الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Игі мұсылман баласына қатысты діни міндеттемелер (такалиф шарғия) екі негізгі бөлімнен тұрады: біріншісі – адамның сыртқы әрекеттеріне қатысты үкімдер, екіншісі – адамның ішкі, яғни жүрек амалдарына байланысты үкімдер. Басқаша айтқанда, бұл үкімдер адамның тәніне байланысты және жүрегі мен рухани әлеміне қатысты амалдар болып екіге бөлінеді. Жүрекке қатысты амалдар да бұйрықтар мен тыйымдардан тұрады. Бұйрықтарға: Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына иман келтіру, ықылас, разылық, шыншылдық, тақуалық, тәуекел ету секілді амалдар жатады. Ал тыйымдарға: күпірлік, екіжүзділік (нифақ), тәкаппарлық, өзін-өзі жоғары санау, рия, алдау, кек сақтау және күндеу секілді жүрек дерттері жатады. Шариғат тұрғысынан қарағанда, жүрек амалдары дене амалдарынан да маңызды, дегенмен екеуі де қажет. Себебі ішкі (жүректегі) күй, сыртқы әрекеттердің негізі мен бастауы. Жүрек бұзылса, сыртқы амалдардың құндылығы жоғалады. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
فَمَن كَانَ يَرْجُو لِقَاءَ رَبِّهِ فَلْيَعْمَلْ عَمَلًا صَالِحًا وَلَا يُشْرِكْ بِعِبَادَةِ رَبِّهِ أَحَدًا
«Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді серік етіп қоспасын», – деген («Кәһф» сүресі, 110-аят).
Сол себепті де сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сахабаларына адамның ішкі жан-дүниесі мен руханиятының таза, әрі шынайы болуының маңыздылығын айтып кеткен. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
ألا وإنَّ في الجَسَدِ مُضْغَةً، إذا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وإذا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، ألا وهي القَلْبُ
«Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» – деген (имам Мүслім).
Демек, егер адамның бойындағы бір жұдырық ет сау болса, онда адам да сау-саламатта жасайды. Егер дертке шалдықса, адам науқас атанады. Мұнда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегі рухани дертке шалдыққан адамды ауру деп айтуы адамның барлық амалы, іс-әрекеті оның жүрегіне байланысты екендігін меңзейді. Шариғатымызда шынайы амалдар ихсанға негізделеді. Осы тақырыпқа қатысты «Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына алсын) Муснад» кітабында: «Ихсан – әрбір ісіңді Алла разылығы үшін жасауың», – делінген. Имам Науауи (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек», – дейді. Бұл ретте адамның ниетіне баса назар аударылады.
Қазақ руханиятының терең қабаттарына көз жүгіртсек, жүректің тазаруы мен адамның ішкі кемелдігін басты орынға қойған ілімнің ізін көреміз. Бұл жай ғана білім емес, рухани тәжірибе мен Хақты жүрекпен тануға негізделген сопылық ілім. Осы ілімнің Орталық Азия кеңістігіндегі ең ірі өкілі – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз. Оның рухани мұрасы, әсіресе, «Диуани Хикмет» атты еңбегі ғасырлар бойы халық арасында Аллаға жақындаудың жолын нұсқап келеді. Бірақ Ясауидің мұрасын тек әдебиетпен немесе тарихпен шектеу, оның ілімінің рухани тереңдігін толық түсіне алмау болар еді. Ол адамды ішкі жан дүниесін тазартып, өз-өзімен беттестіретін, жүрек арқылы ақиқатқа жетелейтін ілімнің иесі. Бұл – хәл ілімі.
Хәл – адамның рухани хал-ахуалы, Жаратушымен байланыс орнату жолындағы ішкі сезімі, жүрек күйі. Бұл ілім адамды сыртқы білімнен ішкі танымға бастап, жүрек шынайылығына жетелейді. Қожа Ахмет Ясауи исламды тек шариғат амалдары мен қағидалар жиынтығы емес, бәлкім рухтың тәрбиесі, нәпсінің тыйылуы, ішкі тыныштық пен шынайы ықыласқа негізделген өмір салты деп түсіндіруге тырысады.
