Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Үлгілі ауылдық «Әбдімажит» мешітінде III аймақ имамдарына «Ихсан – руханияттың қайнар көзі» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда Қанат Әділханұлы: «Ихсан сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «бір істі қолға алғанда оны ең әдемі, ең кемел түрде жасау» деген сөз.
Қасиетті Құранның «Қасас» сүресінің 77-аятында: «Алланың саған берген нәсібін ақырет қамына жаратқайсың, бірақ осы өмірдегі сыбағаңды да ұмытпа! (Жаратқанның) саған жасаған жақсылықтарын өнеге тұтып, өзің де өзгеге жақсылық жаса. Жүрген жеріңде бұзықтық жасама. Бұзақыларды Алла құп көрмейді», – деген.
Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Әдеп адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдепті қалыптастырады», - деді.