Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылы «Сұлтан» орталық мешітінде жұма уағызын Тараз қаласы «Әулие Ата» мешітінің наиб имамы және «Дін мен дәстүр» бағытына облыс бойынша жауапты Ғайырфулла Әмірбеков жүргізді. Жұма уағызы «Үлкенге құрмет- кішіге ізет» тақырыбында болды. Жұма намазына жиналған Құлан жамағаты уағыз-насихаттан сусындап, рухани әсер алғандарын жасырмады.
Ғайырфулла имам уағызында: «Үлкен кісінің әлсіздігін ескеріп, оларға құрмет көрсету ата-бабаларымыздың ерте заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі болып табылады. Бұрынғы өткен даналар: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең: «менен жасы үлкен болғандықтан сауапты амалдары да менен көп болар» деп ойлап, оны сыйлай біл, өзіңнен жасы кіші адамды көрсең «менен жасы кіші болғандықтан күнәлі істері менен аз болар» деп ойлап, оны да сыйлай біл», – деп қоса кетті.
Алла Тағала қарияларымызға амандық, жастарымызға береке нәсіп етіп, бүгінгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!