Бүгінгі уағызымызда біз Қожа Ахмет Ясауидің рухани әлеміне үңіліп, хәл ілімінің мәні мен маңызын саралап, бұл танымның бүгінгі адамзатқа берер тағылымын ой елегінен өткізбекпіз. Себебі Ясауи қалдырған ілім – тарих қойнауында қалған көне дәуірдің үні ғана емес, бүгінгі рухани жұтаң заманда адам баласына бағыт сілтер шамшырақ іспетті.
Түркі даласының төл перзенті, Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің қазақ халқының рухани тарихында айрықша орны бар. Ол – Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы. Оның туған жері – қазіргі Түркістан облысы Сайрам кенті. Әкесі Ибраһим ата – хазіреті Әлидің (оған Алла разы болсын) ұрпағы. Ол Исфиджабта танымал діндар кісі болса, анасы Қарашаш – Мұса шейхтың қызы.
Қожа Ахмет Ясауи алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң, Арыстан бабтан тәлім алады. «Диуани хикметте» бұл жайында былай дейді:
Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,
Хақ Мұстафа аманат берді маған,
Сол сәтінде-ақ көңілім тауып баян,
Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім мен де...
Арыстан баб қайтыс болған соң, Бұхараға барып, Юсуф Хамаданиге шәкірт болады. Ұстазы Юсуф Хамадани Имам Ағзам Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына алсын) жолын берік ұстанған ғұлама болатын. Оның ұстазы жан шуағын ешкімнен аямайтын, жетім-жесірлерге қарайласатын өте білімді әрі мейірімді жан еді. Юсуф Хамадани сияқты ары таза, жаны пәк адамнан тәлім алған Қожа Ахмет ұстазының бүкіл жақсы қасиетін бойына сіңіріп әрі ұстазынан көп өнегені бойына сіңіреді.
Көзін ашқаннан діндар отбасында өскен Қожа Ахмет те жастайынан өмірін ізгілік пен мейірімділікке, адамгершілік пен тақуалыққа арнады. Ол Юсуф Хамаданидан діни білім алған соң, Ясыға келіп, халыққа дінді үйретіп, сопылық жолдың насихатшысына айналады. XII ғасырда Ясы деген кішкентай қаланың Ясы шаһары деп даңқының шығуы Қожа Ахмет Ясауидің атымен тікелей байланысты. Ал қазір Түркістан деген кезде бірден Қожа Ахмет Ясауидің еске түсуі бабамыздың танымал ғұлама, әулие екенін аңғартады.
Қожа Ахмет Ясауидің тәрбиелеген шәкірттерін санамалап шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен алғашқы шәкірті Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата, екінші шәкірті Саид ата болса, үшінші шәкірті Мұхаммед Данишменд, төртіншісі Сүлеймен Бақырғани (Хаким ата) екені белгілі. Түріктің ғалымы Фуат Көпірүлүнің: «Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді» деген сөзі оның шәкірттерінің көптігін білдірсе керек. XIII-XV ғасыр арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуреннаһр және Анадолыға дейін жетті. Түркі жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтқандықтан «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тәмсіл пайда болды.
«Хал» ілімі тасаууфтың (сопылықтың) бір тақырыбы. Тасаууфтың, яғни сопылықтың не екендігін білмей тұрып, бұл тақырыпқа терең кіру қиынға соғатыны анық. Сол себепті кішігірім сопылық ілімі жайында сөз қозғағанымыз жөн. Тасаууф (сопылық ілімі) баршамызға белгілі болған Жебірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) хадисіндегі ихсанның түсіндермесін негізге ала отырып пайда болған ілім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قالَ أَنْ تَعْبٌدَ اللَّهَ كَأنَّكَ تَرَاهُ فَإٍنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فإنَّهُ يَرَاكَ
«Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да, Ол сені көріп тұр», – деп, ихсанның астарлы мағынасын түсіндірген (имам Мүслім).
