Әрбір істі басқаратын орталық бар. Сол секілді адам баласының сана-сезімін басқаратын орталығы болады. Оны жүрек деп атаймыз. Жүрек – иманға, ар-ұятқа, мейірімділікке ұяласа, адам баласының бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүрекке өшпенділік, күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бойында имансыздық, ұятсыздық сынды теріс әрекеттер пайда болады. Сондықтан жүрек – жақсылық пен жамандықтың бұлағы. Қасиетті Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады. Бұл біздерге жүректің маңыздылығын аңғартады. Сол үшін Жаратқан Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады.
Қоғамдағы проблемалардың басым көпшілігі адамдардың жүрегіне және оның дерттеріне байланысты. Өйткені қазіргі таңдағы пенделердің басым көпшілігінің дерті өшпенділік. Қазіргі таңдағы адамдардың өзіндік саналары өзінен ешбіреуін жоғары ұстамау болып қалған. Өшпенділікке апарар жолдың басты қадамы көреалмаушылық. Мына интернет дамып тұрған заманда келіп жатқан хабарлардың барлығын адам баласы тек материялдық мәселеге мән беріп рухани сүйіспеншіктен мақұрым қалып жатыр. Осы орайда адам баласы қоршаған қоғамға махаббатпен қараған болса, жүректің дерттерінен құтылған болар еді.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла Тағала көкірек сарайын Исламға айқара ашқан кісі Раббысынан келген нұрға бөленеді. Ендеше, Алланы еске алуға келгенде, жүректері тастай болып қатып қалған бейбақтар қараң қалсын! Олар анық адасуда», – деген («Зүмәр» сүресі, 22-аят).
Ислам дінінде ашуға берілудің өзіндік жолы мен шеңбері бар. Ол үшін әрбір адам өшпенділікке, қастық жасауға түсіп қалмау үшін өзінің нәпсісімен дұрыс күресе білуі керек. Ғалымдарымыздың айтуынша, өшпенділік дегеніміз – біреуге қастық ойлап, оны жүзеге асыру сәтін күту. Бұл – мұсылманға жат жағымсыз іс.
Дінімізде жаман іске, яғни күнә жасалып жатқан іске ашулану құптарлық амал болып саналады. Бұған қатысты Құранда аят бар. Онда Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) өз қауымының бұзауға табынып, Аллаға серік қосқандарын көргенде қатты ашуланғаны баяндалады. Бұл туралы Құранда былай делінген: Мұса (қауымының бұзауға табынғанын жол-жөнекей естіп) қауымына тым ашулы һәм еңсесі түскен күйде оралды. Ол келген бойда қауымына: «Мен кеткеннен кейін қандай жаман істер істегенсіңдер? Раббыларыңның әмірін мұншама тез тәрк еткендерің қалай?» – деді де, қолындағы тақтайшаларды қоя салып, бауырының басынан (яғни шашынан) алып өзіне қарай жұлқи тартты. Сонда бауыры: «Уа, анамның баласы! Бұл қауым мені адам құрлы көрмей әбден басынып алды, тіпті өлтіре жаздады. Мені дұшпанға таба қылма һәм мені (кешірілмес күнә арқалап) өзіне қиянат жасаған залым қауымның қатарына қоса гөрме!» деді» («Ағраф» сүресі, 150-аят).
Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Ең жақсы адам кім?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнә істемейтін, кек сақтамайтын, күңшіл емес тақуа, адал кісі» деп жауап берген екен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Дүйсенбі мен бейсенбі күндері амалдар көрсетіледі. Кешірім сұраушының күнәсы кешіріледі, тәубе еткеннің тәубесі қабыл етіледі, ал өшпенділік сезімі бар адам тәубе етпейінше амалы қабылданбайды», – деген.
Қазіргі таңда, Исламды қабылдаушылардың 80 пайызы мұсылман үмбетінің мінез-құлқы және қарым-қатынасы себепті иманға келуде екен. Біздің ата-бабамыз да осылай мұсылман болған. Ал, қалған 20 пайызы ғылым, зерттеу, дәлелдеу және т.б. сол сияқты ізденістер нәтижесінде мұсылман болатын көрінеді.Біз – мұсылманбыз. Әлемге рақымет, мейірімділік етіп жіберілген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіміз. Кітабымыз – имандылыққа, ізгілікке, жақсылыққа шақыратын Құран. Раббымыз – Рахман және Рахим Алла. Мұның барлығы, мейірімділікті аңғартады. Демек, мұсылман мейірімділіктен бастау алатын барша көркем мінезді бойына қалыптастырушы жан. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылмандардың ең кемел имандысы – көркем мінезді болғаны»,-деп тектен-тек айтпаған. Жақсы да көркем мінез барлық жағдайда маңызды және шешуші рол атқарады. Құрандағы пайғамбарға (с.ғ.с.) қаратыла: «...Егер дөрекі, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді»Әли Ғимран сүресі, 159-аят,-деп айтылған аят мұның айқын дәлелі.Құран Кәрімдегі: «Және сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің»Қалам сүресі, 4-аят,-аятын тәпсіршілер:«Мұхаммед! Сен биік те жоғары мінездің иесісің. Алла сенің бойыңа жақсы қасиет пен кемелдік атауын түгел жинаған»,-деп түсіндіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жақсы қасиеттері көп-ақ. Ол ілімді, жұмсақ, ерекше ұятты, аса жомарт тым ғибадатшыл, сабырлы, шүкіршіл, кішіпейіл, мейірімді, жанашыр, жақсы мәмілешіл еді. Дегенмен, имандылық жолымен жүруге талпынған жастарға жетпейтіні – көркем мінез. Базар жырау:
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, ділде жоқ...,- дегендей, мұның салдарынан өздері де зардап шегеді. Имандылыққа бет бұрайын деп тұрған достарына да зияны тиеді.
Балхожаев Азамат Аудандық
«Бәйдібек» мешітінің найыб имамы