Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Үлгілі ауылының тұрғындарымен кездесіп «Лудомания қоғам дерті» тақырыбында насихат айтты.
Қанат Әділханұлы: «Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойын. Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып: «Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар», – деп айтқан.
Аятта құмарды «ластық» іс деп атауы жайдан жай емес. Өйткені «рижс» (ластық) сөзі – әрі зиянды, әрі күнәлі нәрсеге қолданылады. Сонымен қатар бұл істердің шайтанның ісінен деп аталуы да тегін емес. Себебі шайтанның мақсаты адамды азғырып, азапқа душар ету. Осының өзі адам баласына тыйым салынған іс екендігін ұғындырып тұр. Аяттың жалғасында: «Мүмкін құтыларсыңдар», – деп аяқталуында да үлкен мән бар. Өйткені құмарды тастау – құтылуға жетелейді, жеңіске жеткізеді. Яғни, құмар сынды жағымсыз әдеттен арылған адам мақсатына жетеді. Мұсылманның мақсаты – дүниеде де, ақыретте де жеңіске жетіп, екі дүниенің бақытына кенелу. Егер не нәрсе бұл мақсаттың алдын орайтын болса, мұсылман адам оны сөзсіз тастауы керек», - деді.