Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылдық округінің халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Айтулы шараға Жетібай ауылдық «Ақыл ата» мешітінің имамы Қадірбек Әбенұлы қатысып, марқұмдарға Құран аяттарын оқып, сауабын бағыштады.
1997 жылдан бастап, «31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілген болатын.
1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» атты өлеңінде:
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген – деп жырлағандай, қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Алайда, тоталитарлық саясаттың машинасы бәрінен асып түсті. Қазір осы датаны аза тұту күні ретінде атап өту парызымыз. Себебі өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ. Сондықтан мамырдың 31-і күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер өтіп, түрлі іс-шаралар болып отырады.