«Тасаууф» сөзінің тілдік мағынасын қарастыратын болсақ, бірнеше мағыналарын атап өтуге болады. Шейх Абдуқадыр Иса өзінің «Хақаиқ ан Тасаууф» еңбегінде бірнешеуін атап өткен:
- Саф (صف) (сап) сөзінен қалыптасқан деген де сөздер бар. Бұл көзқарас бойынша, сопылар жүректерімен Аллаға жақын болып, алдыңғы сапта тұрушылар іспетті. Олар құлшылықта, ықыласта, тақуалықта өзгелерден озық жүреді.
- Сыфә (صفة) (сипат) түбіріне қайтады дейді. Бұл көзқарас бойынша, «тасаууф» – көркем мінез-құлықтармен сипатталу, жаман қасиеттерден арылу дегенді білдіреді.
- Суффа (صفة). Бұл Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітінде тұрып, өмірін зікір мен ғибадатқа арнаған кедей сахабаларға (Әһл ас-суффа) қатысты айтылған. Сопылар солардың жолын жалғастырушы, олардың рухани мұрасын ұстанушылар ретінде қарастырылады.
Шариғи, яғни терминдік анықтамаларын келсек Шейх Закария әл-Ансари келесі анықтаманы береді: «Тасаууф – бұл нәпсіні тазартып, мінезді көркемдеуге, адамның ішкі руханияты мен сыртқы болмысын тәрбиелеуге бастайтын, мәңгілік бақытқа жетелейтін ілім». Имам Жунейд (Алла оны рақымына алсын): «Тасаууф деп күллі жақсы мінездерді пайдаланып, барлық нашар мінездерді тәрк етуді айтамыз», – деген. Бұл ілім өте маңызды, себебі мұсылман адамның сыртқы амалдарының негізі – ішкі жан-дүниесі.
«Хәл» іліміне тоқталар болсақ, ол араб тілінен аударғанда «рухани күй, ішкі ахуал» деген мағынаны білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз «хәл» адамның Алламен байланысындағы ішкі рухани халін, сезімін, жүрек күйін білдіретіндігін еңбектерінде айтып өткен. Осы жолды ұстану арқылы адамның рухани тазаруы, Аллаға жақындауы, шынайы тақуалыққа жетуі керектігін үйретті. Адамның түзелуі жүрегінің түзелуіне байланысты болғандықтан, адамға ең алдымен жүрегін тәрбиелеуге күш салуды міндеттеді. Жүректі Алла Тағала тыйым салған жаман сипаттардан тазарту және бізге бұйырған көркем сипаттармен безендіру арқылы жүзеге асатындығын айтқан. Сонда ғана жүрек сау әрі түзу болмақ. Ал ондай жүрек иесі құтылған, шынайы табысқа жететіндігін алға тартқан. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
يَوْمَ لَا يَنفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ
«Ол мал-мүлік те, бала-шаға да еш пайда бермейтін күн. Ол күні Аллаға таза һәм кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)», – деген («Шұғара» сүресі, 88-89 аят).
Ясауи үшін хәл – жай ғана күй емес, жүректің Хақпен байланыс орнатуы, адамның ішкі дүниесінің тазару процесі. Оның хикметтеріндегі:
Ишарат еттім дана болса мағына алсын,
Қал ғылымынан біліп едім нышан қалсын..., – деген жолдары Ясауи ілімінің ішкі сырға толы екендігін аңғартады. Мұндағы «қал» деп сыртқы сөзбен айтылған ілімді меңзейді, ал «хәл» деп сол сөздің жүректегі рухани әсері мен шынайы тәжірибесі. Қожа Ахмет бабамыз өз жазбаларында Қал ілімін теориялық білім деп, ал хал ілімін – өз басынан өткізген, тәжірибесіндегі құлшылық-ғибадатымен жеткен рухани тәрбие жолы деп түсіндіруге тырысады. Сондықтан «қал» жәй ғана сөз деп аударғанымызбен оның терең мағынасы жасырын қалады. «Хәл» ілімі «қал» ілімін өз ішіне қамтиды. «Қал ілімі» деп Ясауи бабамыз тафсир, кәлам, хадис және т.б. шариғаттың ақли және нақли ғылымдарын меңзеген. Осы ғылымдарды игеріп барып, хәл сатысына өтуге болатындығын алға тартқан. Хақтың дидарын көргісі келгендер ғана «қал» ілімінен «хәл» іліміне өткен. Ясауи хикметтерінде «қал» ілімін оқу, зікір айту, «дүниені тәрк ету, өзін-өзі тану, нәпсіні жеңу» және тағы сол сияқты күрделі процесті қамтамасыз ететін ілімді тұтастай хәл ілімі ретінде дәріптейді», мәселен:
Ессіз Мансұр қорлықпенен болады ада
Бір сөз үшін жарандардан болды жүдә
Халін, ділін ешкім білмес тәңірім куә
Қандар жұтып мен де куә болдым – деген шумақтарынан байқауға болады.
Ясауи бабамыз өз хикметтерін жай уағыз, құрғақ насихат ретінде емес, сезім мен шабытқа құрылған жүрек сөзі ретінде жеткізеді. Оның хикметтерінде жиі кездесетін «ғашық», «дария», «тамшы», «машық» секілді сөздер – көркемдік үшін ғана қолданылған бейнелеу емес, тасаууф ілімінің өзіндік терминдері, рухани тәжірибенің көріністері.
«Ғашық» – Жаратушыға ынтық жан.
«Дария» – ақиқаттың терең мұхиты.
«Тамшыдан дария болып тасу» – адамның Хақ Тағалаға өзін арнап, шынайы түрде құлшылық ғибадат етуі.
Бұлар тек поэтикалық құрал емес, ішкі рухани жағдайдың сипаттары. Яғни өзін-өзі тәрбиелеу, тану, нәпсімен күресу, түбінде Хақты тануға тырысу– хәл ілімінің негізі.
Ахмет Ясауидің хәл танымы арқылы ғылым мен руханият, ақыл мен жүрек, сөз бен амал бір-бірімен тұтасып жатқанын көреміз. Оның ілімі – қал мен хәлдің үндестігі, яғни адамның айтқан сөзі мен ішкі халі бірдей болуы тиіс деген терең ұстанымға негізделген.
Қисса
Омар ибн әл-Хаттабтан риуаят етіледі: «Бір күні біз Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайсымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тізелеріне тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойып: «Уа, Мұхаммед! Маған Ислам туралы хабар берші», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Алладан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның Елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың», – деп жауап қайтарды. (Әлгі адам): «Сен рас айттың», – деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол: «Енді маған иман жайынан хабар берші», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деді. Ол тағы да: «Сен рас айттың», – деді. Сонан соң: «Енді ихсан жайында хабар берші», –деді. Ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр», – деді. Әлгі адам: «Енді маған (Қиямет) сағаты жайында хабар берші», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді ол жайын», – деді. Әлгі адам: «Онда маған оның белгілерінен хабар берші», – деп еді, ол кісі: «Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің», – деді. Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Әй, Омар, сұраушының кім екенін білемісің»? – деді. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – деп едім, ол кісі: «Ақиқатында, бұл-Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», – деді.
Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иесінің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Алла Тағала қасиетті Құранда:
لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ
«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық», – деген («Тин» сүресі, 4-аят).
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. «Асылын білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа», – дейді ол. Алла Тағала қасиетті Құранда:
...فَإِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن تُرَابٍ...
«Біз сендерді топырақтан жараттық...», – деген («Хаж» сүресі, 5-аят).
Ясауи «топырақ» – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық деп түсіндіреді. Ал нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер екендігін айтады. Қожа Ахмет Ясауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын метафора ретінде қолданады: «Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ, Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ». Бұл шумақта айтылған «топырақ болу» – нәпсіден арылу. Оны Иасауи бабамыз Хаққа қауышудың бірінші шарты деп түсіндіреді. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар «жол» екендігінің мәніне қанығады. «Топырақ болғыр әлем сені басып өтсін» дегендегі мақсат осыған саяды. Топырақ секілді қарапайым болуды әулилердің сипаты деп түсіндіруге тырысқан. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алланың рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.
