Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде құрбан айт намазы оқылды. Айт намазына жиналған халыққа аудан бас имамы Қанат Әділханұлы «Құрбандық шалудың тәртібі» жайында насихат айтты.
Насихат барысында Қанат Әділханұлы: «Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шынында, Біз саған кәусәрді бердік. Сондықтан Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал. Ақиқатында, сені кемсітушілердің өздері ұрпақсыз қалады», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағаланың алдындағы ен қайырлы күндер ол – құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-ші жұлдызы», – деген. Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймыз! Айт қабыл болсын!
Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың (шалынған құрбандықтың) еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің). Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл істі риясыз оймен орындайды», - деді.
Насихат соңында Қанат Әділханұлы айт намазының оқылу тәртібін айтып, жамағатпен бірге намаз оқып, елдің амандығы үшін дұға жасады.