#Байзақ: ЭТНО ТАРИХИ КЕШЕНДІ АРАЛАДЫ

#Байзақ: ЭТНО ТАРИХИ КЕШЕНДІ АРАЛАДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы мен III аймаққа қарасты ауыл имамдары «Дархан дала» жобасы аясында тұғыры биік Тектұрмас этно тарихи кешенін аралап, Әулие ата ескерткішіне зиярат жасады.

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы». Тұңғыш президентіміз осылай деп бағалаған, байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Бүгінде жаңаша кейіпке еніп, жаңғыра түскен тарихи қала облыс айнасына айналғаны ақиқат.
Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деген еді. Осы тапсырманы жүзеге асыру барысында Жамбыл облысы соңғы бірнеше жылда қайта түледі. Мәдени-рухани-тарихи нысандар бірінен соң бірі бой көтере бастады. Оның ішінде шоқтығы биігі, тағлымы бөлек «Тектұрмас» этно-тарихи кешені.

Кешенге кіреберістен басталатын баспалдақтар мен кешен ішіндегі жолдардың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Яғни құрылысқа қажетті материалдар киелі жердің өзінен алынып отыр. Баспалдақтың екі жағындағы ежелгі петроглифтермен әшекейленген арнайы ақ тастардан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан Тараз тарихының тұлғалары – он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған.


1. Алып Ер Тоңға (б.д.д. VIII-VII ғғ.) – аты аңызға айналған Тұран билеушісі.
2. Шу Қаған (б.д.д. IV-III ғғ.) – ежелгі сақ дәуіріндегі билеуші.
3. Шөже (б.д.д. І ғ.) – қаған. Ежелгі Тараздың іргетасын қалаушы.
4. Естемі (VI ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты.
5. Тон Йабғұ (VIІ ғ.) – қаған. Батыс Түркі қағанаты.
6. Сұлу (VIІІ ғ.) – қаған. Түргеш қағанаты.
7. Сатұқ Боғра (Х ғ.) – қаған. Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы.
8. Шах Мансұр (ХІ ғ.) – қаған. Қарахан мемлекеті.
9. Тектұрмас (ХІ ғ.) – Діндар. Абыз.
10. Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.) – әйгілі шығыс ойшылы, «Құтты білікті» жазған.
11. Махмұд Қашқари (ХІ ғ.) – атақты «Диуани лұғат ат түрк» энциклопедиясын құрастырушы, түркі ғалымы.
12. Дәуітбек-Дадбек (ХІІI ғ.) – ұлы билеуші. Текті қолбасшы. ғалым. Қылыш пен қалам иесі.
13. Қайду (хІІІ ғ.) – Хан. Талас Құрылтайын ұйымдастырушы.
14. Захир Әд-Дин Бабыр (ХV-ХVІ ғғ.) – Моғолстан мемлекетінің негізін қалаушы.

Осы қағандар мен ғұламаларды тамашалап, баспалдақпен жоғары көтерілсеңіз, Тараз қаласының негізгі символы – ұлы бабамыз Әулие-атаның еңселі ескерткіші алдыңыздан шығады. Салмағы 10 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіштің постаментінің биіктігі — 8 метр, ал мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Алып тұлғаның болмысын барынша ашуға басымдық берілген. Мүсіннің әр бедер, бөлік, кескіндемелеріне дейін аса ыждаһаттылықпен, ерекше ықыласпен сомдалған. Мәселен белдігі құдірет пен биліктің, ал ақ сақалы ұлылық пен даналықтың символын суреттейді. Батысқа байыппен қараған ұлы бабамыз, Тараз қаласы халқының бақуатты және берекелі өмір сүруіне өз батасын беріп тұрғандай. Айта кетерлігі бұл алып ескерткіш биіктігі мен салмағы жағынан да республикадағы ең үлкені. Одан беріде, «Тектұрмас» тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған тамашалау алаңшасы орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараз қаласының тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік жасалған.        

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: