Ислам дінінің негізі болып табылатын қайырымдылық пен қамқорлық мұсылман қауымының басты ұстанымдарының бірі. Осы игі дәстүрді ұстана отырып, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы «Ар-Рахман» мешітінің имамы Досмұхаммед Гүлімхазраттың ұйымдастыруымен көмекке мұқтаж отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Қайырымдылық шарасы аясында жағдайы төмен бір отбасыға қыс мезгіліне арналған жылы киімдер табысталып, қосымша 30 000 теңге қаржылай көмек берілді. Бұл игі іс мұқтаж жандардың көңіліне қуаныш сыйлап, олардың қысқы қиыншылықтарды жеңілдетуіне септігін тигізді.
Имам Досмұхаммед Гүлімхазрат өз сөзінде мұндай шаралардың тек көмек көрсету ғана емес, сондай-ақ қоғам арасында мейірімділік пен бірлікке шақыру мақсатын да көздейтінін атап өтті. Қайырымдылық іс-шарасына атсалысқан мешіт жамағаты мен жомарт азаматтарға ерекше алғыс білдірілді.
Қайырымдылық – жүректен жүрекке жететін ізгі жол. Осындай игі істер арқылы қоғамдағы мұқтаж жандарға көмек көрсету – әрбір мұсылманның парызы мен борышы.