Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы III аймақ имамдарына «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» тақырыбында дәріс оқыды.
Семинарда Қанат Әділханұлы: «Хадис сөзі сөздікте «хабар», «мәлімделген не айтылған нәрсе», «жаңа» деген мағыналарға саяды. Құран Кәрімде хадис сөзі «сөз», «хабар» мағыналарында қолданылған («Ағраф» сүресі, 185-аят; «Уақиға» сүресі, 81-аят). Сүннет болса сөздікте «жол», «жүріс-тұрыс», «әдет», «адам табиғаты», «мінез-құлық» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде ол жекеше түрде 14, көпше тұрде 2 жерде кездеседі. Сүннет сөзі көбінесе «сүннәтуллаһ» («Ахзаб» сүресі, 62-аят, «Муминүн» сүресі, 85-аят), «Суннәтунә» («Исра» сүресі, 77-аят), «Суннәту мән…» («Исра» сүресі, 77-аят) «Суннәтул-әууәлин» («Әнфәл» сүресі, 38-аят) сияқты сөз тіркестерінде қолданылған. Құранда бұл сөздің негізінен екі мақсатқа орай қолданылғанын көруге болады:
1. Бұрынғы үмметтердің, қауымдардың жүрген жолдары, қарым-қатынастары, үкімдері, жаза түрлері;
2. Алланың заңы, бұлжымас қағидасы. Хадистерде де сүннет сөзі әртүрлі сөз тіркестерінде, көбінесе «жол, әдет» мағыналарында берілген», - деді.