Бабамыз сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Мəңгілік махаббатты, жанпида ғашықтықты, риясыз адалдық пен асқақ адамгершілікті жырлады. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді.
Оның өлеңдері оғыз-қыпшақ тілінде айтылғандықтан, халық арасында тез тарап үлгерді. Себебі Ислам құндылықтарын жырлағандықтан әрі тілі ұғынықты болғандықтан, түркілер тарапынан қолдау тапты. Ахмет Ясауи әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Тіпті Аллаға дұға еткенде: «Уа, Алла! Өзіңе және Пайғамбарыңа бізді ғашық ет», – деп жалбарынды. Мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырып, түркі халықтарының көзін ашып, Аллаға деген иманын арттырып, Исламға деген танымын кеңейтті.
Ахмет Ясауи бабамыздың рухани іліміндегі басты негіз – адамның өзін тануы арқылы Хақты тануы. Бұл таным жолының алғашқы сатысы – тәубе, яғни шынайы өкініш пен тазару, ал соңғысы – құлдық (убудият), яғни Аллаға толық берілу, менмендіктен арылу, және Хаққа қызмет ету. Ал Хаққа қызмет етуді халыққа қызмет ету деп түсіндіреді. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. «Дертсіз адам адам емес, мұны аңла, Ашқсыз (ғашық емес) инсан хайуан жынысы, бұны тыңда». Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан деп түсіндіреді. «Ашқсыз адам» – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемді, адамды, табиғатты қадірлемейтін, Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде «Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май» болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ - кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ғибадат), ол «Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін» – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. «Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар» деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.
Қожа Ахмет Ясауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мінез-құлық). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
بُعِثتُ لأُتَمِّمَ صالِحَ الأخْلاقِ
«Мен көркем және ізгі мінез-құлықты кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген (имам Бұхари).
Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана «шындыққа», «жан тыныштығына» қауышады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін-өзі меңгеруге қолы жетіп, «Кемел адам» тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Ясауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді.
Құрметті жамағат!
Қожа Ахмет Ясауи – түркі мұсылман дүниетанымын терең руханиятпен байытқан, сопылық жолын халық жанына жақын тілмен жеткізе білген дара тұлға. Ол өз заманының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани ұстазы, нағыз кемел мұсылман бейнесін қалыптастырған үлгі боларлық ілім иесі.
Ясауи хикметтерінің түп төркіні – адамның жүрек дүниесін, ішкі рухани жағдайын тәрбиелеуге негізделеді. Бұл тек сыртқы діни білім мен рәсімдермен шектелмей, Алланы шынайы тануға, зікірмен жанды тазартып, нәпсіні тыйып, махаббатпен кемелдікке жетуге үндейтін ілім. Хәл – адамның ішкі рухани ахуалы, Жаратқанмен арасындағы байланысы. Осы хәл ілімін Ясауи тек үйретіп қана қоймай, өзі сол жолмен өмір сүрді, сонысымен үлгі болды. Бүгінгі күнде де Ясауи ілімі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі адамның күйзелісі, рухани сұранысы, дәл сол Ясауи бабамыздың сара жолының қажеттілігін айқындай түседі. Өйткені бұл ілім адам өзін-өзі өзгертпей тұрып, қоғам түзелмейтінін меңзейді. Ең алдымен жүректі түзеуге, ішкі әлемді жарыққа шығаруға үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللهَ لَا يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ، وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ
«Ақиқатында, Алла Тағала сендердің келбеттеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды. Алайда жүректеріңе және амалдарыңа қарайды», – деген (имам Мүслім).
Сондықтан Ясауи ілімін тану – тарихты тану ғана емес, өз болмысымызға үңілу. Бұл ұлттың рухани тамырына оралу, жүректі иманмен тәрбиелеу, сөзі мен ісі жарасқан парасатты қоғамға қадам басу.
Алла Тағала баршамызға Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың жолын терең түсініп, оны жүрекпен қабылдап, өмірімізге шынайы өнеге етіп алуды нәсіп етсін!