Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылы «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйытқы болуымен әлем чемпионы Асланбек Шынбергенұлының ұйымдастыруымен «Ислам және дәстүр құндылықтары» жылы аясында көкпар ойыны өтті.
Айтулы шараға республикалық ақпараттық насихат тобының (РАНТ) мүшесі, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлы қатысып, «Дін мен дәстүр егіз ұғым» тақырыбында насихат айтты.
Нұрәлі Бақытұлы насихатында: «Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.
Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла Тағала Құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аятта қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр», - деді.