеуметтік жағдайға келсек, шәкірттер жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Күнделікті үш мезгіл ыстық тағам, заманауи кітапхана, оқу аудиториялары бар. Ең маңыздысы – оқу тегін және үздік студенттерімізге арнайы шәкіртақыда тағайындалған. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік жүктейді.






III БӨЛІМ: ТҮЛЕКТЕР ТӘЖІРИБЕСІ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТ

Нұрболат Әбжаппарұлы,
Институт түлегі, ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің маманы:

—  Біріншіден елімізде, елордамыз Астана қаласында осындай ауыз толтырып айтарлық Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы алғаш академиялық ислам институтын ашып, жастардың білім алуына мүмкіндік жасаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және  Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына  үлкен алғыс айтамыз.

Институтта білім алу – мен үшін ерекше кезең болды. Мұндағы ұстаздардың бәрі өз саласының хас шеберлері. Әсіресе, Мысырдағы Әл-Азхар университетінің түлегі, көзі зағип болса да «Он қирағат» иесі атанған, ақида саласынан докторлық дәрежесі бар Махмуд Хассан ұстазымыздан білім алу – зор мәртебе. Ол кісінің сабағынан алған рухани әсер мен ғылымға деген сүйіспеншілік әлі күнге дейін жүректе жаңғырып тұрады.

Институттағы оқыту жүйесінің тағы бір артықшылығы – барлық пәндердің араб тілінде оқытылуы және классикалық еңбектердің түпнұсқадан үйретілуі. Сонымен қатар бізге жатақхана, тамақ, оқу құралдары тегін ұсынылды. Осы жағдайлар оқу процесіне толық мән беруге сеп болды.

Институтты бітіргеннен кейін ҚМДБ Діни сараптама бөліміне маман ретінде қабылдандым. Мұндағы жұмыс – нақты білімді, логикалық ойды, мәтінмен мұқият жұмыс істей білуді талап етеді. Осының бәрін мен институт қабырғасында жүріп меңгердім.

Бүгінде діни білім алғысы келетін жастарға айтар кеңесім – осы институтта оқу – шетел асып, білім іздеудің баламасы ғана емес, тіпті одан да артық мүмкіндік. Оқу тегін, ұстаздар таңдаулы, орта рухани. Бұл – Алланың берген үлкен нығметі. Оны дер кезінде пайдалана білген абзал.

Асылхан Нұртайұлы,
Институт түлегі, Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің бас имамы:

— Институт қабырғасында өткен үш жыл – мен үшін рухани әрі кәсіби тұрғыдан өсуге жол ашқан маңызды кезең болды. Мұндағы оқу жүйесі нақты әрі жүйелі ұйымдастырылған. Араб грамматикасы, ақида, фиқһ, тәпсір пәндері терең әрі жан-жақты оқытылды.

Әсіресе, тәпсір сабағы ерекше әсер қалдырды. Біз түрлі тәпсір еңбектерімен танысып қана қоймай, ғалымдардың Құранды түсіндірудегі әдіс-тәсілдерін де меңгердік. Бұл Құранға деген сүйіспеншілігімді арттырды.

Институтта алған білімім мен тәжірибем қазіргі қызметімде үлкен көмек болуда. Ұстаздардың бағыт-бағдары, курстастармен бөліскен тәжірибе – бәрі де кәсіби дамуыма оң әсер етті.

Бүгінде діни білім алғысы келетін жастарға осы институтта оқуды ұсынар едім. Себебі оқу жүйесі бекітілген, ұстаздар – тәжірибелі мамандар, дәрістер ханафи мәзһабы негізінде өтеді, оқу құралдары қолжетімді, ұлттық дәстүр дәріптеледі, спорттық үйірмелер бар.

Оқыған ұстаздарымның ішінде Ибраев Темірлан ұстаз ерекше есімде қалды. Оның сабақ беру тәсілі, тың мәліметтермен бөлісуі және үнемі ізденісте болуы – үлкен өнеге.

Ислам институты – ілім мен тәрбиені ұштастырған құтты орда.


ҚОРЫТЫНДЫ: ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МЕКТЕП

Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты – елімізде бұрын-соңды болмаған академиялық ислам білім беру моделін жүзеге асырып жатқан іргелі орда. Бұл – дәстүр мен ғылымды ұштастырған, шетелдік тәжірибені ескере отырып, отандық ерекшеліктерге бейімделген кешенді жоба.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының алғашқы түлектеріне арналған салтанатты куәлік табыстау рәсіміндегі сөзінде:
  
«Бүгін – біз үшін ерекше қуанышты әрі тарихи күн. Осыдан 3 жыл бұрын имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруге ықпал ету және діни мәселелерді түсіндіру қабілетін дамыту мақсатында Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институтын ашқан едік.
 
Аллаға шүкір, «Ислам ілімдері» бағыты бойынша терең білім алған институттың тұңғыш түлектері өздеріне тиесілі куәлікті алғалы отыр. Институт жанынан ашылған «Ижаза» орталығында тәлім алған қарилардың үшінші тобына да арнайы куәлікті табыстаймыз. Алла Тағала алған білімдеріңіздің игілігін көруді жазсын» – деген болатын.  

Институт түлектері – ел руханиятының тірегі болар тұлғалар. Сондықтан бұл оқу орнын тек кәсіби маман даярлайтын орталық қана емес, ата-бабаларымыздың сара жолын жалғап, дәстүрлі дінімізді терең зерттеп, халықтың рухани болашағына жол сілтейтін білім ұясы деп қабылдаған жөн.




 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: