Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Азамат Боранбайұлы Сарыкемер ауылдық «Ар Рахман» мешітінде құрбан айт намазын өткізді.
Айт намазында Азамат Боранбайұлы: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген. Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Сол себепті де жоғарыдағы айтылған құрбандық шалу үшін қажетті шарттар болмаса, адамның нисап мөлшеріне жететін қаржысы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ қажетті шарттардың барлығы орындала тұра, құрбандық шалмау дұрыс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деді.