Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің наиб имамы Азамат Балхожаев аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен «Радикалды діни көзқарастың жеке тұлға мен қоғамға кері әсері» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында радикалды көзқарастардың қоғамды бөліп-жаруға бағытталғаны, оның ата дәстүрімізге, дінімізге және мемлекетімізге қарсы әрекет болып табылатыны түсіндірілді. Осындай теріс әсерлерге қарсы тұру үшін діни сауаттылықтың маңыздылығы, ата-баба дәстүрін берік ұстана отырып, жан-жақты хабардар болу қажеттігі айтылды. Балаларымызды діни сауаттандыру – қоғамның рухани қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселе екені ерекше атап өтілді.
«Мемлекетімізде Нұр-Мүбарак университеті, 9 медресе-колледж, сондай-ақ 35 мешіт пен қариларды дайындайтын қайырымдылық мекемелері бар. Бұл мекемелер арқылы рухани білім алып, дұрыс бағытта дамуға барлық жағдай жасалған», – деді Азамат Балхожаев. Ол сондай-ақ дәстүрлі исламды ұстанудың маңыздылығын, халқымыздың асыл дәстүрлерін сақтап, тура жолдан адаспауға шақырды.
Шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кездесуге барлығы 15 адам қатысты.